Accessibility links

AI: Қазақстан қамаудағы қатыгездіктен бас тартсын


Бүлік шыққан түрмедегі туысының амандығын біле алмай жылап отырған жас әйел. Астана, 14 тамыз 2010 жыл. Көрнекі сурет
Бүлік шыққан түрмедегі туысының амандығын біле алмай жылап отырған жас әйел. Астана, 14 тамыз 2010 жыл. Көрнекі сурет

Азаттық мамырдың 23-і күні әлемдегі адам құқықтары ахуалы бойынша жылдық есебін жариялаған Amnesty International ұйымының өкілінен Қазақстандағы жағдай бойынша сұхбат алды.

Amnesty International (AI) ұйымы өзінің кезекті жылдық есебінде Қазақстандағы адам құқықтары ахуалын тағы да сынға алды. Ұйымның Еуропа мен Орталық Азия бағдарламасы директорының орынбасары Дэвид Диазбен арадағы сұхбатымызда мамырдың 23-і жарияланған есептің ерекшеліктері мен халықаралық ұйымның ықпал ету тетіктері сөз болды.

Азаттық: - Мамырдың 22-сі күні жергілікті оқиға туралы репортаж жасау барысында полиция Азаттықтың Астанадағы тілшісін наразылық танытушылармен бірге ұстап әкетіп, бірнеше сағат бойы еш себепсіз қамауға алды. Елдегі тәуелсіз және оппозициялық журналистер осы типтес қысым мен шектеуге жиі ұшырайды. Мұндай ахуалға қатысты Amnesty International сияқты халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылардың сынына Қазақстан үкіметі құлақ асуы үшін не жасалуы керек деп ойлайсыз?

Дэвид Диаз: - Amnesty International ұйымы Қазақстандағы билік сөз бостандығын құрсау үшін ұлттық қауіпсіздік туралы заңнаманы пайдаланып отыр деп қауіптенеді. Жаңа айтқан Азаттық радиосындағы әріптесіңізге қатысты ахуалды біз әлбетте бақылап отырмыз. БАҚ өкілдері мен олардың туыстарының қандай жәбір көріп, сотқа тартылып жатқанын көріп отырмыз. 8 газет пен 23 вебсайттың, 2 тәуелсіз интернет-телеарнаның прокуратураның талабына сәйкес сот шешімі бойынша жабылғанын білеміз. Режимді сынаған кез-келген адамның өте қиын жағдайға душар болатыны қорқынышты.
Жабылған оппозициялық "Голос Республики" газетінің журналистері сот залында наразылық танытып тұр. Алматы, 6 желтоқсан 2012 жыл
Жабылған оппозициялық "Голос Республики" газетінің журналистері сот залында наразылық танытып тұр. Алматы, 6 желтоқсан 2012 жыл

Азаттық: - Биыл жариялап отырған есептеріңіздің жаңалығы не?

Дэвид Диаз: - Есепте біз алаңдайтын бірнеше сала қамтылған. Сөз бостандығы мен режимді сынайтын кез-келген БАҚ-ты биліктің тұншықтыратыны айтылған. Жаңаөзен оқиғасына байланысты тиісті адамдардың жазаланбауы да бар. Осы оқиға кезінде артық күш қолданылып, адамдардың азапталғаны туралы хабарланды. Алайда бір-ақ адам жазаға тартылды. Оның өзінде азаптауға қатысты емес, өкілетін асыра пайдаланғаны үшін. Роза Төлетаева сияқты көптеген қамаудағы немесе уақытша қамауда болған адамдар азапталғандары туралы шағымдар түсірді. Соған қарамастан екі мәселеге қатысты Қазақстан үкіметі жан-жақты тексеру жасамады. Біріншісі – полицияның қамау орындарындағы жүйелі түрде азаптау мен қорлау, екіншісі – Жаңаөзен оқиғасы кезінде алаңда нақты қанша адам өлгенінің анықталмауы.

Азаттық: - Осыған ұқсас алаңдау, мәлімдемелер мен ұсыныстар былтырғы есептеріңізде де жарияланған еді. Amnesty International-дың мұндай есептері қаншалықты әсер етті және Қазақстан үкіметі бұған қандай реакция танытты?

Дэвид Диаз: - Жаңаөзен оқиғасынан кейін бір жыл өткесін Қазақстанға арнайы зерттеу жасау үшін барып, билік өкілдерімен диалог орнатуға тырыстық. Диалог әлі ашық күйде тұр. Бірақ конструктивтік емес-ау деп қауіптенем. Сол себепті біз биылғы шілде айында тағы бір мәрте қамау орындарындағы азаптау туралы жеке есепті жария етпекшіміз. Оған Жаңаөзен оқиғасынан беріде тіркелген шағымдар кіреді. Қатаң режимдегі өте қиын жағдайда, жеке қамауда отырған Арон Атабектің жағдайын да атап өтпекпіз.
Арон Атабек, Шаңырақ оқиғасы кезінде наразы тұрғындарды жақтаған қоғамдық белсенді. Алматы, 5 қазан 2007 жыл
Арон Атабек, Шаңырақ оқиғасы кезінде наразы тұрғындарды жақтаған қоғамдық белсенді. Алматы, 5 қазан 2007 жыл

36 жастағы сал болып қалған бір тұтқынның 11 айдан артық уақыт бойы жеке камераға қамалғанына да назар аудармақпыз. Қазақстан мұндай адамгершілікке жат, қатыгез жазалау түрінен бас тартуы тиіс. Қазақстан халықаралық аренада өте позитивтік бейнесін қалыптастырғысы келеді. Ол бейнесін сөз бостандығын тудыру, әділетсіз сот үкімдерін болдырмау және Жаңаөзен бойынша жазықтыларды жазалау арқылы қалыптастыруы керек.

Азаттық: - Бұл ахуалды жақсарту үшін Қазақстан билігіне нақты ықпал ету тетіктері бар ма? Amnesty International сияқты халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар не ұсына алады, қалай ықпал ете алады?

Дэвид Диаз: - Зерттеуімізді барынша толымды және тәуелсіз түрде жасап, оны тек Қазақстан билігіне емес, Ресей, Еуропа Одағы мен АҚШ сияқты негізгі саяси ойыншыларға тараттық. Брюссельге ЕО-ның Қазақстан билігімен осы мәселе бойынша ашық сөйлеспеуіне қатысты сын айттық. ЕО-ның сыртқы саясат бойынша өкілі Кэтрин Эштонның осыған қатысты мәселе көтеруге құлықсыз болғанын, Қазақстанға барып тұрып, лауазымды тұлғалармен кездесіп тұрып Жаңаөзендегі ереуілшілерді өлтіру әрекетін қоғам алдында айыптамауын қатаң түрде сынадық. ЕО-ның бұл мәселеге дұрыс көңіл бөлмей отырғаны туралы үнемі айтып келеміз.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.
XS
SM
MD
LG