Accessibility links

Жер шалғайлығы Эболадан қорғай алмайды


Вирустан қорғанатын маска киген медициналық қызметкер. (Көрнекі сурет)
Вирустан қорғанатын маска киген медициналық қызметкер. (Көрнекі сурет)

Еуразияның көп елдерінде тұрғындар «Африка құрлығынан шалғай жатқан бізге Эбола вирусы жұқпайды» деп ойлайды. Расымен солай ма?

АЛЫСТАҒЫ ЕЛГЕ ҚАУІП ЖОҚ ПА?

– Вирус жұқтырған адамдар біздің елге келеді деп ойламаймын. Бізде Африкадан келіп жатқандар көп емес қой, - дейді Ереван тұрғыны.

Еуразия елдерінде тұратын жұрт арасында «сонау Африкада тараған Эбола індеті бізге жетпейді» деп ойлайтындар көп.

Сараево қаласының тұрғыны Суад Ходжич «жұқпалы дерттің тез таралатынына алаңдаймын, бірақ алыста тарап жатқан вирустан әлдебір қауіп төнеді деп қорықпаймын» дейді. Ол «вирус сілекей немесе шырыш қабаты арқылы жұғады деп хабарлап жатыр, сондықтан өзіме де, туыстарыма да жұқпайды» дейді.

Бірақ жұрттың көбінің «Батыс Африкадағы індет ошағынан алыс болсақ, вирус жұқпайды» деп ойлауы жаңсақтық болып шығуы мүмкін.

ІНДЕТТІҢ ӘЛЕМГЕ ТАРАУ ҚАУПІ

Халықаралық ортада беделді Lancet журналда жарияланған зерттеу нәтижелеріне қарағанда, індет ең көп тараған Гвинея, Сьерра Леоне және Либерия сияқты елдерде эпидемия өршіп кетсе, ай сайын шамамен халықаралық үш саяхатшы Эбола вирусын таратушыға айналуы мүмкін. Еуропаның ірі транзит елдері арқылы өткен кез келген науқас жолаушы әлемнің басқа нүктесіне бара жатқан адамға вирусты жол-жөнекей жұқтыруы ықтимал.

Фотогалерея: Эбола әлемге тарап жатыр

Індеттен қауіптенген Еуразияның көп елдері әуе жолымен келетін жолаушылардың дене қызуын тексере бастады. Эбола вирусының ерте білінетін белгілерінің бірі – науқастың дене қызуы көтеріледі.

Бірақ көп елдердің денсаулық сақтау саласының өкілдері індеттің таралу ықтималдығына қатысты комментарий беруге құлық танытпайды. Бұл жайт алда-жалда осы елдерде вирус анықталған жағдайда елдің медициналық жүйесі онымен күреске қаншалықты әзір деген ой тудырады.

ВИРУСҚА ӘЗІРЛІК ҚАНДАЙ?

Мысалы, Қазақстанда денсаулық сақтау министрлігі халықаралық рейспен ұшып келген бүкіл жолаушыларды тексеру үшін әуежайларда жылу сканерлері пайдаланылады деп хабарлаған.

Әлемде «доңыз тұмауы» індеті тараған кезде беттеріне маска таққан Алматы әуежайының қызметкерлері. 30 шілде 2009 жыл.
Әлемде «доңыз тұмауы» індеті тараған кезде беттеріне маска таққан Алматы әуежайының қызметкерлері. 30 шілде 2009 жыл.

Бірақ, министрлік қызметкерлері Азаттықтың «Елде вирус жұқтырған адамдар анықталған жағдайда қандай шаралар қолданбақсыздар?» деген сұрағына «Қанша науқас болса да карантинде ұстауға елде аурухана мен орын жетеді және науқастарға күтім жасайтын медициналық қызметкерлерге арналған биологиялық арнайы қорғаныс костюмдеріміз де жеткілікті» деп жауап бергенімен, толық ақпарат беруден бас тартты.

Қазақстан үкіметі БҰҰ-ның Эболамен күрес миссиясының қызметін қаржыландыру үшін БҰҰ-ның қауіпті вируспен күресу жөніндегі ерікті көпәріптестік қорына қаражат бөлді деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігі. Бұл қордың мақсаты – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша, індетті тоқтату үшін қажет 1 миллиард АҚШ долларын 2014 жылғы қараша айының басына дейін жинау екені айтылған.

Эбола туралы Алматы тұрғындарының пікірі. 22 қазан 2014 жыл

Эбола жөнінде не білесіз?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:16 0:00
Жүктеп алу

​Қатерлі вирусқа қатысты сауалға Беларусь елінің ресми тұлғалары да нақты жауап берген жоқ. Жуырда Минск қаласында денсаулық сақтау министрінің орынбасары Игорь Хаевский журналистерге тек «елдің денсаулық сақтау жүйесі вирус келсе, төтеп беруге әзір» деп мәлімдеген.

Эпидемия ошағынан шалғай жатқан елдерге арналған нақты халықаралық нұсқаулар жоқ болғандықтан, бұл елдердің Эбола індетінің таралу қаупіне қаншалықты әзір екенін тәуелсіз тұрғыдан анықтау қиын.

ДСҰ КЕҢЕСТЕРІ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) Эбола ошағынан шалғайда жатқан барлық елдерді вирустан сақ болуға және «вирус жұқтырған бірер адам» мен олармен байланыста болған жандарды емдеуге арналған құралдарды әзірлеп отыруға шақырады. Бірақ ДСҰ мамандары «елдегі халық санына қарай белгілі бір орын бөлу қажет деген кеңес бермейміз, бұл мәселені жергілікті билік шешуі тиіс» деп есептейді.

Әр елде қанша қорғаныс костюмі болуы тиіс және олар қандай талаптарға сай болуы керектігі жөнінде де кеңес бермеген ДСҰ мамандары «олардың жарамдылық мерзімі өтіп кетпесе болды» деумен шектеледі.

Либерияда жергілікті дәрігерлерге Эбола вирусына қарсы сақтық шараларын үйретіп жатқан маман.
Либерияда жергілікті дәрігерлерге Эбола вирусына қарсы сақтық шараларын үйретіп жатқан маман.

– Инфекцияның таралуына жол бермеу және денсаулық сақтау мекемелері бұл қауіпті бақылауында ұстауы үшін нақты бағдарламалар болуы тиіс. Денсаулықты қорғаудың қауіпсіз ережелерін ұстану мен індеттің таралу қаупіне қарсы әзірлік шаралары Эбола сияқты кез келген қоздырғыштың алдын алып, таралуына жол бермеуі мүмкін, - дейді ДСҰ өкілі Кристина Салви Азаттық тілшісіне.

Денсаулық сақтау саласы ресми тұлғаларының айтуынша, 2003 жылы тараған SARS, 2005 жылы тараған H5N1 «құс тұмауы» вирусы және 2009 жылы шыққан H1N1 «шошқа тұмауы» сияқты кез келген инфекциялық індеттің таралуына әзір болудың маңыздылығын қазір бүкіл әлем түсініп отыр.

Бірақ медицина саласының басшылығына білінбей бүкіл әлемге тарайтын кез келген жаңа вирус орасан шығын әкелуі мүмкін екенін кезінде ВИЧ/СПИД індеті көрсеткен.

САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ

Денсаулық сақтау министрліктері Эбола вирусына қарсы тұруға әзірміз дегенді ашық айтатын елдердегі жағдай әрқилы.

Эбола індетінің алдын алу жөніндегі шараға қатысушылар. Украина, 23 қазан 2014 жыл.
Эбола індетінің алдын алу жөніндегі шараға қатысушылар. Украина, 23 қазан 2014 жыл.

Украинада денсаулық сақтау саласының ресми тұлғалары вирустың алдын алудың алғашқы қорғаныс шарасы ретінде Киевтегі екі халықаралық әуежайда карантин станциялары барын және қалалық екі аурухананың инфекциялық бөлімшелерінде 132 орын қарастырылғанын айтады.

Армения астанасы Ереванның бас инфекциялық ауруханасы 60 науқасқа дейін қабылдай алады, ал Ауғанстанда Кабулдың екі ауруханасынан бұл мақсатқа 80 орын бөлінген.

Әзербайжан астанасы Бакудің бас ауруханасында бір кісілік сегіз оқшаулау палатасы бар.

Бірақ, инфекцияның таралуының алдын алу үшін қоғамға денсаулық сақтау органдарымен байланыс орнатудың маңызын түсіндіретін ауқымды ақпараттық науқан жүргізіп жатқан елдер аз.

Денсаулық сақтау саласының кейбір қызметкерлерінің хабарлауынша, Пәкістанда мұндай ақпараттың тапшылығы салдарынан қауіпті тенденция пайда болуы мүмкін.

Эбола вирусының микроскоппен қарағандағы түрі.
Эбола вирусының микроскоппен қарағандағы түрі.

Құрамына Карачи аймағы кіретін Синдх провинциясындағы денсаулық сақтау департаменті хатшысының Азаттықтың Пәкістан қызметіне айтуынша, БҰҰ-ның Африкадағы бітімгерлік миссиясынан оралған Пәкістан сарбаздары әуежайдағы сканерден өтпейді. Бұл кейбір адамдар үшін қолайсыздықты азайтқанымен, вирустың Пәкістанға байқалмай келу қаупін ұлғайтады.

Азаттықтың Пәкістан қызметінің Исламабад қаласында жүргізген сауалнамасы жұрттың Эбола вирусы туралы баспасөзден хабардар болғанымен, көбі «алыста жатқан Африкадағы індеттің маған қатысы жоқ» деп есептейтінін көрсетті.

Қазірге дейін Эбола вирусы Африкадан тыс екі елде – Испания мен АҚШ-та адамнан адамға жұққаны анықталып отыр. Вирус Африканың батысынан Эбола дертіне шалдығып келген науқастарға күтім жасаған медициналық қызметкерлерге жұққан.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын орыс тілінен аударған – Айжан Оралғазы).

XS
SM
MD
LG