Accessibility links

Украинадағы Еуро-турнирге келмейміз деушілер көбейді


Дидье Рейндерс, Бельгияның сыртқы істер министрі. Брюссель, 29 қыркүйек 2008 жыл.
Дидье Рейндерс, Бельгияның сыртқы істер министрі. Брюссель, 29 қыркүйек 2008 жыл.

Футболдан Еуропа чемпионатының Украинада өтетін ойындарын келіп көрмейміз деп мәлімдеген саясаткерлердің саны артып келеді. Олардың барлығы дерлік елдегі адам құқықтарының тапталуы мен Юлия Тимошенконың ахуалына байланысты наразылық танытып отыр.

Голландияның сыртқы істер министрі Ури Розентальдың мәлімдеуінше, Нидерланд королінің отбасы мен елдің үкіметі Украинада өтетін турнирге бармауы мүмкін. Осылайша Германия канцлері Ангела Меркель бастаған наразылық таныту акциясына қатысатындар саны көбейіп барады.

ЖАППАЙ БАС ТАРТУ

Голландияның сыртқы істер министрі мамырдың 2-сі күні жергілікті ақпарат агенттігіне берген сұхбатында «Егер Тимошенкоға қатысты жағдай оңалмаса, министрлер кабинеті және король отбасының мүшелері түгелімен Украинаға бармайды. Дегенмен Голландия құрамасы жарысқа қатысады» деді.
Бұған дейін Украинадағы футбол додасына Германия канцлері Ангела Меркель мен Еурокомиссияның төрағасы Жозе Мануэл Баррозу бармаймыз деп мәлімдеген еді.
Түрмедегі бұрынғы Украина премьер-министрі Юлия Тимошенконың жақтастары Харьков сотының алдында наразылық акциясын өткізіп тұр. Харьков, 20 сәуір 2012 жыл
Түрмедегі бұрынғы Украина премьер-министрі Юлия Тимошенконың жақтастары Харьков сотының алдында наразылық акциясын өткізіп тұр. Харьков, 20 сәуір 2012 жыл

Бұған қоса мамырдың 2-сі күні Австрияның қорғаныс министрі Норберт Дарабос та Украинада өтетін бірде-бір ойынға бармайтынын хабарлады. Дарабос маусымның 1-і күні Инсбрук қаласында өтетін Австрия мен Украина арасындағы футболдан жолдастық матчқа да қатыспайды. Бұған қоса, Бельгияның сыртқы істер министрі Дидье Рейндерс те Украинаға футбол көру үшін сапар шекпейтінін айтты.

Ал италиялық Іl Мessaggero басылымының жазуынша, Италияда да қазір Украинадағы Еуро-турнирге байкот жариялау мәселесі қаралып жатыр. Италия парламенті төменгі палатасының экс-спикері Фердинандо Казини италиялық шенеуніктерді Украинаға бармауға шақырды.

УЕФА: ЧЕМПИОНАТ ШЕГЕРІЛУІ МҮМКІН

Ресми УЕФА өкілдері Украинадағы жағдайды мұқият бақылап отырғандарын мәлімдеді. Еуропа футбол қауымдастығының операциялық директоры Мартин Каллен Eurosport.com сайтына берген сұхбатында: «Украинадағы жағдай тұрақталмаса біз Еуропа чемпионатын биыл өткізбейміз. Биылғы біріншілік келер жылға шегерілуі мүмкін. Бірақ дәл қазір Еуро-турнир өтпейді деп кесу айтуға келмес, бар жағдайды жан-жақты қарастырамыз» деген. Ал Испания футбол федерациясының президенті Анхель Мария Вильяр Украина мен Польшаның орнына Еуропа чемпионатын өткізуге дайын екендіктерін мәлімдеген.

СПОРТТАҒЫ САЯСИ БОЙКОТТАР

Саяси себептерге байланысты ірі халықаралық жарыстарға қатысудан бас тарту – қазіргі заман тарихына тән белгілі тәсіл. 1956 жылы әлемдегі бірнеше мемлекет Австралияның Мельбурн қаласында өткен олимпиада ойындарына бойкот жариялады. Бір қызығы, бұл бойкотқа Австралияның қатысы жоқ еді. Испания мен Швейцария елдері Венгриядағы саяси толқуларға наразылық білдіріп, ойындардан бас тартты. Ал Египет, Камбоджа, Ливан және Ирак Израиль әскерінің Синай аралын басып алғанына наразы болып, олимпиадаға келмей қойды.
Олимпиада алдындағы Кутузов проспектісі. Мәскеу, 8 шілде 1980 жыл.
Олимпиада алдындағы Кутузов проспектісі. Мәскеу, 8 шілде 1980 жыл.

Ал 1970 жылы бүкіл әлем Оңтүстік Африка Республикасына бойкот жариялады. Әлем елдері бұл елде адам құқықтары тапталып жатыр деп шулады. ОАР әлемдік деңгейдегі жарыстардан төрт жылға шеттетілді. 1980 жылы 60-қа жуық мемлекет СССР-да өткен олимпиадаға қарсы болды. Совет елі Ауғанстанға негізсіз соғыс жариялады деп айыпталды. Осының кесірінен Мәскеу олимпиадасына АҚШ пен ФРГ бастап 50 астам ел бойкот жариялап, қатыспай қойды. Бұл әрекетке қарсылық ретінде СССР өзінің спортшыларын 1984 жылы Лос-Анджелес қаласында өткен олимпиадаға жібермеді.
XS
SM
MD
LG