Accessibility links

Иранның санкциядан құтылуының Қазақстанға не әсері бар?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Сарапшылардың пікірінше, санкциядан босаған Иранның мұнайы халықаралық нарықта қазақстандық көмірсутегі шикізатының саудасына әсер етеді.

Батыс "Тегеран ядролық бағдарламасына қатысты мойнына алған халықаралық міндеттемелерді орындағандықтан" Иранға қарсы салған санкциясын алып тастады.

Осы кезге дейін халықаралық қауымдастық оқшау қалдырып келген Иран санциялар алынған соң шетелдік банктердегі өзіне тиесілі миллиардтаған долларға бағаланатын активтерге қол жеткізіп, мұнайын экспортқа шығаруға мүмкіндік алады. Санкция алынғаннан кейін Иран билігі күніне 500 мың баррельден астам мұнай шығаруға әзір екенін айтты.

Ираннан санкцияның алынуы халықаралық биржадағы мұнай бағасын одан әрі құлдилатты. Дүйсенбі күні Лондон қор биржасында Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 27,72 доллардан сатылды.

ҚАЗАҚСТАНҒА НЕНДЕЙ ӘСЕРІ БАР?

Қазақстандық экономист Сергей Смирновтың айтуынша, Иранның санкциядан құтылуы мұнайы өзге елдермен салыстырғанда қымбаттау Қазақстанның халықаралық нарықтағы саудасына әсер етеді.

Иран президенті Хассан Роухани баспасөз жиынында сөйлеп отыр. Тегеран, 17 қаңтар 2016 жыл.
Иран президенті Хассан Роухани баспасөз жиынында сөйлеп отыр. Тегеран, 17 қаңтар 2016 жыл.

- Араб мұнайының өзіндік құны 10 доллардан кем. Иранда да сондай. Ресми дерек бойынша, біздің Теңізден шығатын мұнайдыңбір баррелі - 20 доллар, Өзеннің мұнайы - 70-80 доллар, Қашаған мұнайы – 100 доллар, - дейді экономист.

Оның айтуынша, Иран мен Сауд Арабиясы Еуропаға шығаратын мұнай көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Иран санкция барысында жоғалтқанын қайта қалпына келтіруге ұмтылса, Сауд Арабиясы Польша, Швеция сияқты жаңа тұтынушы тапқан. Бұл Қазақстанның халықаралық нарықтағы жағдайын шиеленістіре түседі.

- Ресей де мұнай бағасы баррелі 15 доллар болғанға дейін шыдас бере алатынын мәлімдеген. Ал Қазақстан мұндай бағаға келісе алмайды. Егер әрі қарай да мұнай бағасы арзандай берсе, экспорт көлемін азайтамыз. Мұнайды 10-15 долларға сата аламыз деп ойламаймын. Соның салдарынан бюджет азаяды, тағы басқа салдары болады, - дейді экономист.

Экономист Сергей Смирновтың болжамынша, алдағы уақытта мұнай бағасы сәл қалпына келгенімен, Иран нарыққа шикізатын шығара бастаған кезде әрі қарай төмендей бермек.

МҰНАЙДА БӘСЕКЕЛЕС ЕКІ ЕЛДІҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

2015 жылы күзде өткен Қазақстан-Иран үкіметаралық жиынында екі ел арасындағы тауар айналымының жарты жыл ішінде 360 миллион долларға жеткені айтылды. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 37 пайызға кем. Экономистердің айтуынша, Ираннан санкцияның алынуы Қазақстан мен Иран арасындағы байланысқа да біраз әсер етеді.

Қазақстан мен Иран арасында жүк тасымалдаумен айналысатын компанияның есімін таныстырмаған өкілі «санкция алынғаннан кейін төлем процестерінің жеңілдей түсетінін» айтады.

Солдан оңға: Қазақстан мен Түркіменстан және Иран президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов және Хассан Роухани Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолының ашылу салтанатында тұр. Түркіменстан, 3 желтоқсан 2014 жыл.
Солдан оңға: Қазақстан мен Түркіменстан және Иран президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов және Хассан Роухани Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолының ашылу салтанатында тұр. Түркіменстан, 3 желтоқсан 2014 жыл.

- Шын мәнінде оның бізге әсері онша білінбейді. Тек бір нәрсе ғана - төлем жағы жеңілдейді. Енді Иранның тасымалдаушыларына ашық түрде ақша аудара аламыз, олар еркін қабылдай алатын болады. Бұрындары бұл қиын болатын. Бұл - кәдімгідей үлкен жеңілдік, - дейді компания өкілі Азаттық тілшісіне.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы қазіргі заман зерттеулері институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров «енді Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынас, әсіресе сауда жандана бастайды» деп есептейді.

- 2014 жылдың желтоқсан айында іске қосылған Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржол магистраліне байланысты Иран бағытында (тауар көлемі– ред.) көбейеді деген болжам бар. Бұл теміржол тармағы қазақстандық бидай экспортын ұлғайтуға бағытталған, - дейді Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.

Қазір Қазақстан Иранға негізінен бидай, бірқатар шикі мұнай өнімдері, бағалы металдар экспорттайды. Ал Ираннан Қазақстанға жеміс-жидек, көкөніс, тұрмыстық және құрылыс заттары импортталады.

«Қазақстанның Иранға ұсынатын заттары аз» екенін айтқан бұрынғы дипломаты Қазбек Бейсебаев екі елдің байланысы тек импортпен ғана шектелмеуі керек деп санайды.

Иран газеттерінің бірінің елден санкция алынғаннан кейінгі саны. 18 қаңтар 2016 жыл.
Иран газеттерінің бірінің елден санкция алынғаннан кейінгі саны. 18 қаңтар 2016 жыл.

- Қазір санкция алынды ғой. Иранда қазір Батыс Еуропаның өкілдері де толып жатыр. Өйткені ол жерде бизнес жасауға болады. Біздікілер де соған тырысуы керек. Иранмен саяси жағынан, сауда қарым-қатынас жағынан барлық жағынан жақсы, еш проблема жоқ. Бірақ оны дамыту керек, - дейді ол.

2015 жылы 15 шілдеде Иран мен әлемдік «алтылықтың» Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөзі нәтижелі аяқталып, тараптар келісім жасасқан еді. Оған сәйкес Иран өз аумағындағы ядролық нысандарға Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) тексерушілерін жіберуге, ал Батыс елдері Иранға салынған санкцияларды біртіндеп алып тастауға міндеттеме алған. МАГАТЭ 16 қаңтарда Иран үкіметі ядролық бағдарламасына қатысты мойнына алған халықаралық міндеттемелерді орындағанын жариялаған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG