Accessibility links

Мәскеудің қаралауы Черногорияның туризміне әсер етпеді


Черногориядағы жағажайлардың бірі.

Ресей билігі Черногория туралы жағымсыз пікір қалыптастырғысы келсе де, Балқандағы бұл елге демалуға баратын ресейліктер азайған жоқ.

Өткен аптада Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Черногория (Монтенегро) басшылығын «Ресейге қарсы истерияны қоздырып отыр» деп айыптап, «бұл елге барған Ресей азаматтарын арандату, күмәнді себептермен тұтқындау, оларды үшінші елдерге беру әрекеттері болуы мүмкін» деп ескертті.

Бұған бірден жауап берген Черногория сыртқы істер министрлігі Ресей бизнесмендері мен туристерінің қысым көріп не жергілікті тұрғындардан жапа шегіп жатқаны туралы ешқандай нақты дерек жоқ екенін айтты. Министрліктің мәлімдемесінде: «Сондықтан бұл Черногорияның НАТО-ға кіруіне тосқауыл қою мақсатында Мәскеу ұйымдастырып жатқан манипуляция мен ақпараттық соғыстан баста ештеңе емес» делінген.

Мәскеудің Ресей азаматтарына жасаған ескертуін Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары да іліп әкетіп, Черногорияны «қылмыс жайлаған, миналар шашылып жатқан, жағалаулары қоқысқа толы ел» деп суреттеді.

Черногориядағы Словенска жағажайы.
Черногориядағы Словенска жағажайы.

Бұған дейін Черногорияны туристер барып демалуға ең ыңғайлы ел деп сипаттап келген Ресейдің бұлайша өзгеруі Балқандағы бұл елдің НАТО-ға кіру ниетіне байланысты болса керек.

Черногория НАТО-ға кірудің ұзақ та бұралаң жолын артқа тастап, жақында осы альянсқа 29-ел болып қосылмақ. Подгорицадағы үкімет НАТО-ға өтуге наразылық білдірген ішкі-сыртқы қарсыластарымен айқасып-ақ келеді. Былтыр қазанда болған төңкеріс әрекеті де Черногорияны еуроатлантикалық интеграция жолынан тайдыруды көздегендердің әрекеті деген болжам бар.

Шым-шытырығы көп төңкеріс жоспарын жасады деп айыпталған күдіктілердің арасында Черногорияның, Сербияның және Ресейдің азаматтары бар. Бұл істің ақ-қарасын сот қыркүйек айында анықтайды.

Ресей сыртқы саясат мекемесінің өз азаматтарына ескерту жасауы жазғы демалыс кезеңіне дайындалып жатқан Черногорияда біраз дүрбелең тудырды. Елдің басты табыс көзі – туризм. Азаттықтың Подгорицадағы тілшісіне сұхбат берген Черногорияның бұрынғы сыртқы істер министрі Бранко Луковацтың айтуынша, Ресейдегі ақпараттық науқанға қарамастан, бұл елге келіп демалғысы келетін ресейліктер саны азая қойған жоқ.

Черногориядағы Прзно жағажайы.
Черногориядағы Прзно жағажайы.

Ресейдің «Коммерсант» басылымының Подгорицадағы тілшісі Геннадий Сысоевтан Черногориядағы Ресей азаматтарының қауіпсіздігі туралы сұрағанымызда ол мұндай проблема жайлы естімегенін айтты.

– Егер Черногориядағы Ресей азаматы келеңсіз жағдайға ұшыраған болса, бұл әлеуметтік желі арқылы болса да, бірден халыққа тарап кетер еді, – дейді Сысоев.

Оның айтуынша, Черногорияда демалғанды ұнататын ресейліктер Ресей сыртқы істер министрлігі өкілінің мәлімдемесіне наразылық білдірген.

– [Оның сөздеріне] жүздеген адам күмән келтірді. Черногорияда болғандардың ешқайсысы ешқашан мұндайды басынан кешпеген, – деді тілші.

Twitter-дегі қолданушылар «Мен Черногорияда болғанмын» деген хэштегпен бұл елдің әсем табиғатын бейнелейтін суреттер мен видеоларды көптеп сала бастады.

Туристік агенттіктер Черногорияда демалғысы келетін ресейліктерге жолдама сатып әбігер болып жатыр. Жазда Черногорияға демалатын туристердің үштен бірі– Ресей туристері.

Черногорияның туризм өнеркәсібіне тікелей қатысы бар бизнесмен Зарко Радуловичтің болжамына қарағанда, 2017 жыл – 11 жыл бұрын Сербиядан бөлініп шыққан Черногорияның тарихындағы ең табысты жыл болуы тиіс. Мұнда, әрине, ресейлік туристердің де орны бөлек.

Черногориядағы Пезарич жағажайы.
Черногориядағы Пезарич жағажайы.

– Ешқандай тыйым салынбаса, олар Черногорияға қайтып орала береді. Демалыстарына қаражатты өз қалталарынан жұмсайтындықтан, қайда баратындарын үкімет емес, өздері шешеді, сондықтан көбі осында келуді қалайды, – деді Радулович.

Черногорияның 70 шақырымдай ғана болатын Адриат жағалауындағы ең танымал қонақүйлердің бірін басқаратын Радулович Ресейдегі ақпараттық науқан туристердің көңіл-күйіне әсер ете қоймайды деп үміттенеді. СебебіЧерногорияда тұрып жатқан орыстар көп, ал олар шынайы жағдайдың қандай екенін елге жеткізіп отырады.

– Черногорияда НАТО-ны да, ресейлік туристерді де қарсы алуға әзірмін, – дейді Радулович.

Гордана Кнезевичтің блогы ағылшын тілінен аударылды. Автордың көзқарасы редакция ұстанымын білдірмейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG