Accessibility links

Мәскеу әуежайындағы «Калашников» дүкені


Шереметьево халықаралық әуежайы маңынан «Калашников» концерні ашқан дүкеннің алдынан өтіп бара жатқан адам. Мәскеу, 18 тамыз 2016 жыл.
Шереметьево халықаралық әуежайы маңынан «Калашников» концерні ашқан дүкеннің алдынан өтіп бара жатқан адам. Мәскеу, 18 тамыз 2016 жыл.

Мәскеуге жолы түскендерге енді ол жақтан кәдесыйға арақ пен матрешка ғана емес, әуежайдағы дүкеннен Калашников автоматының көшірмесін де сатып алуына болады.

Ресейдің қару шығаратын «Калашников» концерні Мәскеудің орталығынан - Шереметьево халықаралық әуежайына жолаушы тасымалдайтын жүрдек пойыздың терминалынан арнайы дүкен ашты.

Қалам, сөмке, қалпақ сияқты естелік заттармен қоса бұл дүкенде автомат пен тапаншалардың макеттері де сатылады. Пластмассадан жасалған ойыншықтан оқ атылмайды, оған арнайы лицензияның да қажеті жоқ. Десе де, жай көзге олар нағыз қару сияқты көрінеді әрі бағасы да арзан емес. Концерннің веб-сайтындағы мәлімет бойынша, «AK-74» автоматының көшірмесі 34500 рубль (540 АҚШ доллары) тұрады.

Оқпанында «дыбыс бәсеңдеткіші» бар «MP-654K» тапаншасының көшірмесін 7300 рубльге (115 АҚШ доллары) сатып алуға болады.

Бұл дүкенде, сондай-ақ, әлемдегі ең әйгілі қарулардың бірі – «AK-47» автоматының логотибі бейнеленген жейделер, флеш-карталар, әмияндар, тіпті камуфляж күртелер де сатылады. «AK» таңбасындағы «К» әрпі әйгілі автоматтың пішініне ұқсастырылып, бүкір етіп салынған. Жейделерге «Мен АК-ны сүйемін», «Мен сенің әкеңмін» деген сөздер жазылып, автоматты қарудың суреті басылған.

Арнайы баспасөз хабарламасында коцерннің маркетинг бойынша директоры Владимир Дмитриев: «Ресейдің атын естігенде көп жұрттың есіне бірден «Калашников» түседі, себебі ол – әйгілі брендтердің бірі. Сондықтан Ресейге келген әр адамның біздің компания брендтері бар естеліктерді алып кетуіне мүмкіндік жасаймыз», - дейді.

ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕСІ

Дегенмен, ойыншық қару сатып алғандар оны тек жүк ретінде тіркеп, тасымалдай алады. Ресейдің ұлттық «Аэрофлот» компаниясы да, Шереметьево әуежайының қауіпсіздік қызметі де ойыншық қаруды жүкпен жөнелтуге ғана рұқсат береді. Әуежайдағы тексеру барысында қызметкерлер «қарудың» құжаттарын, оны сатып алғандағы чектерді талап етуі мүмкін.

Мәскеудің Шереметьево әуежайындағы «Калашников» концерні дүкені.
Мәскеудің Шереметьево әуежайындағы «Калашников» концерні дүкені.

Электронды пошта арқылы хат жолдаған Шереметьево әуежайының басшылығы дүкен орналасқан «Аэроэкспресс» пойыз терминалының әуежайға қарамайтынын, бірақ дүкен ашылған 16 тамыздан бері «ешқандай түсініспеушілік болмағанын» айтты.

«Бірақ, бұл – маңызды мәселе. Жағдайды біздің авиациялық қауіпсіздік қызметі бақылап отырады. Егер түсініспеушілік көбейіп, бұл жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кедергі келтіретін болса, онда коммерциялық әріптестерімізге сатуға болатын өнімдер жөнінде нұсқау беруіміз де мүмкін», - делінген әуежай өкілдерінің хатында.

Басқа әуе компанияларының көпшілігі ойыншық қаруды ұшақ салонына алып кіруге тыйым салады, әуежайлар да мұндай ойыншықтарды ұстап жүруге рұқсат етпейді. «Калашников» кәдесый дүкенінің ашылуы Ресей армиясындағы ерекше серпілістің жалғасы іспетті.

«СЫПАЙЫ АДАМДАРДЫ» ДӘРІПТЕУ

Кремльдің 2014 жылғы наурызда Қырымды аннексиялап алуы Ресейде елдің әскери әл-ауқатының белгісі ретінде бағаланды. Содан бері Мәскеуде Ресей қарулы күштерінің айырым белгілері салынған формалар, президент Владимир Путин мен қорғаныс министрі Сергей Шойгудың суреттері салынған жейделер сатылатын дүкендер көп ашыла бастады. Сондай дүкендердің бірі АҚШ елшілігінің дәл алдынан ашылған.

«Калашников» кәдесый дүкенінің ашылуынан хабар таратқан Ресей ақпарат құралдары оның орналасқан орнына қатысты пікір білдірген жоқ. «РИА Новости» мемлекеттік ақпарат агенттігі «Калашников» құралдары мен ойыншық қаруларды қызықтап ұстап көріп жүргендердің видеосын көрсетті. Және бір репортажда бір қолына автомат, екінші қолына фотоаппарат ұстаған адам суретке түсіп жатыр.

Алайда әлеуметтік желілерде жұртшылық ірі транспорттық торап маңында нағыз қарудан аумайтын ойыншықтарды сату идеясына таңданыс білдіріп жатыр. 2011 жылдың қаңтар айында Мәскеудегі Домодедово әуежайының ұшып келу залында бір жанкеншті өзін өзі жарып, 37 кісі қаза тапқан. Содан бері әуежайлардағы қауіпсіздік күшейтіліп, металл іздегіш құрылғылар көптеп орнатылған.

«Керемет орынды таңдапты, [қаруды] сатып алып, жолшыбай «дьюти-фриге» кіріп, жолаушылардың зәресін ұшырыңдар», - деп кекесінмен жазыпты Павел Шабля есімді Twitter қолданушы.

Белгілі журналист Виталий Третьяков: «Бақытты жолаушылар осы макеттерімен ұшаққа кіре ме? Ұшақтар ұшпай қалады деп қорықпайсыңдар ма?» - деген сұрақ қояды.

Оған дүкеннің ашылуын қолдайтындардың бірі сыни пікірдің орынсыз екенін айтып жауап жазған. «Бұл макеттер интернетте он жылдан бері сатылып жатыр, бірақ ұшақтар әлі де ұшып жатыр», - деген қарсы уәж білдірген ол.

Мәскеу әуежайлары патриоттық, ұлтшылдық рухтағы жарнама орнына айналғандай. Оларда орнатылған автоматты қондырғыларда Ресей президенті Путиннің суреті салынған жейделер сатылып жатыр. Әсіреұлтшыл ЛДПР партиясының «СССР-дың шекарасын қайтарайық» деген саяси үндеуі де әуежайдағы мониторлардан беріліп тұрады.

Былтыр Шереметьево әуежайындағы сауда орталығының алдында «Ресейліктер – сыпайы адамдар» деген жазу жазылған, биіктігі 2 метрлік картоннан жасалған «солдат» тұрды. Қырымды басып алған ресейлік сарбаздарды жұрт арасында «сыпайы адамдар» деп атап кеткен еді.

(Мақала ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG