Accessibility links

Құпия меморандумда не айтылған?


Дональд Трамптың сайлауалды штабының мүшесіне Ресей барлау қызметі тыңшылық жасады деген құжатты Дональд Трамп әділет министрлігінің қарсылығына қарамастан жариялады.

Вашингтонда "Рашагейт" тергеуін ФБР арам ниетпен бұрмалады деген құжатқа қатысты айтыс-тартыс бір апта бойы басылған жоқ. Конгрестің төменгі палатасының барлау істері комитеті төрағасы Девин Нуньестің аппараты "аса құпия" деген белгі басылған төрт беттен тұратын құжатты комитеттегі республикалық партия мүшелеріне арнап әзірлеген. Өткен аптада комитет құжатты жариялауды құптап дауыс берді. Оны жариялауға комитеттегі демократтардың бәрі қарсы шықты. Ал республикалықтар қолдап дауыс берді.

Құжатты жариялау туралы түпкілікті шешімді президент қабылдауы тиіс болған. Қаңтардың соңында Конгресте "Елдегі жағдай туралы" жолдауын жариялағаннан кейін Дональд Трамп конгресмен Джефф Данкенге Нуньестің жазбасын жариялауға уәде етті.

Джефф Данкен: Әлгі жазбаны жарияласақ қайтеді.

Дональд Трамп: Оған алаңдамаңыз. 100 пайыз жарияланады.

Президент бұл уәдесін берген кезде жазбаны әлі оқымағаны анықталды. Мұны Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс те мойындайды.

Крис Куомо (CNN): Президент хатты көріп үлгерді ме?

Сара Сандерс: Бұл жағын білмеймін. Ол жазбаны "Елдегі жағдай туралы" жолдауын жариялағанға дейін де, одан кейін де бірден оқымағанын білемін.

Крис Куомо: Дэвин Нуньес әлгі хатты әзірлеу кезінде Ақ үйде біреулермен жұмыс істеп пе еді?

Сара Сандерс: Бұл жайлы ештеңе білмеймін.

Барлау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Адам Шифф әлгі жазбаны республикалықтардың тергеу амалдарына сенімсіздікті күшейту үшін жасаған қитұрқы әрекеті деп бағалаған.

Адам Шифф: Арнайы прокурордың тексеруі барысынында президенттің айналасындағы адамдарға тықыр таяған сайын Ақ үйдегілер мен Конгрестегі республикалықтардың да құты қаша бастады. Нуньестің хатына қатысты мына шудың бәрі содан шығып отыр. Әлгі хаттың мәнісіне қатысты не білеміз? Ол мүлде құпия ақпаратқа негізделген. Комитетте оны палата мүшелерінің бәріне жариялау мәселесі талқыланған кезде ондағы жайттар қаншалықты шын екенін анықтау үшін мен республикалық партиядағы әріптестерімнен "Әлгі хат негізінде дайындалған материалдарды көбін оқып шықтыңдар ма?" деп сұрадым. ФБР хатпен танысуға мүмкіндік алған кезде ондағы ақпараттар шатастырады деген ұйғарым жасаған. Өйткені маңызды ақпаратты бүгіп қалған әрі істің мәнісін мүлде бұрмалайды. Хаттың мақсаты - нақты картинаны көрсету емес, президентке тиімді құпия деректерді ішінара жариялау.

Сенатор Берни Сандерс бұл арнайы прокурор Роберт Мюллерге қарсы шабуыл екеніне сенеді.

Берни Сандерс: Мюллер тәуелсіз тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Ал төменгі палатадағы республикалықтар осы тексеруге кедергі жасау үшін барынша тырысады.

Хатты жариялауға ФБР басшысы Кристофер Рэй мен АҚШ әділет министрінің бірінші орынбасары Род Розенстайн қарсылық білдірген. Бұрынғы федералдық прокурор Джо ДиДженова екеуінің позициясын сынап шықты.

Джо ДиДженова: Екеуі бюрократияны қорғағысы келіп отыр. Өйткені олар біздің хабардар болуымызды емес, институттар маңызды деп санайды. Оларсыз еліміз тіршілік ете алмайды деп ойлайды. Әділет министрлігі және ФБР АҚШ президентіне тәуелсіз әрекет етеді дегені - жалған тұжырымдама, жымысқы теория. Олар президентке жұмыс істейді. Оларды қызметінен босату президенттің құзырында. Оларға не істеу керектігін бұйыра алады. Бұл президент тергеуге килігіп отыр дегенді білдірмейді.

CNN-нің хабарлауынша, президент Трамп Род Розенстайннан тергеу барысы жайлы және «Сіз менің командамда шығарсыз?» деп сұраған.

Ұлттық барлау қызметінің бұрынғы директоры Джеймс Клэппер мұндай сұрақтар орынсыз деп санайды.

Джеймс Клэппер: Иә, солайы солай. Бірақ мен Ақ үй мен әділет министрлігі арасында сот жүйесі тәуелсіздігін қамтамасыз ететін баяғыдан келе жатқан немесе дәстүрлі қалыптасқан әлдебір дистанция болуы тиіс деп ойлаймын. Әйтеуір алдыңғы әкімшілік осы позицияны ұстанатын. Бірақ бұл қазіргі әкімшіліктен байқалмайды.

Ақпанның 2-cі күні президент пікірталасты тоқтатты. Ол билігін қолданып, Нуньестің хатынан "аса құпия" белгісін алып тастады әрі өз шешіміне қатысты комментарий берді.

Дональд Трамп: Меніңше, бұл - елде болып жатқан масқаралық. Бұл жайттар үшін көп адамдар ұялуы тиіс.

Президент нені масқара деп айтты? Нуньестің хатын жариялауға демократтар неге қарсы болды? ФБР хатта баяндалған фактілердің шынайылығына қатысты "қатты алаңдайтынын" неге жариялады?

Құжатта Трамптың сайлау штабы кеңесшісі Картер Пейджді аңдуға соттан ордер алғаны жазылған. Ордер 2016 жылғы 21 қазанда Шетелдік барлау қызметтерін бақылау (FISA) туралы заңы негізінде берілген. Мұндай ордерді арнайы құпия сот береді. ФБР мен әділет министрлігі ордер сұраған кезде күдіктенуге жеткілікті негіздер барын дәлелдеуі тиіс. Егер аңду нысаны АҚШ азаматы болса, ордер 90 күнге беріледі. Бұл мерзім аяқталғаннан кейін ФБР мен әділет министрлігі сотқа аңдуды жалғастыру қажеттігін дәлелдейтін негіздер келтіруі тиіс.

Трамп штабының мүшесі Картер Пейдж сөзі өтпейтін, ұсақ-түйек тапсырмаларды орындайтын адам болған. Екеуі бір бөлмеде жолығып жүруі мүмкін. Бірақ президент " Пейджбен қашан сөйлескенім есімде жоқ" деп мәлімдейді. Бөлмеде отырғанын, бірақ Трамппен ешқашан сөйлеспегенін Пейдж де растайды. Есесіне, Ресейде Пейдж өзін президенттікке кандидаттың жақын кеңесшісі ретінде таныстырып, Обаманың сыртқы саясатын аяусыз сынаған. Мәскеу Пейдж ерекше құрметпен күтіп алған. Ресей барлау қызметінің көзіне ол 2013 жылғы сәуірде түскен. ФБР Нью-Йоркте дипломатиялық қызметкер ретінде жұмыс істеп, тыңшылықпен айналысқан Ресей сыртқы барлау қызметінің агенттері Виктор Подобный мен Игорь Спорышевтің телефон әңгімелерін жасырын тыңдау кезінде Пейджді тыңшылық етуге үгіттеуге жеңіл кандидаты ретінде тіркеп, оны сол кезден бері бақылай бастаған.

Нуньестің хатына қарағанда, ФБР соттан ордер сұраған өтінішінде әлгі материалдарды көрсетті ме, әлде жоқ па - түсініксіз. Есесіне өтініште Пейджді аңдуға негіз ретінде Кристофер Стилдің аты көрсетілгені анық байқалады. Ұлыбритания барлауының бұрынғы қызметкері құжатты Ресейдегі дереккөздерінің хабарламалары бойынша әзірлеген. Кейін Стил ФБР-ге дереккөздерінің аты-жөнін жариялап, арнайы прокурор Мюллердің командасындағы тергеушілерге сұрақтарына жауап берген. Досьенің ең әуелгі тапсырыс берушісі кім екені белгісі. Трамппен бәсекеге түскен республикалық партия кандидаттарының бірі деп болжанған. Бірақ Трамп өзін партиядан кандидат ретінде ұсынуға қол жеткізгеннен кейін Стилдің жұмысын қаржыландыруды демократиялық партия мен Хиллари Клинтонның сайлау штабы делдалдар арқылы жалғастырған. Трамп жақтастарына Стилге қатысты деректер жалған деп мәлімдеуге осы факт мүмкіндік беріп отыр.

Бұдан бөлек, Стилдің досьесінде Картер Пейдж Мәскеуде "Роснефть" компаниясы президенті Игорь Сечинмен кездесіп, Трамп сайланған жағдайда Кремльге салынған санкцияларды алып тастау жайын талқылады әрі Ресей президенті әкімшілігі қызметкері Игорь Дивейкинмен (ол кезде президент басқармасы басшысының ішкі саясат жөніндегі орынбасары болған) жолықты деп көрсетілген. Конгреске берген жауаптарында Картер Пейдж бұл мәліметтерді үзілді-кесілді жоққа шығарған. Оған ешқандай қылмыстық айып тағылған жоқ.

ФБР тыңшылыққа қатысты күдікке іліккен адамдарды аңдуға құпия соттан ордерді қалай оңай алады деген мәселені ешкім қозғамады. Сот мұндай ордер беруден ешқашан бас тартқан емес. Мысалы 2016 жылы сотқа осындай сипаттағы 1752 өтініш түскен. Сот оның тоғызын ғана кері қайтарған.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Владимир Абариновтің мақаласы орыс тілінен аударылды)

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG