Accessibility links

"Ресейдің жақтасы" екінші рет президент болып сайланды


Милош Земан, Чехия президенті.
Милош Земан, Чехия президенті.

73 жастағы Милош Земан бес жыл мерзімге Чехия президенті болып екінші рет сайланды. Қаңтардың 25-26-сы күндері өткен президент сайлауының екінші турында Земан Чехия ғылым академиясының бұрынғы басшысы Иржи Драгошты жеңіп шықты. Земан 51 пайыздан астам, Драгош 48 пайыздан аса дауыс жинаған.

Чехияда президентті төте дауыс беру арқылы сайлау жүйесі бес жыл бұрын енгізілген. Оған дейін мемлекет басшысын парламент мүшелері сайлайтын. Милош Земан –халықтың дауыс беруі арқылы екі рет сайлаған алғашқы чех (және чехословак) президенті. Оның сайлауда жеңуіне денсаулығының нашарлығы да (аяқтары ауырғандықтан әрең жүреді), қолапайсыз саясаты мен аңдамай сөйлейтіні де бөгет бола алмады. Земанның ішімдік пен темекіге баяғыдан құмар адам екені мәлім. Бұған қоса, ол тікелей эфирлерде бейпіл сөйлей салады. Ал фактілерді бұрмалап, ашықтан ашық өтірік айтатыны талай мәрте, оның ішінде сайлау науқаны кезінде де әшкереленген.

Милош Земан Еуропадағы ең ресейшіл саясаткерлердің бірі ретінде танылған. Ол Еуропа одағының Мәскеуге қарсы санкцияларын талай сынап, Украинадағы жанжалды «азаматтық соғыс» деп атаған. Тіпті Ресей аннексиялап алған Қырымға қатысты жағдайды Украинаға әлдебір өтемақы төлеу арқылы реттеуді ұсынған. Сондықтан президенттің қарсыластары биылғы сайлауды Чехияның «батысшыл» және «шығысшыл» көзқарастарының қақтығысы ретінде бағалаған.

Земанның өзі сайлау алдында өткен дебаттар кезінде абайлап сөйлеп, «Ресей мен Қытай өкілдерімен сауда-экономикалық сипатта ғана көп аралас-құраластығым болды» деп мәлімдеген. Бірақ Иржи Драгош президентке жақын адамдардың Ресеймен тығыз іскерлік және жеке байланыстары бар екенін айтқан. Дауыс беру үшін сайлау учаскесіне барған Земанның жанына жартылай жалаңаш күйі жүгіріп барып, «Земан – Путиннің жезөкшесі!» деп айқайлаған украиналық Femen қозғалысының белсендісі Анжелина Диаштың акциясы сайлаудың алғашқы турындағы ең әйгілі эпизод болды.

Femen белсендісі мен Милош Земан.
Femen белсендісі мен Милош Земан.

Алдын ала деректерге сәйкес, Иржи Драгошты ел астанасы Прага мен елдің орталығындағы тағы үш аймақ сайлаушылары қолдаған. Ал қалған 10 өңірде тұратын сайлаушылардың көпшілігі Земанға дауыс берген. Бірақ ірі қалалардың көпшілігі Драгошқа дауыс берген. Сайлау науқанында қала тұрғындары мен чехтар venkov - провинция (шағын қалалар-ред) деп атайтын сайлаушылардың арасында саяси жіктелу бары байқалды.

AАлександр Митрофанов.
AАлександр Митрофанов.

Чехиялық Právo газеті шолушысы Александр Митрофанов Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Чехия президентін сайлау нәтижелерін қортындылады.

– Милош Земанның жеңіске жетуінің басты себебі неде деп ойлайсыз?

– Меніңше, ол бірінші кезекте өз электоратын жұмылдыра білген қабілетінің арқасыда жеңді. Яғни бұл электорат өтіріктері әшкереленген Милош Земанға дауыс беріп, өздері таңдаған кандидаттың кім екені маңызды емес адамдарды жұмылдыра білді. Оларға кандидаттың, яғни Земанның «өз адамы» екені, «өздері сияқты» екені маңызды болды. Ал президент Земан шын мәнінде, олардың «өз адамы» емес, бірақ ол әлгі рөлді жақсы ойнайды.

– Бірінші турда сайлаушылардың 38 пайызы Милош Земанға дауыс берді, ал оған қарсы кандидаттадың жиынтық дауысы 50 пайыздан асқан болатын. Жұрттың көбі екінші турда Земан қажет дауыстарды жинай алмай бәсекелесі жеңеді деп топшылаған еді. Сонда ол әлгі дауыстарды қайдан алды?

– Екінші тур алдында екі лагерь де өз электоратын жұмылдыруға барынша күш салды. Президентшіл лагерь бұл жағынан мықты болып шықты. Алдын ала деректерге сәйкес, екінші турда дауыс беруге әсіресе Милош Земанның қолдауы мықты аймақтарда тұратын сайлаушылар көп қатысқан. Яғни бұл жолы ол жақтарда бірінші турда дауыс беру кезінде үйінде отырған адамдар да сайлауға барған. Бұған қоса, өзге кандидаттардың кей жақтастары Земан жаққа ауып кетті.

– Сайлау алдындағы теледебаттар әлдебір үлкен рөл атқарды деп ойлайсыз ба?

– Жоқ, олай деп ойламаймын. Өйткені әр кандидаттың жақтастарының көзқарасы, стереотиптері әлгі дебаттарға дейін қалыптасып қойған. Ал дебаттар оларды тек нығайта түсті. Дебат барысы кімге дауыс беруді әлі шешпеген сайлаушылардың әлдебір бөлігін екі кандидаттың біріне дауыс беруге итермелеген де шығар. Бірақ ондай азаматтар көп болмағаны анық.

– Земанның қарсыластарының көбі Иржи Драгош онша қарымды канидат болып көрінбейді деп шағынған еді...

– Бұл пікірмен келіспеймін. Иржи Драгош - бұған дейін саясатқа белсенді араласпаған адам. Негізі ол сайлау науқанын жақсы жүргізіп, лайықты нәтиже көрсетті. Мына сайлау толық мәніндегі сайлау болған жоқ. Бұл көзқарасы, мінез-құлқы жұртқа жақсы мәлім Милош Земан сияқты адамды Чехия қоғамы мемлекет басшысы ретінде көргісі келе ме, әлде жоқ па деген сұраққа жауап берген референдум болды. Халықтың басым көпшілігі болмаса да, көп адамдардың Милош Земанды мемлекет басшысы ретінде көргісі келетіні анықталды.

Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Земанды наразы адамдар, халықтың түрлі әлеуметтік топтары қолдады. Көбі - ауылда, шағын және орта қалаларда тұратын әрі білім деңгейі жоғары емес адамдар. Бірақ оған дауыс бергендердің ішінде білімді адамдар да, Прага мен өлкелік орталық тұрғындары да бар. Психологиялық тұрғыдан, оларды біріншіден, өз тағдырына риза еместік, екіншіден, бұған кінәлі біреуді табуға тырысу және бірігіп қарсы тұруға тиіспіз деп санайтын сыртқы қатер біріктіреді. 2015 жылы Еуропада басталған миграциялық дағдарыс Чехияны жанап қана өткенімен, Земан иммиграцияны сайлау алды кампаниясының негізгі тақырыбы етіп алды. Мигранттар қиялдан туған әрі халықты қорқытуға қолайлы әлдебір құбыжыққа айналды. Земан халықтың осы қорқынышын және электораттың наразы бөлігінің көңіл-күйін өте жақсы пайдаланады.

Милош Земанның қарсыластары бүлдіріп кеткен билборд.
Милош Земанның қарсыластары бүлдіріп кеткен билборд.

– Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш (кәсіпкер-миллиардер, АNО популистік қозғалысының жетекшісі) Милош Земанды бірінші турдың алдында қолдап қойған еді. Екеуі де кремльшіл позицияларымен (Земан – көбірек, Бабиш - азырақ) танылған адамдар. Енді не болады? Қарапайым тілмен айтқанда, Чехия басшылығы Еуропада Мәскеудің мүддесін қорғауға бүкіл ынта-жігерімен кірісе ме?

– Бұлай, яғни бүкіл ынта-жігермен кіріседі деп дабырайтып айтпас едім. Өйткені бөтен біреу үшін өңеш жырту чехтардың дәстүрінде жоқ қасиет. Бірақ бұл бағытта білдірмей әрекет ететін болады. Ал Чехияның Еуропа одағы немесе НАТО-ға мүшелігі туралы рефередум өткізу сияқты оқыс қадамдарға барады деп мүлде ойламаймын.

– Ал Чехия қоғамының өзін не күтіп тұр? Жіктелу тереңдеп, қақтығыс күшейе түсе ме?

– Әлсіреу мен түңілу күтіп тұр дер едім. Бұл жерде Земанның қарсыластарын айтып отырмын. Земанға қарсы лагерьдің президент сайлауы кезінде күш жұмылдырсақ, өзгерістер болады деген үміті болған. Ал енді 1970-1980 жылдардағы Густав Гусак билігі тұсындағы «тәртіп орнату» деп атап кеткен замандағыдай жағдай орнауы мүмкін. Ол кезде адамдар қоғамдағы жағдайды өзгертуге дәрменсізбіз деп ойлап, әркім өз басын күйттеп кеткен. Профессор Драгош саясатта қалатынын мәлімдеді. Бірақ оны қолдайтын нақты саяси күш жоқ. Сондықтан, ол мысалы сенатор болып сайланған күннің өзінде көп ештеңе өзгермесі анық. Қазір менің поштама бұл елде онша болашағымыз жоқ деп алаңдап, кету жағын ойлана бастаған чех жастарынан көптеген хаттар келіп жатыр. Биылғы сайлау екі саяси тенденцияның қақтығысы болды. Оның біріншісі - сайланбалы демократияны аман сақтап, дамыту. Ал екіншісі – «жуан жұдырықтың» уысына қарай сырғи түсу. Қазір екінші тенденция жеңіп тұр.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Ярослав Шимов алған сұхбат аударылды).

XS
SM
MD
LG