Accessibility links

WP: Ресей Иранға АҚШ нысандарын шабуылдауға қажет деректерді береді

Ресей Иранға Американың Таяу Шығыстағы нысандарына соққы жасауға қажет барлау деректерін береді. Бұл жөнінде жағдайдан хабары бар The Washington Post-тың үш дереккөзі хабарлады. Олардың айтуынша, Мәскеу Тегеранға АҚШ-тың әскери нысандары, оның ішінде кемелер мен ұшақтар туралы да мәліметтерді беріп жатыр.

Дереккөздің хабарлауынша, мұндай көмек соғыс басталғаннан кейін АҚШ-тың басты геосаяси қарсыластарының бірі Ресейдің жанама болса да, соғысқа қатысқандығының алғашқы белгісіне айналған.

"Бұл айтарлықтай күрделі операция болып көрінеді" деді дереккөздердің бірі.

Дереккөздердің айтуынша, Ресей Иранға америкалық әскери активтердің орналасуы туралы ақпарат беріп жатыр, бұл Тегеранның кейбір шабуылының дәл болғандығын түсіндіреді. Әскери қимыл басталғалы бері Иран Американың әскери нысандарына, дипломатиялық миссиялары мен азаматтық нысаналарға мыңдаған дрон мен жүздеген ракета жіберді.

Жексенбі күні Кувейтте ирандық дронның шабуылы салдарынан 6 америкалық әскери қызметкер қаза болды, бірнеше адам жараланды.

АҚШ пен Израильдің ортақ әскери операциясы Иран аумағындағы екі мың шақты нысанға соққы жасады, арасында баллистикалық ракета, әскери-теңіз нысандары бар.

Соғыстың барысына түсініктеме берген Ақ үйдің баспасөз хатшысы Анна Келли Иранның баллистикалық ракеталармен жауап беру мүмкіндігі барған сайын азайып барады, флоты жойылып жатыр, өндіріс қуаты қысқарып, прокси-топтар іс жүзінде қарсылық көрсетіп жатқан жоқ деді.

АҚШ орталық барлау басқармасы мен Пентагон Ресейдің Иранға көмектескені жайлы ақпаратқа түсініктеме бермеді. Пентагон басшысы Пит Хегсет те Ресей мен Қытай қазіргі соғыста "фактор еместігін" атап өтті.

The Washington Post-тың дереккөздері Қытай Иранмен тығыз қарым-қатынасына қарамастан Тегеранға әскери көмек көрсетпегенін айтты.

Сарапшылардың айтуынша, Иран АҚШ-тың әскери инфрақұрылымындағы алдын ала ескертетін радарларға, командалық пунктерге, өзге де элементерге соққы жасайды. Карнеги қорының сарапшысы Дара Масикоттың сөзінше, мұндай дәлдік сыртқы барлау деректерін пайдаланғандығынан хабар береді.

Сарапшылар сонымен бірге Иранның бірнеше ғана әскери спутнигі барын және толымды спутник шоғыры жоғын алға тартады. Сол себепті ресейлік ғарыш жүйесінен алынған деректер шабуылдың тиімділігін арттыруы мүмкін.

The Washington Post дерегінше, Мәскеудің Тегеранға көмектесуі Ресейдің Украинаны қолдаған АҚШ-пен "есеп айырысу" ниетімен байланысты болуы мүмкін.

Сарапшылардың ойынша, Кремль сонымен бірге АҚШ пен Иран арасындағы соғыстан пайда көруі де мүмкін, себебі ол әлемнің назарын Украинадағы соғыстан басқа жаққа бұрып, мұнайдың қымбаттауына әсер етуі мүмкін.

Дегенмен бақылаушылар Ресей қақтығысқа тіке қатыспайды, себебі Кремль стратегиялық басымдылықты Украинадағы соғысқа береді дейді.

XS
SM
MD
LG