Accessibility links

Шыңжаңнан келгендердің кейінгі легі "лагерь" тақырыбын қозғауға құлықсыз


Қытай президенті Си Цзиньпин бейнеленген баннер
Қытай президенті Си Цзиньпин бейнеленген баннер

Өткен аптада Қытайдың Шыңжаң аймағынан Қазақстанға 20 қазақ отбасы көшіп келді. Олардың айтуынша, Қазақстаннан "көші-қон шақыртуын" алғандардың ғана қоныс аударуына рұқсат бар. Қандастар "азаматтық бермей қоя ма" деп, Шыңжаңдағы лагерьлер туралы сұраққа қорқа жауап береді.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарайтын Қорам ауылы Алматыдан 130 шақырым қашықта жатыр. Ауыл ортасындағы сырты қоршалмаған шағын үйдің алдында бір топ бала ойнап, қазан асылып, мәре-сәре болып жатыр. Үй сыртындағы қазан-ошақтың басы қарбалас.

"КӨРМЕГЕЛІ ЖЕТІ-СЕГІЗ ЖЫЛ БОЛДЫ"

59 жастағы Оралтай Нұрдынай Шыңжаңның Құлжа қаласынан әйелі, ұлы мен келіні, үш немересі – жалпы жеті адам болып оралыпты. Кіші ұлы мен қызы осыдан сегіз жыл бұрын осы Қорам ауылына көшіп келген. Оралтай әулеті қызы мен күйеу баласының үйіне уақытша қоныстанды.

– Туыстарды көрмегелі жеті-сегіз жыл болды ғой. Кейін тіпті WeChat-пен де (Қытайдың өз ішінде хат-хабар алмасуға арналған әлеуметтік желі – ред.) сөйлесе алмай қалдық емес пе? – дейді Оралтайдың қызы, үйдің иесі Самалхан. Атажұртқа 2013 жылы көшіп келген олар әлдеқашан Қазақстан азаматтығын алған.

2013 жылы Қытайдан көшіп келген Самалхан әлдеқашан Қазақстан азаматтығын алып үлгерген. 2022 жылғы сәуірдің соңында ол Шыңжаңнан көшіп келген ата-анасымен және бауырларымен қауышты. Қорам ауылы, Еңбекшіқазақ ауданы, Алматы облысы, 22 сәуір 2022 жыл.
2013 жылы Қытайдан көшіп келген Самалхан әлдеқашан Қазақстан азаматтығын алып үлгерген. 2022 жылғы сәуірдің соңында ол Шыңжаңнан көшіп келген ата-анасымен және бауырларымен қауышты. Қорам ауылы, Еңбекшіқазақ ауданы, Алматы облысы, 22 сәуір 2022 жыл.

Оралтай 2019 жылы Қазақстанға келіп, Еңбекшіқазақ аудандық полициясынан "көші-қон шақыртуын" алып кеткен, бірақ коронавирус пандемиясы басталып кетіп, Қытайда қалып қойған.

Заң бойынша, Қазақстан азаматы отбасын біріктіру мақсатында шетелде тұратын қазақ туыстарын шақыру жөнінде өтініш білдіре алады. Оны жергілікті көші-қон басқармасы куәландырады.

– Қазақстаннан "көші-қон шақырту қағазы" келгендердің ғана құжатын беріп жатыр. Ал былайғы жұрттың паспорты мен жеке куәлігін бермейді, – деген Оралтай "лагерьлер" тақырыбына қалай ауысып кеткенін байқамай қалды.

"ТОҚАЕВҚА АЙТЫП АЗАМАТТЫҚ БЕРГІЗБЕЙ ҚОЙСА...."

Бірақ артық сөз айтып қоюдан қорықты ма, "ол жақта бәлендей жамандық көргенім жоқ; елім-жұртым деп, балалардың болашағы үшін көшіп келдім" дегенді қайталаумен болды.

Ресми Пекиннің аз ұлттарға қатысты саясаты туралы сөз қозғай бастап едік, әңгімені бірден басқа жаққа аударып, Қытайда шаруашылықпен айналысудың қиындағанын айтты.

– Шекарадан өтіп алдыңыз. Енді ештеңеден қорықпаңыз, – деді қонаққа келген жігіттердің бірі.

59 жастағы Оралтай Нұрдынай (оң жақта) Шыңжаңның Құлжа қаласынан әйелі, ұлы мен келіні, үш немересі – жалпы жеті адам болып Қазақстанға қоныс аударған. Қорам ауылы, Еңбекшіқазақ ауданы, Алматы облысы, 22 сәуір 2022 жыл.
59 жастағы Оралтай Нұрдынай (оң жақта) Шыңжаңның Құлжа қаласынан әйелі, ұлы мен келіні, үш немересі – жалпы жеті адам болып Қазақстанға қоныс аударған. Қорам ауылы, Еңбекшіқазақ ауданы, Алматы облысы, 22 сәуір 2022 жыл.

– Тоқаев пен Си Цзиньпин (Қазақстан президенті мен Қытай төрағасы – ред.) дос қой. Оған (Тоқаевқа – ред.) айтып азаматтық бергізбей қойса қайтеміз, – деп ішкі қорқынышын сыртқа шығарды Оралтай.

"Саяси лагерьге қамалдыңыз ба?" деген сұрағымызға "Ондай лагерь жоқ, бұл – кейбір элементтердің шығарған әңгімесі" деп Қытай билігінің Шыңжандағы аз ұлттарға жасаған қысымын теріске шығарды.

"ҚОЛЫМЫЗДЫ ҚАЙЫРЫП, ТАЛАЙ ҚАҒАЗҒА ҚОЛ ҚОЙҒЫЗДЫ"

Осы тұста сөзге араласқан Оралтайдың Қытайдағы бұрынғы көршісі Ералы Сақанұлы "Қорықпай айта берсеңізші, сізді Қазақстаннан ешкім ұстап әкете алмайды" деп күлді де, "сіз айтпасаңыз мен айтайын" деп, өз басынан кешкенін әңгімелеп берді.

Осыдан он жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударған Ералы қазір осы аудандағы Шелек ауылында тұрады. Айтуынша, 2017 жылы екі інісі қатар ұсталып, бірі – бір жыл, екіншісі – екі жыл "саяси үйрену лагерінде" отырып шыққан. Ал тағы бір немере інісі намазға жығылғаны үшін ұзақ жылға сотталып кеткен.

– Отыз жыл іргелес болған көршім ғой. Бір жағы көшіп келген қуанышына ортақтасайын деп, екінші жағынан Қытайда қалған туыстарымның амандығын білейін деп келдім. Ол жақта бауырларым, ағайын-жұрағатым бар. Естуімізше, онда қиындық көп болып жатыр. 2017 жылы басталған Қытай саясатының салдарынан түрмеге қамалған достарым бар. Сотталып кеткен ерлі-зайыпты таныстарым да бар. Балалары жетімдер үйінде қалды. Сондағы олардың бар қылмысы – намазға жығылғаны, – дейді Ералы.

Осыдан кейін ғана Оралтай: "Қазақстанға барғанда әртүрлі әңгіме айтпайсың деп, қолымызды қайырып, талай қағазға қол қойғызды ғой" деп шынын айтты.

Қытай үкіметі бірнеше жылдан бері Шыңжаңдағы аз ұлттарға қысым жасап, олардың сыртқа шығуына тыйым салып келеді. Қазақстанға келіп кеткендерді, тіпті отбасымен көшіп келгендерді де кері шақырып, "саяси үйерену лагері" деп аталған орындарға қамады. Халықаралық ұйымдардың дерегі бойынша, мұндай лагерьлерде 1 миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз сияқты аз ұлт өкілдері отыр. Бұған қоса, мұсылман дінін ұстанғандар қудаланып, мешіттер жабылып жатыр.

Қытайдың бұл саясатын АҚШ бастаған Батыс елдері, халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары қатаң сынап келеді. Бірақ ресми Пекин бұл айыптауды мойындамайды, адамдарды жазықсыз қамайтын орындарды "кәсіпке баулу" не "саяси үйрену орталығы" деп атайды, ал мұсылмандарға жасалған қысастықты "террормен күрес" деп сипаттайды.

Қытайда туысы қамалған немесе бері қарай қайта алмай отырған біраз адам былтырғы ақпан айынан бері Алматыдағы Қытай консулдығы алдында жақындарын босатуды талап етіп, үздіксіз наразылық білдіріп келеді. Бірақ бүгінге дейін оларға консулдық тарапынан бірде-бір адам шығып, жауап бермеді. Қазақстан құқық қорғау органдарының өкілдері оларды ұстап әкетіп, заңды бұзды деп айып салады. Оларға бір жарым жылда салынған айыппұл көлемі 4 миллион теңгеге жетті.

Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүргендердің наразылығына тоғыз ай болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:26 0:00

ҚЫТАЙША СӨЙЛЕЙТІН БАЛАЛАР

Оралтайдың сөз ауанынан Шыңжаңдағы қазақ мектептері 2017 жылдан бастап мүлдем жабылғанын аңғардық.

Үш немересі де қытай тілінде білім алған. Қазақша ауызекі тілде сөйлегенімен, заттардың атауын көбіне қытайша атайды. Әкесі есік алдында ойнап жүрген 10-11 жас шамасындағы қыз балаға қытай тілінде әлдене айтты. Кейін онысын "сіздің телефон нөміріңізді жазып алу үшін қалам алып келуге жұмсадым" деп аударып берді.

Оралтай Шыңжаңда мал бағумен айналысқан. "Мұнда да сол мал өсірсек деген ниетіміз бар. Үкімет жер берсе, қалғанын өзіміз ыңғайластырамыз ғой" дейді ол.

Нұрдынай отбасының ендігі міндеті – қандас куәлігін алу үшін құжат тапсыру.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG