Accessibility links

2022 жылы Қытай мен Ресейдің қатынасы қалай өзгерді? Алда не күтіп тұр?


Қытай мен Ресей президенттері Си Цзиньпин мен Владимир Путин газ келісімін атап өтіп тұр. 2014 жыл.
Қытай мен Ресей президенттері Си Цзиньпин мен Владимир Путин газ келісімін атап өтіп тұр. 2014 жыл.

2022 жылдың басында Қытай мен Ресей шексіз әріптестік туралы мәлімдеп, Мәскеу Украинаға басқыншылық жасады. Бұл жыл екі ел үшін де тыныш бола қойған жоқ. Ал 2023 жылдан не күтуге болады?

2008 жылы тамызда Ресей танктері түнделетіп Грузияға басып кіргенде, Пекин бастапқыда үнсіз наразылық білдірді. Сол кезде Қытай лидері Ху Цзиньтао Мәскеудің басқыншылық жасау үшін Пекиндегі жазғы Олимпиада ойындарының ашылу күнін таңдағанына ашуланғаны айтылды. Қытай тіпті Ресейдің түрлі көпжақты ұйымдар мен Орталық Азия секілді ықпал ету аймағында соғысты заңдастыру амалдарына тосқауыл қоюға тырысты.

2022 жылғы ақпанда Қытай мен Ресейдің АҚШ-қа қарсы көзқарас пен әлемдік тәртіпті қайта жасауға ұмтылыс секілді идеологиялық жақындықпен өлшеніп келген қарым-қатынасы басқа жаққа ойыса бастағаны байқалды.

Жыл басында Ресей басқыншылығы туралы дабыл қағылғанда, Қытайдағы тағы бір Олимпиада ойындарының басталуына жақын қалған еді. Бұл жолы Ресей президенті Владимир Путин Пекинге барып, Си Цзиньпинмен кездесті. Олар екі елдің қарым-қатынасының жаңа дәуірі басталатынын, шексіз стратегиялық әріптестік орнайтынын мәлімдеді.

4 ақпан күні екі лидер 5300 сөзден тұратын бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Бұл 14 жылда екі ел байланысының қалай өзгергенінің белгісі ретінде қабылданды. Онда алдағы саяси, экономикалық, әскери әріптестіктің жоспары ұсынылған.

Бірақ шексіз әріптестік көп ұзамай сынаққа түсті.

24 ақпанда Ресей Украинаға басқыншылық жасап, бұл жолы Еуропада екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең үлкен соғысты бастады. Грузияға қарағанда, Путиннің Украинаға басқыншылығы Батыстың жылдам экономикалық және саяси реакциясына ұшырады. Ал Батыстан үнемі қару-жарақ алып отырған Украина күштері Ресей әскерін ығыстырып, Кремльдің әскери мақсаттарға жетуіне кедергі келтірді.

Гонконгте теледидардан Ресей әскерінің Украинаға басып кіргені туралы хабарды көріп тұрған әйел. 24 ақпан 2022 жыл.
Гонконгте теледидардан Ресей әскерінің Украинаға басып кіргені туралы хабарды көріп тұрған әйел. 24 ақпан 2022 жыл.

Содан бері Пекиннің Мәскеумен байланысы түсініксіз бола түсті: Пекин бір жағынан Батыстың Ресейге салған санкцияларына қарсы шығып, Кремльдің соғыс туралы айтқандарын қайталаумен болса, екінші жағынан Путиннен дипломатиялық тұрғыда алыстап, арасында басқыншылықты жанама болса да сынағандай болады.

Жоспарды күл-талқан етіп, Қытай мен Ресейдің қарым-қатынасы туралы мифтерді жойған жыл артта қалған соң, 2023 жылдан не күту керек?

"Ресейдің әскери біліксіздігі [оның жағдайын] әлсіретті, бірақ Қытай әлі де Ресейді стратегиялық серіктесі көреді" дейді Азаттыққа Лондондағы SOAS университеті Қытай институтының директоры Стив Цанг. "Бәлкім, Ресей айтарлықтай құнды болмай шыққан шығар, бірақ [Пекин] АҚШ-ты әлі де стратегиялық бәсекелес көреді және Ресейдің өз жағында болғанын қалайды".

СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЫЙ

Ресейдің Украинаға басқыншылығы ел ішінде де, шетелде де біршама проблема туындатты. Соған қарамастан Пекин АҚШ-пен жаһандық бәсекесін тереңдетіп жатқандықтан, Қытай стратегтері Мәскеудің Пекинге жақындауын басымдық ретінде қарастырады.

"Тіпті, Ресей соғыстан әлсіреп шықса да, [екі елдің] қарым-қатынасы Си үшін актив әрі сый ретінде қарастырылады" дейді Германиядағы Маршалл қорының бас ғылыми қызметкері, Қытайдың Батыспен соғысы туралы кітап жазған Эндрю Смолл Азаттық радиосына.

Сарапшылар соғыс Пекинді қиын жағдайда қалдырғанын айтады. Ара-тұра Қытай шенеуніктері наразылық білдіріп те отырған. Мысалы, қарашада Индонезияда өткен G20 саммитінде Пекин Мәскеу басқыншылығының жаһандық, саяси және экономикалық салдарына қатысты мәлімдемелерге қосылған.

Бірақ соғыс Ресейді Қытайға саяси және экономикалық тұрғыда бұрынғыға қарағанда тәуелдірек етті. Путиннің АҚШ-қа ашық қарсы шығуына дайын болуы да әлем аренасында көтеріліп келе жатқан Пекин үшін маңызды.

"Қытай үшін әлсіздеу Ресей жақсы серіктес болып отыр. Әсіресе, оның әскери, экономикалық және саяси тұрғыда құндылықтарын ескерсе" дейді Смолл. "Си үшін стратегиялық ландшафт бұрынғыдай. Пекин күрес [кезеңі] басталады деп күтеді және бұғып қалғысы келмейді".

Бұл серіктестікте Қытай саясаткерлерінің ұзақмерзімді мақсаты делдалдық болды дейді Смолл. Дегенмен, Пекиннің де, Мәскеудің де БҰҰ секілді халықаралық ұйымдардағы мүдделері бір жерде тоғысқанымен, олардың қарым-қатынасында әсіресе, Ресей тарапынан үлкен сенімсіздік бар.

Көп жыл бойы Мәскеу Қытай инвестициялары үшін Ресей нарығын жабық ұстады.

Кремль Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігін арттыра алатын газ құбырына қатысты келісімдерде сақтық танытты. Сонымен қатар S-400 зымыранға қарсы жүйе, Su-35 ұшақтары секілді алдыңғы қатарлы қаруды сатуға келгенде ұстамды болды. Ресей шенеуніктерінің пікірінше, бұл Қытайдың қару компанияларына өнімді қайта жобалауға мүмкіндік берер еді.

Бірақ 2014 жылы Ресей Украинаның Қырымын аннексиялаған соң, көп нәрсе өзгерді. Мәскеу Батыс пен Еуроодақтың санкцияларына тап болды. Сол жылы мамырда Путин Шанхайға барып, 400 млрд доллар болатын газ келісімін жасады.

Қытай мен Ресей президенттері Си Цзиньпин мен Владимир Путин газ келісіміне қол қою рәсіміне қатысып тұр. Шанхай, 21 мамыр 2014 жыл.
Қытай мен Ресей президенттері Си Цзиньпин мен Владимир Путин газ келісіміне қол қою рәсіміне қатысып тұр. Шанхай, 21 мамыр 2014 жыл.

Одан кейінгі шектеулер келесі айларда шешілді. Ресей Қытайға алдыңғы қатарлы жойғыш ұшақтары мен зымыран жүйесін сатып, Пекиннің "Бір белдеу – бір жол" жобасына көзқарасын өзгертті. Бұл жоба Ресейдің ықпал ету алаңы саналатын Орталық Азияға бағытталғаны айтылып жүрген еді.

"Қытай үшін бұл соғыс пен оның салдары "Ресей барған тәуекел соған тати ма?" деген сұрақта жатыр" дейді Смол. Ол Қытайдың Тайваньді алу құлшынысын меңзеп отыр. "Бұл оларға дұрыс жоспарланбаған әрекеттің кері әсері болатынын анық көрсетті".

2023 ЖЫЛЫ НЕ БОЛАДЫ?

Келер жылға көз салар болсақ, негізгі сұрақ әлі де Украинадағы жағдайдан кейін Қытайдың Ресеймен байланысында қандай бағытқа бейімделетінінде болып отыр.

Сарапшылар Пекиннің Мәскеуден серіктес ретінде бас тарта қоймайтынын, десе де, Қытайдың Ресейге ұсына алатын саяси немесе экономикалық өмірінің шегі бар екенін айтады.

"Қытай Ресейге риторикалық қолдау білдіруді жалғастыра беретінге ұқсайды, бірақ әскери және экономикалық қолдау бола қоймайтын шығар" дейді Халықаралық стратегиялық зерттеулер орталығының қызметкері, "Диктаторларды жеңу" кітабының авторы Чарльз Данст Азаттыққа. "АҚШ Қытайда Ресейге әскери және экономикалық қолдау көрсеткен жағдайда санкция салатынын бірнеше мәрте ескертті. Экономикасы шытынап тұрғын Қытай мұндай жағдайға түскісі келмейді".

Осыны ескере отырып, Қытай Ресей энергия ресурстарын арзанға алуын жалғастыра беретін сияқты. Санкциядан сақтану үшін ол рубльмен немесе юаньмен төлем жасауға ниетті.

Осылайша, Ресей аудандарының көбі көршілес Қытай провинцияларымен жаңа сауда рекордын жасады. Бұл тәуелділік болашақта күшейе беретін сияқты.

Жыл басында Ресей басқыншылығы туралы дабыл қағылғанда, Қытайдағы тағы бір Олимпиада ойындарының басталуына жақын қалған еді. Сол кезде Ресей президенті Владимир Путин Пекинге барып, Си Цзиньпинмен кездесті.
Жыл басында Ресей басқыншылығы туралы дабыл қағылғанда, Қытайдағы тағы бір Олимпиада ойындарының басталуына жақын қалған еді. Сол кезде Ресей президенті Владимир Путин Пекинге барып, Си Цзиньпинмен кездесті.

Болашақта Қытайдың Ресейдің қаржы демеушісі бола қоюы екіталай дейді Economist Intelligence директоры, "Санкциялар әлемді қалай өзгертеді?" кітабының авторы Агата Демарайс.

"Ресей энергия тасымалдаушылардың Қытайға экспортын арттыру үшін бәрін істеуге тырысады" дейді ол Азаттыққа. "Бұл мұнай үшін қиын бола қоймас, бірақ Ресей режимінің құтқарушысы болып отырған газ проблема туғызуы мүмкін. Ресей газ құбырлары түгел дерлік Еуропаға бағытталған, ал жаңасын салу қымбат тұрады және алдыңғы қатарлы технологияларды, уақыт пен ақшаны қажет етеді".

Қытайдың Ресейге АҚШ санкцияларын айналып өтуге көмектесу шараларына қатысты да белгісіздік бар.

Бұрын Пекин Иран секілді серіктестеріне санкцияларды айналып өтуге көмектескен. Бірақ сол кезде Қытай келіссөздер кезінде Иранға қатты қысым көрсетіп, елдің экономикалық қиындыққа тап болғанын пайдаланып қалғысы келіп, Тегеранмен байланысын нашарлатып алды дейді Демарайс.

Пекин Ресеймен байланыста осыдан сабақ алуға тырысып, өзінің энергетикалық және қаржы мүдделері мен Ресеймен байланысты сақтап қалу арасында баланс сақтауға ұмтылады.

"Қытай ақшаға мұқтаж, түңілген Ресейден жеңілдік ала алатынын біледі" дейді Демарайс. "Сондай-ақ санкциялардан қауіптенетін Қытай компаниялары Ресеймен бизнес жүргізуге құлықсыз. Олар тәуекелге барғысы келмейді. Бұл байланыста тепе-теңдік болмайтынын, Қытайда басымдық болатынын көрсетеді".

2023 жыл туралы айтқан Смолл Қытай стратегтерінің негізгі міндеті Батыспен байланысты сақтап қалу болатынын айтты. Франция президенті Эммануэль Макрон мен Еуропа одағы басшысы Шарль Мишель секілді Еуропа лидерлерімен байланыстан соң, Пекин мұны бір жолға қойғанға ұқсайды.

"Олар Ресейдің құрметке бөленгісі келетінін, соны бере алса, арзан келісімшарт ала алатынын біледі" деді Смолл. "Қытай Ресейді тең көретінін байқатса (іс-жүзінде олай ойламаса да), бұл – Қытайға дивиденттер әкеледі. Си барлық қарым-қатынасқа солай қарайды".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG