Accessibility links

Зеленский Трамппен қыркүйекте кездеспек ниетте

Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп. Флорида, АҚШ, 28 желтоқсан, 2025 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен АҚШ президенті Дональд Трамп. Флорида, АҚШ, 28 желтоқсан, 2025 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский қыркүйектің екінші жартысында АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуді жоспарлап отырғанын айтты деп хабарлады сейсенбіде Азаттықтың Украин қызметі.

Зеленскийдің сөзінше, ол Трамппен кездескенде әуе шабуылынан қорғаныс жүйелеріне америкалық зымырандар жеткізу мәселесін қозғамақ ниетте. АҚШ тарапы Украинаға қандай зымырандар және қашан қажет екенін біледі деген Зеленский.

Ресеймен арадағы соғыстың аяқталу мүмкіндігі жайлы сөзінде Украина президенті тараптар "үшжақты келіссөз форматына" қарай ойысып келе жатқанын айтты. Ол қазір бүге-шігесін аша алмайтынын түсіндірді, себебі Украина мен АҚШ алдымен ұсыныстарды дайындап алып, содан кейін ғана оларды көпшілікке айтуға келіскен.

Осының алдында АҚШ президентінің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнермен Киевте кездескеннен кейін Зеленский Axios басылымына сұхбатында қыркүйек немесе қазан айларында келіссөздер қайта жалғасар деп үміттенетінін айтқан. Бұған қоса ол Мәскеу Киевті өз дегеніне көндіру үшін қыс мезгілінде Украинаның инфрақұрылымдарына соққы беруді жалғастыруға мүдделі екендігі жайлы ақпарат барын да атап өтті.

20 қыркүйекке қарай әлемнің көптеген елінің көшбасшылары БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке бармақ. Зеленский Трамппен осы сессия аясында сөйлеспекші ме, жоқ әлде басқа форматта кездесуді жоспарлап отыр ма, ол жағын әлі айтқан жоқ.

Айдар
XS
SM
MD
LG