Accessibility links

Жанболат Мамайды бес күн Қаңтар бойынша тергеуге шақырған


Жанболат Мамай Жоғарғы сотта. Астана, 9 қыркүйек 2024 жыл.
Жанболат Мамай Жоғарғы сотта. Астана, 9 қыркүйек 2024 жыл.

"Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып, алты жылға бас бостандығы шектелген Жанболат Мамай өткен аптада қатарынан бес күн тергеуге шақырылған. Бұл жөнінде адвокаты Жанар Балғабаева Азаттық Азияға хабарлады.

Оның сөзінше, Мамай куәгер ретінде бас прокуратураның Алматыдағы өкілдігіне шақырылған.

"Ол куәгер ретінде шақырылды. Бізге белгісіз адамдарға қатысты 179-бап бойынша ("Билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру") cотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Бес күн бойы одан [Қаңтар оқиғасы болған күндері] не істегенін егжей-тегжейлі сұрады" деді адвокат.

Азаттық Азияның жазуынша, 2024 жылы қарашада қозғалған істі бас прокуратура жанындағы ведомствоаралық тергеу тобы жүргізеді. Бұл істе қанша күдікті бары және өзге де мәліметтер айтылмайды.

Азаттық Қазақстанның бас прокуратурасына сауал жолдады. Әзірге жауап түспеді.

2023 жылы сәуірде Алматыдағы Бостандық ауданының №2 соты тіркелмеген "Демократиялық партияның" жетекшісі Жанболат Мамайды жалған ақпарат тарату, билік өкілін қорлау және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру қылмыстарына айыпты деп танып, 6 жылға шартты түрде бостандығынан айырып, сонша мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салған. Былтыр қыркүйекте Жоғарғы сот Жанболат Мамайдың кассациялық шағымын қараудан бас тартты.

Мамай өзіне шыққан үкімнің саяси астары бар деп санайтынын айтқан. Халықаралық ұйымдар оған араша түсіп, Қазақстан билігін тағылған айыптарды алып тастап, белсендіні босатуға үндеген.

XS
SM
MD
LG