Accessibility links

Ашаршылық, соғыс, кәмпескелеу қазақ психикасына қалай әсер етті?


Азаттықтың "Жаншипа" психологиялық подкасының 14-эпизодында Ашаршылық, қуғын-сүргін, кәмпескелеу, соғыс, Совет Одағының саясаты қазақтың санасы мен психологиясына қалай әсер еткенін талқыладық. Подкасымыздың осыған дейінгі эпизодтарында психологтер "қазақ аштық, соғыс, қиындық көрген халық қой, сол оқиғаның бәрі қоғамның психикасына әсер етіп келе жатыр" дегенді жиі айтты. Сондықтан подкасымыздың бір эпизодын тарихи оқиғалардың қоғам психикасына әсері туралы тақырыпқа арнап отырмыз. Эпизод сарапшысы – сот-психологиялық сараптамасы, психикалық жаралар, экзистенциялық және топтық психотерапия бойынша маман, психолог және криминолог Нұргүл Молдабайқызы.

Ашаршылық, соғыс, кәмпескелеу қазақ психикасына қалай әсер етті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:42:25 0:00

Эпизодта психолог Нұргүл Молдабайқызы айтқан ойлардың маңызды тұстарын мәтін түрінде де ұсынамыз:

"НӘУБЕТТЕР ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ПСИХИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ЖОЙДЫ"

Кейінгі 100-200 жылдағы тарихи оқиғалар қоғам санасына және жеке санаға, ұрпақтан ұрпаққа, әр адамның психикасына белгілі бір залалдарын тигізді деп айтуға болады. Мәселен, совет кезеңіне дейін қазақ халқы ғасырлар бойы еркін болған. Мәдени психология бойынша алсақ, ұлттық құндылықтарда "бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ", "қабырғаңмен кеңес", "көкірек көзіңмен қара", "алты жастағы бала келсе, алпыс жастағы шал сәлем береді" деген сөздер бар. Бұл сөздерді ұлттық инсайдтар деп есептеймін. Бұдан көретініміз – ұлттық құндылықтар адам құндылықтарымен теңестірілген. "Тіл кеспек жоқ" дегені дала демократиясын білдірсе керек. Ал "алты жастағы бала келсе, алпыс жастағы шалдың сәлем беруі" бала құндылығын көрсетеді. Мұның бәрі қазақтың ұлттық санасында болған, бірақ мұның бәрі тарихи оқиғалардан кейін өзгере бастады.

Психолог Нұргүл Молдабайқызы
Психолог Нұргүл Молдабайқызы

Қазір "тыныш отыр, үніңді шығарма" дейтініміз баяғы болмысқа қарама-қайшы. Бір ұлттың санасы эволюциядан өтіп, өзгеріп кетті деп айту қиын, бұл өзгерістер қоғамдық, саяси, мәдени, әлеуметтік жағдайлардан, билік әсер еткен қандай да бір дүниелерден болған.

Мысалы, Совет Одағы кезіндегі тамаққа байланысты салық түрлері, мал-дүниені кәмпескелеу, репрессия мен зорлық-зомбылық салдарынан адамдардың жеке пікірі, құндылықтары психикалық тұрғыдан жұрдай болды. Бұған қоса, құндылығы мен жеке пікірін қорғап, көтеріліске шыққандарды басып-жаншыды. Жеп отырған тамағыңды салық ретінде әкетсе, маңдай термен жиған малыңды тартып алса, ұлт өзін басып тастайды. Яғни дала мәдениетінен қалыптасқан дүниелер қазақта жоғалмады, олардың бәрі әбден тапталды. Адамдар ішқұса болды. Ал ішқұса болған адам оны еңсеру үшін не істейді? Ішкілікке салынады, оны жұмыс істеп баспақ болады, қашады я айналасына әлімжеттік көрсетеді. Зорлықтан адам жәбір көріп, жәбірленуші болады. Ал жәбірленуші кейін түбі жәбірлеушіге айналады. Еркін өскен халықтың үмітін, тіршілігін тоқтату – табиғатқа қарсы шығу деген сөз. Еркіндікке ұмтылғандарды атып тастаған. Бұл – психикалық жарақат, тіл кесілген, үн өшірілген. Мұны психологияда айырылу феномені дейміз. Мұндай адамда құндылық деген жоғалады. Бұл – бір.

"БАЛАНЫ ҰРУ ДА – НӘУБЕТТЕРДІҢ САЛДАРЫ"

Екіншіден, Совет Одағы кезінде әр әйел жұмыс істеуге міндетті болды. Декрет демалысы сегіз аптадан аспаған. Сегіз аптадан соң бала балабақшаға не интернатқа берілген. Демек, екі айға толар-толмаған балада ата-ана жоқ. Бұл – депривация, баланы ата-анасынан айырып, тірі жетім ету. Екі айлық баланы ата-анадан айыру – табиғи құндылықтарынан айыру. Жылу көрмеген бала эмоциялық тұрғыдан адамдармен қарым-қатынас құра алмай қиналады.

Баланы ерте жастан ата-анасынан айыру – психологиялық тұрғыдан қаза мәселесімен тең. Қаза мәселесіне келгенде ата-ананың бойында баладан айырылу деген қорқыныш болады. Сондықтан болар Совет Одағында қазақтың көбі балаларын басқа қалаға шығаруға, оқуға жіберуге қорыққан, жанында ұстаған.

Бұған қоса, халықты ауылда қалдыруға тырысқан, қалада тіркеуге тұру қиын болған. Көркем әдебиетте адамдар оқуға бірнеше талпыныстан соң түскені көп айтылады. Оқуға бірден түскен адам аз. Адамды жекеден айырды, жеке бас еркіндігі болмады, түрме-мемлекетте өмір сүрді. Адамдарда ішкі зорлық-зомбылық пайда болды. Ішкі зорлық-зомбылықтың салдары да – ішкілік, басыбайлы болу, психикалық жарақат, зорлық көрсету. Мұның бәрін қазір қоғамнан көріп отырмыз.

Баланы ұру да – нәубеттердің салдары. Мұның да тарихи себептері бар. Маған келетін әйелдер "баламды ұрғым келмейді, бірақ қалай ұрғанымды білмей қаламын. Бұл не?" деп етегі жасқа толып келеді. Бұл – ішкі зорлық-зомбылық. Совет дәуірінде сегіз айында ата-анасынан ажыратылған жаннан я сондай адамның тәрбиесін көрген адамнан "балаңды неге ұрасың?" деп сұрау орынды ма?

Ал қазақ халқының өзінде баланы екі айында анасынан ажырату деген болмаған. 40 күн анасының жанында болған, қырқынан шығару деген салтты білеміз. Одан кейін 2-3 жастағы баланы "емшектегі бала" дейді. Одан соң "етекке оралған бала" дейді. Демек, баланың кіндігі кесілсе де, ата-анасынан психологиялық тұрғыдан ажырамаған. Ал 3-4 жасқа дейін етекке оралмаған бала кейін басы көрге жеткенше етекке оралып жүреді.

ТАРИХ САЛҒАН ЖАРАҚАТТАРДЫ ҚАЛАЙ ЖАЗАМЫЗ?

Мұның бәрі – қолдан жасалған дүниелер. Қазір осының бәрін халық өз бетінше еңсеруге тырысып жатыр. Бірақ бұл тақырып көп айтылып, зерттелуі керек. Өкінішке қарай, аштық-нәубеттің психикаға әсері толық зерттелмеген. Бұл туралы көп айтылып, кітаптар, подкастар шығарылып, жүздеген диссертация жазылуға тиіс. Халық сонда ішкі зорлық-зомбылығы қайдан екенін түсінеді. Бастысы – әр адам өзіне деген махаббатын оятып, болған оқиғалардың тағдырына әсерін түсініп, зорлық-зомбылықты жалғастырмауға ниет етсе, нәтиже болады.

"Жаншипа" подкасының барлық эпизодын – арнамыздан я Apple podcasts, Google podcasts платформаларынан да тыңдай аласыз. Іздеу жүйесіне "Жаншипа" деп терсеңіз шығады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG