Accessibility links

Жапонияда күшті жер сілкінісінен мыңдаған үй жарықсыз қалып, жолдар бүлінді

Кумамото префектурасының Кашима қаласында жер сілкінісінен зақымдалған сауда орталығы. Жапония, Кюсю аралы, 28 шілде, 2026 жыл.
Кумамото префектурасының Кашима қаласында жер сілкінісінен зақымдалған сауда орталығы. Жапония, Кюсю аралы, 28 шілде, 2026 жыл.

28 шілде күні Жапонияның оңтүстігіндегі Кумамото префектурасында болған күшті жер сілкінісі салдарынан мыңдаған үй жарықсыз қалып, жолдар бүлінген, кемінде 50 адам жарақат алған.

Жер сілкінісі жергілікті уақытпен сағат 16:27-де Кюсю аралында тіркелген. 150 мыңнан астам адамға эвакуация пункттеріне бару жөнінде нұсқау берілген. Цунами қатері туралы ескерту жарияланып, бір сағаттан кейін қауіп сейілгенін хабарлаған.

АҚШ Геологиялық қызметі жер сілкінісінің магнитудасын бастапқыда 7,1-ге тең деп хабарлаған, кейін 6,8-ге дейін төмендетті.

Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи адам шығыны мен материалдық залалдың нақты көлемі әлі анықталып жатқанын мәлімдеді. Ол бірқатар ауданда жарық өшіп, өрт шыққанын айтты. Кей тұста жолдар мен көпірлер зақымданып, кейбір ғимараттар қираған.

Билік құтқару және залалды бағалау жұмыстары түні бойы жалғасатынын айтты.

Киодо агенттігі Кумамотодағы жер сілкінісі кезінде Яцусиро станциясында теміржолдан тайып кеткен жолаушы пойызы бір бүйіріне аунап қалғанын хабарлады. Әуеден түсірілген суреттерде көлік өтетін көпірдің бір бөлігі құлап түскені көрінеді.

Кюсю аралында қауіпсіздік мақсатында пойыз қозғалысы тоқтатылып, Асо-Кумамото әуежайының ұшып-қону алаңы жабылғаны жарияланды.

Айдар
XS
SM
MD
LG