Қазақ даласын енді екі жолбарыс мекендейді. Бұл жыртқыштар соңғы рет бұл аймақта осыдан 80 жыл бұрын жортып жүрген. Амур атты еркек жолбарыс жуырда мысық тұқымдас осы жыртқышқа арнап құрылған табиғи резерватқа жіберілді. Бұл туралы 2 қарашада Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
Амур Алматыдан солтүстік-батысқа қарай шамамен 300 шақырым жерде орналасқан "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватында Үміт атты ұрғашы жолбарыс екеуі еркін кезіп жүреді. Үмітті Ресейден әкеліп, осы резерватқа осы жылы 31 шілдеде жіберген. Жабайы табиғатқа оралғанына 10 күн толмай жатып, ұрғашы жолбарыс қабан мен қасқыр аулап жеген. Қолдағы деректерге қарағанда, ол Қазақстандағы табиғи ортаға жақсы бейімделген.
Жолбарыс жіберілген жерге жақын орналасқан балық аулайтын демалыс базасының меңгерушісі Валерий Биляченко бұл жобаны мұқият қадағалап отыр. Азаттыққа сұхбатында ол жергілікті тұрғындардың көбі жолбарыстың оралуына қарсы екенін айтады.
"Маңайдағы ауылдарда басты табыс көзі — мал шаруашылығы, — дейді ол. — Мұнда жайылым бар, мал бар, сондықтан олар жолбарыс малға шаба ма деп қорқатыны заңды".
Кейбір ауылдар жыртқыштар жіберілген жерден бар болғаны ондаған шақырым қашықта орналасқан.
«Жолбарыстарға GPS-қарғыбау тағылған, сондықтан олардың қозғалысы қадағаланады. Олар елдімекенге жақын келсе, оларды үркітіп қайыратын арнайы топтар жіберілетінін айтты», — дейді Биляченко.
Қазақстанда жолбарыс адам мен малға шаппауы үшін "қақтығысқа қарсы" жылжымалы топтар жұмыс істеді. Бұған қоса, автоматты хабарлау жүйесін енгізу жоспарланған: жолбарыс ауылға не шаруашылығына 5 шақырым радиусқа жақындаса, жергілікті тұрғындарға хабарлама келеді.
«Басты мақсатымыз — бұл жыртқыштарды тарихи мекеніне қайтарып қана қою емес, жабайы табиғатта өз бетінше өмір сүріп, көбейе алатын тұрақты популяция қалыптастыру», — деді Амур атты жолбарысты жібергеннен кейін Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров.
Қорықтағы екі жолбарыс уақыт өте кездесіп, "жолбарыс тойы" болады деген үміт бар. Дегенмен сарапшылар бұл жұптың шағылысу ықтималдығы төмен дейді.
Балық аулауды ұйымдастыру ісіне келсек, Биляченконың айтуынша, жақын арада елеулі өзгеріс болмайды, бірақ кейінірек жағдай өзгеруі мүмкін. 2027 жылы қорыққа тағы екі жас жолбарыс жіберілмек. Жоспар бойынша, қазақ даласында шамамен 50 жолбарыс мекендемек. Бұл жолбарысты қызықтайтындарға арналған туризмді дамытуға жол ашады, алайда жұрттың бұл өңірдегі табиғат аясында еркін демалу мүмкіндігін шектеуі ықтимал.
"Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи қорығы 2018 жылы құрылған. Оны жолбарысқа арнап дайындаған: мұнда 200-ден астам бұғы мен 100-ден аса құлан әкелінді. Олар жыртқыштар үшін "жемтік қоры" болуға тиіс.
Бюджеті 30 миллион доллар болатын жолбарысты қайтару жобасы — Қазақстан мен Ресейдің бірлескен бастамасы; жануарлар Ресейден әкелінді. Қаржыны Жабайы табиғатты қорғаудың дүниежүзілік қоры (WWF), БҰҰ Даму бағдарламасы (UNDP) және Қазақстан бөлді.
Бір кездері Қазақстанда біршама жолбарыс мекендеген, бірақ аңшылық пен мекен ету ортасының бұзылуы салдарынан 1930 жылдардың ортасына қарай олардың оншақтысы ғана қалған. Қазіргі Қазақстан аумағында бұл ірі мысық тұқымдастар 1948 жылға қарай мүлде жойылған деп саналады.
"Мұндай жоба — бүкіл әлемге берілген сигнал. Бұған дейін тарихи тұрғыда жойылып кеткен ірі сүтқоректінің, оның үстіне жыртқыштың түрі ешбір жерде қалпына келтірілген емес", — деді қазақстандық жобаға қатысты пікір білдірген Ресейдің "Амур жолбарысы" орталығының бас директоры Сергей Арамилев.