Оппозиция жағындағы мыңдаған қарулы адам Йемен астанасына аттанды

Наразылық шеруіне қатысушылар үкімет күштерімен қақтығыста жараланған адамды көтеріп әкеле жатыр. Сана, Йемен, 1 маусым 2011 жыл.

Йеменде президент Әли Абдолла Салехтің режиміне қарсы бас көтерген жергілікті ықпалды тайпа көсемдерінің бірі Шейх Садық әл-Ахмедті қолдайтын мыңдаған қарулы адам ел астанасы Сана қаласына аттанғаны туралы ақпарат тарады.

Өткен түнде Сананың солтүстік бөлігінде үкімет күштері мен Шейх Садық әл-Ахмедтің жақтастары арасында болған қақтығыс салдарынан кемінде 15 адам мерт болған.

Оппозицияға қосылған жергілікті тайпа өкілдері мен президент Әли Абдолла Салехті қолдаушылар арасында бейбітшілік туралы жасалған келісімі небары төрт күн ғана сақталып, сейсенбі күні Санада қарулы жанжал қайта басталған болатын.

Бүгін елдің оңтүстігіндегі Таиз қаласында үкіметке қарсы шеруге шыққандарға полиция тағы да оқ атты. Таизда осы аптада қаза болғандардың саны 40 адамнан асқан.

Йеменді отыз жылдан астам уақыт үздіксіз басқарып келе жатқан президент Салехтің биліктен кетуін талап еткен халық наразылығы осыдан төрт айға жуық уақыт бұрын басталған еді. Содан бері елде кемінде 320 адам мерт болды.

Йеменде дағдарыс басталғаннан бері Парсы шығанағындағы араб елдері ынтымақтастық кеңесінің елдегі билікті бейбіт жолмен тапсыру туралы бірнеше мәрте білдірген ұсынысынан президент Салех бас тартты.