Хамид Карзай АҚШ-пен келіссөздерді тоқтатты

Ауғанстан президенті Хамид Карзай. Кабул, 9 мамыр 2013 жыл.

Ауғанстан президенті Хамид Карзай 2014 жылдан кейін елде америка әскерін қалдыру туралы АҚШ-пен жүргізіп жатқан келіссөздерді тоқтатты.

Карзайдың баспасөз хатшысы Аймал Файзидің айтуынша, ауған басшысы "АҚШ үкіметінің Ауғанстандағы бейбіт келісімдерге қатысты сөзі мен ісі бір-біріне қайшы" деп, келіссөздерді тоқтатқан.

Карзай әкімшілігі президент айтқан "қайшылықты" егжей-тегжейлі тарқатпады.

Ауғанстан президенті Карзай 18 маусымда "ауған армиясы елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін НАТО халықаралық күштерінен қабылдап алғанын" мәлімдеген.

Сол күні Катарда "Талибан" ұйымының шетелдегі алғашқы өкілдігі - "Ауғанстан ислам әмірлігінің саяси кеңсесі" ашылған еді. "Талибан" мен АҚШ бұл өкілдікте бейбіт келіссөздерді бастауға ынталы екендерін мәлімдеген. Бірақ "Талибан" Карзай үкіметімен келіссөздер жүргізуден, тіпті оны мойындаудан бас тартқан.