Апта бейнелері

15 шілдеде Алматыдағы «А-Та строй» компаниясының жұмысшысы Айдар Меңлібеков құрылыс кранының басына шығып, еңбек құқығының бұзылып отырғанына наразы екенін мәлімдеді. Бірнеше сағаттан соң жерге түскен жұмысшы компания әкімшілігі талаптарын орындауға келіскенін айтты. Суретте: Айдар Меңлібеков наразылық танытып шығып алған құрылыс краны. Алматы, 15 шілде 2013 жыл.

Ресей Чехиядан ұшып келген тәжікстандық оппозициялық журналист Додожон Атовуллоны, еш себебін түсіндірместен, Мәскеудің Шереметьево әуежайына кіргізбей қойды. Тәжікстан бас прокуратурасының орынбасары бұл іске тәжік билігінің қатысы жоқ деп мәлімдеді.

Панама билігі Солтүстік Кореяның туын іліп, Кубадан қару-жарақ артып шыққан жүк кемесінің ұсталғанын хабарлады. Суретте: Панама полиция қызметкері ұсталған кемедегі жүкті күзетіп тұр. 17 шілде 2013 жыл. 

16 шілдеде АҚШ-тың қауіпсіздік қызметінің бұрынғы агенті Эдвард Сноуден Ресейден уақытша баспана сұрап өтініш берген. Ресейдің миграция қызметі 23 маусымда Гонконгтен ұшып келгеннен бері Шереметьево әуежайының транзит аумағында тұрып жатқан Сноуденнің өтінішін үш ай мерзім ішінде қарайтынын хабарлады.

17 шілде күні Қырғызстан жағынан Қазақстанға тартылған «Быстроток» (Көксай) каналы бойынша қайтадан су беріле бастады. Он күн бұрын Қырғызстандық аудан тұрғындары Қазақстанмен арадағы шекара бөлісімен келіспей, каналды бөгеп тастаған еді.

18 шілдеде АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Монтана штатының Эврика қаласындағы Ranch for Kids мекемесінде Қазақстаннан асырап алынған балалар жоқ екендігі туралы мәлімдеме таратты. Содан бір күні бұрын Астанаға келген Ресей президентінің бала құқығы бойынша өкілі Павел Астаховтың Қазақстан бас прокуратурасына «Ranch for Kids лагеріндегі Қазақстан балаларының тізімін» бергені хабарланған еді.

18 шілдеде Астананың қылмыстық істер бойынша апелляциялық сот алқасы Қазақстанның кедендік бақылау комитетінің бұрынғы басшысы Серік Баймағанбетовті 10 жылға бас еркіндігінен айыру туралы бұған дейін шығарылған сот үкімін күшінде қалдырды. Прокуратура Баймағанбетовтің жаза мерзіміне тағы екі жыл қосуды сұраған. 

19 шілдеде Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы Сарыбөктер шекара заставасының бұрынғы бастығы Алексей Фоминді мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы шешім қабылдады. 2012 жылы «Арқанкерген» шекара бекетіндегі оқиғаға байланысты сотталған Фомин өзіне сот тағайындаған үш жылдық жазаның үштен бірін өтеген.

19 шілде, жұма күні Египетте «Мұсылман бауырлар» қозғалысы биліктен шеттетілген Мұхаммед Мурсиді президенттік қызметке қайтаруды талап етіп наразылық шеруін өткізді. Каирде ондаған мың адам қатысты, Әл-Мансур қаласында Мурсиді жақтайтындар мен қарсыластары арасындағы қақтығыс салдарынан 2 адам мерт болған.

19 шілде күні Италия сенаты ішкі істер министрі Анджелино Альфаноға сенім білдіру бойынша дауыс берді. Қуғындағы қазақ оппозициялық саясаткері Мұхтар Әблязовтың туыстарын депортациялау ісіне қатысты қарсыластары отставкаға кетуін талап еткен министрді 226 сенат мүшесі қолдап дауыс берген, 55-і қарсы шыққан. Осының қарсаңында БҰҰ сарапшылары Италия билігін уақыт жоғалтпастан Мұхтар Әблязовтың әйелі мен қызын дипломатиялық жолмен кері қайтаруға шақырған еді.

19 шілдеде Риддерде құқық қорғаушы, журналист Александр Харламовтың соты басталды. Атеист екенін айтқан Харламовқа «Діни араздық туды» деген айып тағылған. 

Сенбі күні Киров қаласынан поезбен Мәскеуге жеткен оппозиция белсендісі Алексей Навальныйды қолдаушылары мен журналистер вокзалдан қарсы алды. Ол жұма күні Киров облыстық сотының шешімімен бостандыққа шыққан. Бейсенбіде сот «ірі көлемде ақша ұрлаған» деген айыппен Алексей Навальныйды 5 жылға бас еркіндігінен айырып, сот залында тұтқындаған еді. Мәскеу және өзге қалаларда сот үкіміне наразылық акциялары өткен.

Суретте: Алексей Навальный (ортада) өзін қарсы алғандардың алдында сөйлеп тұр. Мәскеу, Ресей, 20 шілде 2013 жыл.