Колеровтің дәрісінде ұсталғандар босатылды

КИМЭП университетіндегі қарсылық шарасы үшін ұсталған жастар полиция автобусында отыр. Алматы, 19 қыркүйек 2013 жыл. (Сурет азаматтық белсенді Мұхтар Тайжанның Facebook парақшасынан алынды).

Алматыда бейсенбі күні бірнеше белсендіні ұстап алып кеткен полиция біраз уақыттан соң оларды қоя берген. Бұл туралы Азаттыққа ұсталғандардың бірі Қасым Аманжолұлы хабарлады.

– Барлығымыздан түсініктеме алды да қоя берді. Бас-аяғы екі сағаттай уақыт болдық полицияда, – деді ол.

19 қыркүйекте Алматыдағы КИМЭП университетінде ресейлік «Регнум» баспа үйінің президенті Модест Колеровтың лекциясы басталар алдында бір топ студент орындарынан тұрып, саяси мазмұндағы сөздер жазылған плакаттар көтерген.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, полиция «Колеров, үйіңе кет!», «Кеден Одағы – құлдық одағы», «Еуразия одағы – далбаса» деген плакаттар ұстаған, жастары 20-25 аралығындағы бірнеше адам мен оларды қолдаушыларды (жиыны 11 адамды) Алматының Медеу аудандық ішкі істер бөліміне апарған.

Алматы қаласы Медеу аудандық ішкі істер бөлімінен бұл оқиға туралы пікір алу мүмкін болмады.