Апта бейнелері: 3 - 8 ақпан

Оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты айыпталып, бұған дейін 20 жылға сотталған сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевтың ісін қайта қараған Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотының судьясы Асқарбек Бейімбетов ақпанның 3-і күні Өтембаевты "қылмысқа айдап салушы" ретінде 13 жылға соттау туралы үкім шығарды. Сотқа жәбірленуші тараптың өкілдері мен авдокаттары келмеді.

Өтембаевтың ісін қайта қарауға бұған дейін осы қылмысты орындаушы ретінде өмірлік түрме жазасына кесілген Рустам Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректер негіз болғаны туралы 2013 жылы 11 желтоқсанда бас прокуратура мәлімдеме жасаған еді. 

«Еуромайданға» барып, қолдау білдірген Қазақстан азаматтары көбейе бастады. Осы аптада Киевке барған қазақстандық журналист әрі қоғамдық белсенді Жанболат Мамай Азаттыққа сұхбатында «Украина Ресейдің интеграциялық жобаларына қосылмаса, Қазақстанға да ықпал етеді» деген ойымен біөлісті.

Өздерін "Майдан аналары" атаған ондаған әйел Киевтегі Ресей елшілігіне барып, Ресей президенті Владимир Путинді "Украинаға оқ бермеуге" және "балаларын өлтірмеуге" шақырды. Олардың наразылық акциясына Ресей саясаткерлерінің Киев Майданындағы үкіметке қарсылық білдірушілерге қатысты аңдаусызда айтқан сөздері түрткі болған.

Ақпанның 5-сі күні Алматы әкімі Ахметжан Есімов блогерлермен бірге отырған мейрамхана маңына барып, кездесуге өздерін кіргізбегеніне наразылық білдірген Ринат Кибраев, Нұрәлі Айтеленов және Дмитрий Щелоковті сол жерден полиция ұстап, кейін әкімшілік соттың шешімімен үшеуі "бұзақылық" айыбымен 10 күнге қамалды.

Әкім мен блогерлер кездесуін қызу талқылаған әлеуметтік желілерде "тек билікшіл блогерлер ғана шақырылған" деген мазмұндағы сыни жазбалар да шықты. Алматылық блогердің бірі Владимир Лукашовтың осы кездесуге арнап салған карикатурасы интернетке тарап кетті.

4 ақпанда Астананың Сарыарқа аудандық соты 55 жастағы кәсіпкер Руза Бейсенбайтегінің коммерциялық банктің үстінен берген шағымын қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Бұдан 10 ай бұрын «Цесна банктің» жергілікті бөлімшесінен салық төленгенін растайтын түбіртекте қате жазылған өз аты-жөнін түзеу керектігін айтқан тұтынушыға банк қызметкерлері қазақ әріптерін оқитын бағдарламалардың жоқтығын сылтау етіп, оның талабын орындамаған. Ескертуінен нәтиже шықпағасын Руза Бейсенбайтегі сотқа жүгінген еді.

Суретте: Руза Бейсенбайтегі Сарыарқа аудандық сотының алдында. Астана, 4 ақпан 2014 жыл.

Ақпанның 4-і күні Алматы қалалық соты 2013 жылы желтоқсан айында көлігімен алты адамды қағып, кісі өліміне себепкер болған 25 жастағы алматылық Мақсат Үсеновті 45 күнге әкімшілік қамауға алып, екі жылға жүргізуші куәлігінен айыру туралы шешім шығарды. Бірақ бұл шешім туралы журналистер сот отырысы кезінде емес, соттан кейін бір-ақ білді.

Былтыр болған қайғылы оқиғадан соң Үсеновтің қылмыстыққ жазаға ілінбей, бостандықта жүргені әлеуметтік желілерде қызу талқыланған тақырыпқа айналды. Наразы жұрт көптеген қазақстандық лауазымды тұлғалардың балалары сияқты, Мақсат Үсенов те заң бұзғаны үшін жауапкершіліктен қашып кетеді деп қауіп білдірген еді.

БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті 33 жастағы Олег Евлоевті (суретте - оң жақта) Қазақстан полициясы азаптаған деп таныды. Қазақстанда "аса ауыр қылмыс жасаған" деген айыппен 2009 жылы өмір бойына түрме жазасына кесілген, қазір Қостанай облысы Жітіқара қаласы маңындағы түрмеде отырған Евлоев «бұл іс қолдан жасалған, қылмысқа қатысым жоғын растайтын дәлелім бар» дейді.

Олег Евлоев – БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне дейін шағымданып, дауда мемлекетті жеңген екінші қазақстандық. Оған дейін БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті полицейлердің азаптауынан зардап шеккен Қостанай тұрғыны Александр Герасимовтың пайдасына шешім шығарған еді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақпанның 6-сы күні Атырау облысына сапарында мемлекет атауын өзгерту туралы ой білдірді. «Шетелдіктердің небәрі екі миллион халқы бар Моңғолияға қызығушылық танытатыны» туралы айтқан Назарбаев Қазақстанның ресми атауын «стан» жалғауынсыз «Қазақ елі» деп атау туралы ұсыныс барын, «бірақ мұны алдымен міндетті түрде халықтың талқысына салған жөн» екенін айтты. Назарбаевтың бұл сөзі әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды. Кейбіреулер ұсынысты қолдаса, енді бірі қарсы пікірлерін жариялады. 

5 ақпанда АҚШ президенті әкімшілігінің баспасөз хатшысы Джей Карни мемлекеттік хатшының көмекшісі Виктория Нуланд пен АҚШ-тың Украинадағы елшісі Джефф Пайеттің телефон әңгімесі делінген жазбаның жарияланып кетуіне Ресейдің қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеді.

Интернетте орыс субтитрімен жарияланған, Нуланд пен Пайеттің телефон арқылы әңгімесі делінген аудиожазбада Украинадағы жағдай талқыланады. Әңгіме арасында әйел адам Еуропа Одағының (ЕО) Украинадағы жағдайды реттеудегі іс-әрекеттеріне ашуланғанын бейәдеп сөздермен жеткізеді.

Суретте: АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Виктория Нуланд (ортада) пен АҚШ-тың Украинадағы елшісі Джефф Пайет (оң жақта). Киев, 10 желтоқсан 2013 жыл.