Германия Ресеймен әскери келісімді орындаудан бас тартты

Рейхстаг, Берлин. (Көрнекі сурет)

Германия Ресейдің Қырымды аннексиялап алуына байланысты осы ел армиясымен жасалған ірі келісім-шартты орындауды тоқтатты.

Германия экономика министрлігінің мәлімдеуінше, сарбаздарды әскери дайындықтан өткізу орталығына құрал-жабдықтар жеткізу жөніндегі 2011 жылы қол қойылған келісім жақын уақытта орындалмайды.

Ресей үкіметі мен немістің Rheinmetall компаниясы арасындағы келісімнің құны 100 миллион еуроны құрайды. Неміс ақпарат құралдарының хабарлауынша, Rheinmetall құрал-жабдық жеткізбек болған орталықта жылына 30 мыңға тарта ресейлік әскери қызметкер дайындықтан өтеді деп жоспарланған.

Германия экономика министрлігінің мәлімдемесінде аталған орталыққа "қалыптасқан жағдайға байланысты жақын уақытта құрал-жабдық жеткізу мүмкін емес" делінген.

Берлин Ресейдің Қырымды аннексиялап алуын "халықаралық құқыққа қайшы" деп санайды. Германия билігі Еуропа Одағына мүше басқа да мемлекеттермен бірігіп Ресейдің бірнеше шенеунігіне қарсы санкциялар енгізген.