Қазақстан үкіметін басқарғандар

Сергей Терещенко тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі (16 қазан 1991 жыл - 14 қазан 1994 жыл) болды. Оның тұсында Қазақстанның агроөнеркәсіп саласында нарықтық реформалар басталып, колхоздар мен совхоздар таратылып, жаңадан фермерлік және ұсақ шаруа қожалықтары құрыла бастады. Инфляция бұрын-соңды болмаған шарықтау шегіне жетті. Биліктен кеткен соң Терещенко Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктестерінің бірі болып қала берді. 1999 жылы мерзімінен бұрын өткен президенттік сайлауда кандидат Назарбаевты қолдау штабын басқарды. Сайлаудан соң осы штабтың негізінде құрылған "Отан" партиясы кейін "Нұр Отан" партиясы болып атауын өзгертті.

Сергей Терещенко қазір Қазақстанның бірнеше облысында ауыл шаруашылық жері бар кәсіпорынды басқарады.

Әкежан Қажыгелдин басқарған үкімет (14 қазан 1994 жыл - қазан 1997 жыл) ел экономикасына реформалар жасаумен айналысты. Қазақстанда жүргізілген жекешелендіру саясатындағы жетістіктер мен кемшіліктер сөз болғанда Қажыгелдиннің есімі де аталады. Оның биліктен оппозицияға кетуі де сол кезде қоғамның саяси өміріндегі үлкен оқиғалардың бірі болды. 1998 жылдың жазында шетелге саяси эмиграцияға кеткен Қажыгелдинді Қазақстан соты «билікті асыра пайдаланған, аса ірі мөлшерде мәжбүрлеп пара алған, заңсыз қару сатып алған, оны сақтаған, салық төлеуден жалтарған» деген айыптар бойынша 2001 жылы сырттай 10 жылға соттады.

Қазақстанның үшінші премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев (10 қазан 1997 жыл - 1 қазан 1999 жыл) болды. Оның үкіметіне сол кезде жаңадан қабылданған "Қазақстан-2030" стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру шараларын атқару міндеті жүктелді. АҚШ-та қозғалған атышулы «Қазақгейт» ісіне қатысты баспасөзде Қазақстанның жоғары лауазымды басшыларының қатарында Балғымбаевтың есімі де жиі аталған еді.

Қазақстан үкіметін басқарған (12 қазан 1999 жыл - 28 қаңтар 2002 жыл) Қасым-Жомарт Тоқаев премьерлікке тағайындалған кезде кабинетіне халықпен жариялылық негізінде, демократиялық стильде жұмыс істеу қажеттігін айтқан еді. Бірақ ол 2001 жылы үкімет құрамындағы өзгерістерді, жаңа реформалар мен жариялықты талап еткен «жас түркілерді» жұмыстан қууды президенттен сұрап, телеарна арқылы мәлімдеме жасады. Бұл талабы орындалған соң көп ұзамай өзі де отставкаға кетті. Дипломатиялық қызметке оралған ол кейін парламент сенатының төрағасы болып сайланды.

Советтік комсомол мектебі сатысымен билікке көтерілген Иманғали Тасмағамбетов үкіметі тұсында (28 қаңтар 2002 жыл - 11 маусым 2003 жыл) елде оппозиция мен халықаралық демократиялық ұйымдар «саяси астары бар» деп баға берген бірнеше сот процестері өтті.

Ол мәжілістегі оппозициялық депутаттардың Қазақстанның шетелдегі құпия есепшоты мен ондағы 1 миллиард АҚШ доллары жайлы сауалына ол ақшаның «ел экономикасын банкроттықтан сақтап қалғанын» айтқан.

Даниял Ахметов премьер-министр болған уақытта (13 маусым 2003 жыл - 8 қаңтар 2007 жыл) Қазақстанда көптеген бағдарламалық құжаттар қабылданды. Сыншылар елде мұнай өндірісінің көлемі мен әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт өскен кезде үкімет белгілеген жоспарлары жүзеге аспай қағаз бетінде қалғанын айтады. Осы жылдары Қазақстанда оппозиция мен тәуелсіз басылымдарды қудалау жалғасып, Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлы сынды оппозиция өкілдері жұмбақ жағдайда қаза тапты.

Кәрім Мәсімов тәуелсіз Қазақстанның осы кезге дейінгі тарихында ең ұзақ отырған үкімет басшысы (10 қаңтар 2007 жыл - 24 қыркүйек 2012 жыл) атанды. Мәсімов үкіметі келгенде әлем және Қазақстан экономикасы да дағдарысқа жолыққан еді. Президент Назарбаев бұл үкіметке Қазақстанды бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосу, индустриалды-инновациялық бағдарламасын әзірлеп жүзеге асыру сияқты міндеттер қойды. Бұл кезеңде Қазақстан Ресей және Беларусьпен бірге Кеден Одағына мүше болып кірді.

Қазақстан үкіметін бір жарым жылдай (24 қыркүйек 2012 жыл - 2 сәуір 2014 жыл) басқарған Серік Ахметовтің нақты не үшін қызметінен алынғаны жайлы әдеттегісінше ресми түсініктеме берілген жоқ. Жарты жыл бұрын президент Назарбаев премьер-министрдің жұмысын сынағаннан кейін Ахметовтің отставкаға кететіні туралы түрлі болжамдар айтылған. Сарапшылар мұның алдындағы өзгелер сияқты Ахметовтің үкіметі де айтарлықтай экономикалық табыстарға жетпегенін айтады.

Бір жарым жылдан соң, яғни 2014 жылы сәуірде үкімет басына қайта оралған Кәрім Мәсімов 2007 жылы осы қызметке алғаш тағайындалғанда айтқан сөздерін тағы қайталап, президент Назарбаевқа «әркез көмекшісі болып қала беретінін» мәлімдеді. Назарбаев «жаңа үкіметтің инвесторларды тартуға күш салуы керек екенін, экономиканы күшейту үшін ұлттық қордан қаржы бөлдіру туралы шешім шығарғанын» айтты.

2016 жылы қыркүйекте Кәрім Мәсімов ҰҚК төрағасы болып тағайындалды. Оның орнына Бақытжан Сағынтаев премьер-министр болып келді. Сағынтаев 2019 жылы 21 ақпанда президент Назарбаевтың жарлығымен отставкаға кетті. Қазақстан басшысы Сағынтаев басқарған үкімет бюджет қаржысын дұрыс пайдаланбады, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыра алмады деп сынады.