Қазақстан сән аптасы

Қазақстан сән аптасының (KFW) негізін қалаушы әрі бұл шараның бас продюсері - дизайнер Саят Досыбаев. Ол KFW-дің жеке арт-орталығы болғанын армандайтынын айтты.  

Дизайнер Айнұр Тұрысбектің коллекциясы бокс тақырыбына арналған. Модельдердің барлығы подиумға бокс шлемін киіп шықты. Коллекция киімдері негізінен қоңыр түсті болды.   Азаттық тілшісі Айнұр Тұрысбектен неге бокс тақырыбын таңдағанын сұрады. Ол «Қазақстанның аты бокспен шыққан. Алтын медаліміз көп. Мен боксқа деген махаббатымды көрсеттім. Әкем, аға-інілерім, өзім де бокспен айналысамыз. Бүгінгі шараны бокстан олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов келіп көрді» деді.

Алексей Чженнің коллекциясы. Ол KFW-дің негізгі дизайнерлерінің бірі саналады. KFW онлайн-басылымы «Kаzakhstan Fashion Report» оны Қазақстан сән индустриясының шырақшысы болып келе жатқан самурайға теңейді.  

Қазақстан дизайнері Камила Курбани KFW шарасында әйелдерге арналған коллекциямен қатар, ерлер киімі үлгілерін де көрсетті. Оның коллекциясының ерекшелігі - киімдерде Алматының әсем ғимараттары мен орындары (опера театры, Көктөбедегі телемұнара, Тәуелсіздік монументі және т.б. нысандар) бейнеленген. 

Камила Курбани коллекциясындағы кейбір киімдерде Астана (Бәйтерек) тақырыбы да қамтылған.  

Грузин дизайнері Кети Чхиквадзе ұсынған киім үлгілері.  

Сән апталығының бірінші күнінде ең әсем коллекция көрсеткен Ая Бапани (Қазақстан) болды. Модельдер подиумға Жәмила Серкебаева скрипкамен орындаған этникалық музыкамен шықты. Азаттық тілшісіне ол мұндай музыканың өзіне "ұнамды сюрприз" болғанын айтты.  

Ая Бапани стилін кейбір адамдар "қазақ неоклассикасы" деп сипаттайды. Оның коллекциясында көне сақ мәдениеті элементтері де бар.  

KFW-дің бірінші күні журналистермен көп сөйлескен адамның бірі скрипкашы Жәмила Серкебаева болды. Азаттық тілшісіне ол "KFW шараларының барлығына қатысуға тырысатынын, сахнаға көбінесе Қазақстан дизайнерлерінің (Сергей Шапунин және Михаил Кравец) киімдермен шығатынын" айтты. Жәмила бірінші күнгі көрсетілімде Алексей Чжен, Ая Бапани мен Камила Курбани коллециялары ұнағанын айтты.

Азаттық тілшісіне Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты, журналист Дарья Клебановамен сөйлесудің сәті түсті. Оған бірінші күні көрсетілген төрт дизайнердің коллекциялары ішінен Алексей Чженнің киім үлгілері ұнаған. Оның сөзіне қарағанда, "гардеробында отандық дизайнерлердің де киімдері бар". Клебанова подиумға шыққан сән үлгілерінің "бәрі де тұтынушыларға ұнайтынын, сатып алушылардың көп болатынын" айтты. Экс-депутат «Ал бұл коллекцияларды өндіріске енгізу, жалпы бұқараға тарату, шетелге экспорттау бір дизайнердің қолынан келмейтін шаруа" деді.