Головкинмен кездесу

Кәсіпқой бокстан орта салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин Астанада баспасөз мәслихатында алдағы уақытта өзінің бір жекпе жегін Қазақстан астанасында өткізгісі келетінін айтты. «Астанада бокс жекпе жегін өткізсем деген үлкен тілегім бар, ол жоспарымды Астана әкімімен кездескенімде айттым, дәл қай кезде екенін айта алмаймын, бірақ ондай жекпе жек өткізуге болады» деді ол.

Қазіргі таңда әлемдегі ең мықты нокаутқа түсіргіш боксшылардың үштігіне енген Геннадий Головкин өзі көптен күткен жерлестерімен бүгінгі кездесуге қуанышты екенін жеткізді.

«Мені аңыз жасаудың қажеті жоқ. Кәсіпқой бокстағы жолымды мен жаңадан бастадым» дейді орта салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған қазақстандық боксшы Геннадий Головкин.

Астанадағы кездесуде Головкинге кәсіпқой бокста сынға түсіп жүрген қазақстандық тағы бір спортшы Қанат Исламмен жекпе жек өткізу туралы сұрақ қойылды. «Қанат Исламмен кәсіпқой жекпе жек ұйымдастырудің әзірше қисыны жоқ. Салмағымыз да, рейтингтегі жағдайымыз да әр түрлі. Бұл әңгімені Қанаттың айтқанына күдігім бар. Мен оны және бапкерін жақсы танимын. Жеке басын құрметтеймін» деді Головкин.

Чемпион отбасы туралы сауалдарға да жауап берді. «Ұлымның қазіргі өсіп жатқан жағдайына қарасам, ол өскенде боксшы болғысы келмейтін сияқты. Өзім де оның боксшы болғанын қаламас едім. Боксты өмірлік ұстанымың етуіңе өскен орта итермелейді» дейді Геннадий Головкин.

Головкин шенеунік болу өз жоспарында жоқ екенін айтты. «Осыған дейін маған шенеуніктік қызмет ұсынған емес. Басшылық салаға ауысып кеткен спортшылар жеткілікті. Ол – әркімнің өз таңдауы. Ал, өз басым болашақта шенеунік болуды ойлаған емеспін» деді ол.

Есімі жұртқа танымал чемпион жерлесімен кездесуге Назарбаев университетіне көп адам жиналды.

Геннадий Головкин Астанадағы Назарбаев университетінің құрметті қонағы кітабына тілек жазып отыр.

Назарбаев университетінің құрметті қонағы кітабындағы Геннадий Головкиннің қолтаңбасы.

Кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинмен Астанадағы Назарбаев университетінде өткен кездесуге қатысушылар.