Ахмедияровтың «Нафталині»

Асхат Ахмедияров қазіргі өнердің түрлі жанрлары - видеоарт, перфоманс, инсталяция, фото бойынша жұмыс істейді.

Суретшінің сөзіне қарағанда, картиналары ұрпақтар арасындағы байланыстың үзілгенін баяндайды.  

"Нафталин" көрмесі - бұл автордың қазіргі заман туралы ойларының көрінісі.

Еркіндік пен таза ауа жоқ жерге күйе [көбелек] түседі. Нафталин - осы күйемен күрестің құралы. Суретші "адам жанының қараңғы түкпірлерін ашып, оған таза ауа жіберіп, еркіндік сыйлағысы келетінін" айтады.  

Көрмеге суретшінің "Жалаңаяқ суреттер" атты сериясынан да картиналар қойылды. Бұл кескін кенепке аяқпен тапталып салынған.  

Көрмеге келген адамдар "Жұмақ құстары" аталған перфомансқа да қатысып жатты. 

Перфоманс бойынша, биік орындықта отырған қыздардан қызыл уылдырық пен ақ шарап сұрау керек.  

Асхат Ахмедияров "Жасанды сұлулықтың астарындағы шынайы бейнелерді де көре білуіміз керек" дейді.  

"Номад" фотосессиясы кейінгі ұрпақтың "жаңа һәм сырттан келген өркениет нормаларына" бейімделуін, бірақ бәрібір олардың "көшпенділер" түйсігімен қалғанын көрсетеді.  

"Бағыныштылар" сериясында суретші адамдарды ұлттық киіммен салған, бірақ олардың ұлттық костюміне жат атрибуттар - медальдар мен эполеттер араласып кеткен. Осы арқылы суретші адамдардың қалай өзгергенін көрсеткен.  

Асхат Ахмедияровтың "Нафталин" көрмесі Has Sanat артгалереясында наурыздың 4-іне дейін болады.