Әкімшілік сот Ермек Нарымбаевты 15 күнге қамады

Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев (ортада) сотта сөйлеп тұр. Алматы, 4 шілде 2015 жыл.

Бүгін Алматы қалалық ауданаралық әкімшілік соты азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевты «заңсыз жиын өткізгені» үшін 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды.

Сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеген Нарымбаевты полиция өкілдері Алматыдағы әкімшілік жазаға тартылғандарды қамау орнына алып кетті.

Бұдан бір күн бұрын полиция өкілдері Ермек Нарымбаевты үйінен ұстап, Бостандық аудандық полиция бөліміне апарған еді. Полицияда Нарымбаевқа әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің «заңсыз жиын, шеру өткізу» бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлаған.

Бір топ белсендімен бірге маусымның 28-і күні Алматыдағы тәуелсіздік ескерткішіне қара лента байланған гүл шоқтарын қойған Ермек Нарымбаев «25 жыл ішінде Назарбаевтың үздіксіз билігі салдарынан Қазақстан тәуелсіздігін жоғалтып, Ресейдің губерниясына айналды» деп мәлімдеген.

Ол соған дейін «митинг өткізу туралы қала әкімдігіне бірнеше рет өтініш бергендерін, бірақ билік рұқсат бермеген соң осындай бейбіт акция өткізгендерін» айтқан.