Тассайдағы ескі жатақхана

Шымкент қаласындағы Қаратау ауданына қарасты Тассай елдімекеніндегі 1976 жылы салынған жатақханада 82 отбасы тұрып жатыр.

Жатақхана тұрғындары.

Жатақхананың үшінші қабатындағы бір бөлмеде 5 жылдан бері төрт баласымен тұрып жатқан Торғын Тұяқованың сөзінше, олар ауылда күн көру мүмкін болмаған соң бала-шағаны асырау үшін қалаға келген. Ол қыс түсіп, күн суығанда бөлменің қабырғалары көгеріп, балалары жиі ауруға шалдығатынын айтып берді.

Торғын Тұяқованың 5 жасар қызы салған тұрғын үй суреті.

Тұрғындар жауын жауғанда жатақхана шатырынан су ағатынын айтады. Бес қабатты жатақханада канализация жүйесі жұмыс істемейді, жалғыз дәретхана далада орналасқан.

Көлемі 18  шаршы метрлік жатақхана бөлмесінде тұрғындар жуынып-шайынады, тамақ пісіріп, ішеді және осында ұйықтайды.

Жатақхана бөлмесіндегі ас пісіретін бұрыш.

Жатақхана бөлмесіндегі қол жуатын жер. 

Торғын Тұяқованың сөзінше, тіркеуде ауылда тұрғандықтан оның балаларына қалада жәрдемақы берілмейді, ал ауыл әкімдігі бұлар "қалада өмір сүріп жатқандықтан" жәрдемақы бере алмайтынын айтқан.

Жатақхананың әр қабатында суық су құбырының бойында бір-бірден шүмек орнатылған. Тұрғындар асқа пайдалануға және жуынып-шайынуға суды содан алады. Суретте: жатақхананың екінші қабатындағы су алатын жер.

Ауыз су алатын жерді жатақхана тұрғындары жуылған кірді кептіретін орын ретінде де пайдаланады.

Тұрғындар жатақхана дәлізін кезектесіп тазалап, сүртеді.

Зейнеткер Әбілқайыр Қосбұлақовтың бұл жатақханада тұрып жатқанына 35 жыл болыпты. «Бұл жатақханада жетім-жесірлер, жұмыссыздар, басқа барар жері жоқ отбасылар өмір сүреді» дейді ол.

Бесінші баланы дүниеге әкелуге дайындалып жүрген Ажар Мылтықбаева жатақханадағы бөлмесіне президент Нұрсұлтан Назарбаевтың суретін іліп қойған.

Жатақхана ауласында өрік сүйегін шағып отырған отырған қыз.

Жасы 70-тен асқан Тұрдықыз Омарова Қазақстанға Өзбекстанның Ташкент облысынан қоныс аударған оралман. 2004 жылдан бері Сайрам ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған. Бірақ, 2014 жылы Тассай ауылы Шымкенттің әл-Фараби ауданына өткен соң Сайрам аудандық әкімдігі оған құжаттарын қайтарып беріп, тұрғын үй кезегіне Шымкент қалалық әкімдігіне қайта тұруға кеңес айтыпты.

Жатақханаға келіп тұрған электр желісінің қорабы.

Жатақхана тұрғындарының «демалыс орны».