Ақорда алдында ұсталғандар

Екінші топтағы мүгедек, сегіз баланың анасы Жеңісгүл Ермұхамет шілденің 29-ы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жолығу үшін Ақордаға келді.

Жеңісгүл күйеуінің бірінші топтағы мүгедек екендігін, ол қазір ауруханада жатқанын айтады. 2004 жылы Қытайдан Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданына қоныс аударған оралман отбасы былтыр Астанаға көшіп, осы кезге дейін 35 мың теңгеге баспана жалдап тұрып келіпті. Жақында жергілікті билік ол баспананы сүріп тастаған соң, көпбалалы отбасы қиын жағдайға тап болған.

Ерлі-зайыпты оралмандардың отбасындағы сегіз баланың алтауы Қазақстанда дүниеге келген.

Жеңісгүл Ермұхамет Қазақстан азаматтығын алған.

Қалалық прокуратура мен қала әкімдігінен келген өкілдер «әкімдікке барып сөйлесуге» шақырғанымен, өзін президентке жолықтыруды талап еткен әйел әкімдікке барудан бас тартты. Бұдан соң полицейлер әйелді балаларымен бірге көлікке күштеп отырғызып, Ақорданың алдынан алып кетті. Билік өкілдері ​оқиға орнынан хабар дайындап жүрген Азаттық тілшісі Руслан Ботайұлының журналистік құралдарын тартып алып, оны күштеп көлікке салып алды.

Полиция көлігі әйелді балаларымен бірге Астананың Алматы аудандық әкімдігіне алып келді. Осы жерде біршама уақыт көлік ішінде отырған соң, оларды аудан әкімдігінің жуапты қызметкерлері қабылдады.

Астананың Алматы аудандық әкімдігі Жеңісгүл Ермұхаметті қалалық тұрғын үй басқармасына жіберді.