Жолбарыс күні

Халықаралық жолбарыс күнін атап өту 2010 жылдан бастап дәстүрге енді.

Атаулы күннің негізгі мақсаты – жер бетінен жойылып бара жатқан түз тағысы және оны қорғау мәселесіне қоғамның назарын бұру.

Бұл күні әлем елдерінде хайуанаттар бақтары келушілер үшін ойындар, конкурс-викториналар, шеберлік кластары мен өзге де қызықты шаралар ұйымдастырады.

Жыл өткен сайын жер бетінде жолбарыстар саны азайып барады, қазіргі кезде жабайы ортада небары 5 мың жолбарыс қалған.

Жолбарыстарды құтқаруға арналған халықаралық бағдарлама да бар.

Ғалымдар әзірлеген жолбарыстарды құтқару жөніндегі халықаралық бағдарлама 2032 жылға дейінгі кезеңге арналған. Ол бойынша әлемдегі жолбарыс санын екі есеге көбейту көзделген.

20-ғасырда жолбарыс тұқымы құрып бара жатқан түз тағысына айналды. Мамандардың пікірі бойынша, өткен бір ғасырда жер бетінде жолбарыс саны 25 есеге азайып кеткен.

Браконьерлер жолбарысты негізінен терісі мен азу тісіне бола қырады. Жолбарыстың тісі мен терісі ұзақ уақыт бойы ақсүйектер арасында бағалы зат саналып келген.

Орта Азия мен Қазақстанда ғылыми тілде «тұран жолбарысы» (кейде «Каспий жолбарысы») деп аталған жолбарыс тұқымы өткен ғасырдың 50-жылдары құрып біткен. Ғалымдардың айтуынша, Қазақстанда жолбарыс Балқаш көлі, Іле өзені, Сырдария өзені мен Арал теңізінің бойын мекендеген. Қазіргі кезде Қазақстанда тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы бар. Ол үш кезеңнен тұрады: түз тағысы мекендейтін орындар дайындау, жолбарыстарды табиғат аясына жіберу және осы шараның сәтті өткізілуін бақылау. Жобаны іске асыру үшін Балқаш көлінің оңтүстік жиегі, Іле өзенінің сағасы мен оның шығыс бөлігін қамтитын аумақ іріктеліп алынған.