Пәкістан ауған босқындарын еліне қайтармақ

БҰҰ босқындар ісі жөніндегі агенттік деректеріне сәйкес, Пәкістанда 1,5 миллионға дейін ауғанстандық босқын бар. Олар мұнда 20-ғасырдың екінші жартысында өз Отанындағы соғыстан бассауғалап келген. Бейресми деректер бойынша, Пәкістандағы ауған босқындарының саны – 3,5 миллионға жуық.

Босқындардың көптеп ағылуы Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы қарым-қатынасқа да кері әсер етті.

Пәкістан билігі қабылдаған ресми жарлық бойынша, 2015 жылғы желтоқсанның 31-іне дейін бұл елдегі ауған босқындарының барлығы, тіпті қолдарында пәкістандық ықтиярхат құжаты барлар да өз Отанына қайтуы тиіс.

Ауғанстанға Пәкістаннан қайтып оралғандардың көпшілігі ел астанасы – Кабулға тұрақтауды жөн көреді. Бірақ онда тұратын баспаналары жоқ.

Суретте – босқындарға су мен тамақ беріп көмектесіп жүрген Кабул тұрғыны Қажы Ханзада.

Кабулдың маңайында кілең балшықтан соғылған үйлерден тұратын шағын аудандар пайда болды. Оларда Отанына қайтып оралған босқындар тұрып жатыр. Бұл аудандарда электр қуаты, су құбыры мен кәріз желісі атымен жоқ.
 

Пәкістанда туған босқын балаларында пәкістандық төлқұжат болғандықтан, Кабулда олар мектепке де, ауруханаға да бара алмайды - құқықтары жоқ.

Босқындар өздерін полицейлер жиі ұстайтынын, ұрып-соғып, кейде өз үйлерінен күшпен шығаратынын айтады.

Полицияның әлімжеттілігі 2014 жылы желтоқсанда Пәкістанның солтүстік-батысындағы Пешавардағы мектепке ауғанстандық «Талибан» қозғалысы жасаған шабуылдан соң басталған. Сол жолғы шабуыл салдарынан 150 адам, негізінен – балалар мерт болған еді.

Көшіп келгендерге жұмыс табу өте қиын, көпшілігі мемлекет беретін болмашы жәрдемақыға өмір сүріп жатыр. Кейбіреулері жұрттан қайыр сұрауға мәжбүр.

Мына суреттегі 8-жасар Неджиннің отбасымен бірге қала шетінде тұрып жатқанына екі ай болған.

Тек бірнеше отбасыға ғана Пәкістаннан өздерімен бірге дүние-мүлкін алып келудің сәті түскен. Босқандардың көпшілігі Ауғанстанға Пәкістаннан жеңіл-желпі жүкпен келген.