Шымкенттегі қарттар мен мүгедектер үйі

Оңтүстік Қазақстан облыстық қарттар мен мүгедектерге мекеме 1965 жылы ашылған. 260 адамға арналған бұл мекемеде бүгінде 243 адам тұрып жатыр. Олардың 97-сі – әлсіздер тобында болса, 104-і – бірінші және екінші топтағы мүгедек жандар. Көбі көзге көрінуден ұялады.  

Суретте: Мекеме ауласында тынығып отырған қарттар. 3 қыркүйек 2015 жыл.

Мекемеде ерекше күтімді қажет ететін, төсектен тұра алмайтын 97 адам бар.

Қарттар мен мүгедектер үйіндегі жасы үлкендердің бірі - 92 жасқа келген Екатерина Гордеенконың сөзінше, екі қызының бірі қайтыс болған, немерелері Шымкентте тұрады екен. ​««Соңғы кезде аяғым да ауырып жүр. Жүре алмай қалдым. Екінші қызым Орал қаласында тұрады. Ал Шымкенттегі немерем демалыс алғанда келемін деген еді. Бірақ келмеді» дейді ол.  

Мекемеде тұрып жатқандарға күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Оған қоса бесін кезінде ыстық шәй ішеді.

Мекемедегі асханада түскі ас ішіп отырған адамдар.

Қарттар мен мүгедектер үйіне туысын тапсыруға келгендерді мекеме қызметкерлері ішке ертіп бара жатыр. ​Мекеме директоры Махсұтхан Дүйсебеков «Қарттар мен мүгедектердің 40 пайызы - мұсылмандар, қалғаны - славян тектес. Көбінің отбасы жоқ. Жылына 35-40 адам қайтыс болады. Жерлеуге келетін бала-шаға, тума-туыстары жоқтың қасы. Мұнда орта жас – 78 жас болса, ең жасы – 18-де» дейді 

Мекеме қызметкерлері қарттар үйін паналаған қариялардың өткен күндерін көз жасын төгіп, жиі еске алатынын айтады. Мекеме психологы Қарлығаш Көпбергенова ​«Үлкендерде өмірге түңілген жағдайлар көп болады. Ешкімге үміт артпайды. Көмек іздемейді. Олар бүкіл өмірге өкпелі. Бала-шағасына, туған-туысына, қоршаған ортасына, бәріне өкпелі» дейді. 

Бір бөлмеде тұрып жатқан мүмкіндігі шектеулі үш жігіт.

Түлкібас ауданынан келген Зәуре Есенбекова туыстарына сыймағандықтан қарттар үйін паналауға мәжбүр болғанын айтады. ​«Алла бала бермеген соң тартып ала алмайсың ғой. Өзімде бала болмаған соң кісінің баласы бала болмады. Екінші рет тұрмысқа шыққанда шалымның бала-шағасы мені қабылдамады. Қабылдамаған соң үйден шықтым да кетіп қалдым» деді ол Азаттық тілшісіне. 

Мекемеде мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қарттар күтушілер мен медбикелердің көмегімен күніне бір рет арнайы аппараттарда жаттығу жасайды. ​Мекеме психологы Қарлығаш Көпбергенова «Бір ерекшелігі, қарттардың балаларына деген өкпесі тез жазылады. Сөйтіп олар өз-өзін алдайды. Балалары келмей кетсе де үміттерін үзбей, өмір сүреді» дейді. 

Қарттар мен мүгедектер үйінде арнайы үйірме жұмыс істейді. Онда қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар қолөнер бұйымдарын жасайды. Мамандар еңбекке тарту тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге көмектесетінін айтады.

Мекеме қызметкерлері сусын ретінде дәруменге бай шөптерден шәй дайындап жатыр.

Қарттар мен мүгедектер үйі тұрғындары жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесі жиі өткізіліп тұрады.

Қарт шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар.

Қарттар мен мүгедектер үйінің алдында бау-бақша бар. Шамасы келген тұрғындар бау-бақшаны баптап, күтеді. Піскен жеміс-жидекті теріп, одан тосап қайнатады.

Мекемедегі кітапханада қазақ және орыс тілінде жеті мыңға жуық әдеби кітап, солардың арасында зағип жандарға арналған арнайы кітаптар да бар. Кітапханаға облыстық және республикалық газет-журналдар да келеді.

Қызметкерлердің сөзінше, бұл мекемеде тұрып жатқан қарт адамдардың арасында кезінде бала-шағасын тастап кеткендері аз емес.

Азаттық тілшісімен әңгімелескен қарттар және мүгедектер үйінің кейбір тұрғындары «артынан ешкім іздеп келмейтінін» айтып, көңілдері бұзылды. 

Мекемеде тұратындар бильярд ойнап та уақыт өткізеді.

Төлеби ауданы, Айтуби ауылының тумасы Есенәлі Өндірбайұлы ән айтуды, сурет салуды жаны сүйеді. Өз айтуынша, балалары отбасына оралуын сұраса да, зейнеткер қарттар үйінде қалуды жөн санапты. ​«Әйелім қайтыс болды. Үш ұлым, тоғыз немерем бар. Кейде олар «үш ұлың бола осы жерге келдің» деп сөгеді. Қайтейін енді. Олардың қолына сиямын ба, симаймын ба?» деді ол Азаттық тілшісіне.

Оңтүстік Қазақстан облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінің қақпасы.