Қираған Донбасқа көмек

Луганск облысындағы қираған үйлер қақтығыс жүріп жатқанын еске түсіріп тұр. Украинаның шығысында мұндай үйлерге де көз үйрене бастады. Үй қабырғасындағы жазу ғимараттың қирағалы тұрғанын, ішіне кіру қауіпті екенін ескертеді. 

Вера (оң жақта) - 3-топ мүгедегі. Жұмыссыз күйеуі және ұлымен тұрады. WFP азық-түлік көмегінің кезегінде тұрған ол «Зейнетақым - 940 гривен (41 доллар - 12 мың теңге шамасында). Күйеуім мен ұлым жұмыссыз. 940 гривенге қалай өмір сүретінімізді түсінбеймін» дейді. 

WFP азық-түлік көмегін алатын азаматтарды тіркеу ісін БҰҰ-мен әріптес үкіметтік емес ұйымдар жүргізіп жатыр. Суретте: Лисичанск қаласында азаматтарды тіркеп отырған ADRA қоғамдық қорының өкілі. 

WFP көмегін алуға кезекке тұрған зейнеткерлер.  

Украинаның шығысындағы инфрақұрылымның дені қираған. WFP өкілдері жергілікті тұрғындарға көмек жеткізу үшін осындай қауіпті жолдармен жүруге мәжбүр.  

Диабет кесірінен аяғын кестірген Наталья Кот кейінгі бес жыл бойы үйінен шыға алмай отыр. Үкіметтік емес ұйымдар әкелген ваучерлер жүйесі оған өзіне қажет азық-түлікті таңдауға мүмкіндік береді. 

Студенттер жатақханасында тұрып жатқан босқындар баласы. Украина заңдары бойынша, басқа мектепке барған бала бұрынғы оқыған жерінен мәлімет-құжаттар әкелуі тиіс. Босқындар көбінесе ондай құжаттарды алып үлгермейді.  

77 жастағы зейнеткер Петр Яковлевич. Мәскеу университетінде диссертация қорғаған ғылым кандидаты қазір босқын ретінде студенттер жатақханасында тұрып жатыр. Петр Яковлевичтің ұлы мен әйелі Донбастағы қарулы қақтығыстар кезінде опат болған. Ол қазір тірі қалу үшін азық-түлік жәрдемін алуға мәжбүр. 

Ұлының психикалық сырқаты және көзінің ақауы бар Неля Сергеевна. Ел ішінде босқынға айналған азамат ретінде бұл кісілер де WFP азық-түлік ваучерін алуға құқылы.  

Бір айға арналған біркісілік азық-түлік жинағының салмағы - 21 килограмм. Оған қарақұмық, макарон, лобия (фасоль), қалбырдағы ет, балық, май, қант, тұз бен шай кіреді. 

WFP (БҰҰ) азық-түлік бағдарламасының Краматорск қаласындағы өкілдігі басшысы Зульфия Самбор «азық-түлік жәрдемін алған адамдардың ақшасы үнемделеді. Бұл тағамдар микроэлементтерге бай, жинақта жеміс-жидек те, көкөніс те бар. Сондықтан, адамдардың ас мәзірі аздап байып та қалады» дейді. 

WFP (БҰҰ) азық-түлік бағдарламасының Славянск қаласындағы өкілі қираған ғимараттардың жанында жүр.