Қырымды алу қалай іске асырылды?

Сол күндері «өзін-өзі қорғау» халық жасақтары құрылды. Қырымдағы жағдайды көбінесе солар бақылады.  

Жасақ мүшелерінің артында "жасыл адамдар" тұрды.  

Журналистерге агрессивті шерушілер де шабуыл жасай беретін еді, ешкім жазаланбайтын.  

Сол күндері ұйымдасқан, ақысы төленген «ұжымдар» пайда болды. «Жұмысшы», «ардагер», т.б. «халық арасынан шыққан» тұлғалар рөлін ойнаған мұндай топтар әбжіл қимылдайтын, кез келген сәтте төбелеске кірісіп кететін, әркім не істеуі керегін нақты білетін. Кез келген айтыс-тартысқа жарамды ымырасыз һәм біркелкі мәлімдемелерді жаттап алғандары бұл кәсіби арандатушыларды жұрттан ерекшелеп тұрды.  

Мұндай топтар журналистерді қоршап жүрді және құдды нағыз қырымдықтар өздері, халық пікірі солардың аузынан шығатын сияқты дайын мәлімдемелерін жасаудан жалықпады. Қырымдағы кез келген журналист олардан құтыла алмайтын жағдайға жетті. 

Бұл «кураторлар» әуелі міндетті түрде журналистің қай БАҚ, қай елден екенін сұрап алатын. Мұнан соң олар «фашистер», «бандеровшылар», «орыстарға жасалған қысым», «Ресейдің қорғауы» туралы бір-бірінікінен айнымайтын мәлімдемелерін ашулы екпінмен айта бастайтын. 

Оператор камераны қосқан бетте міндетті түрде бір-екі «кураторлар» ауыздыға сөз бермей суырылып шығатын. Тіпті олар камераны да өздері қалаған жаққа бұрып, өздерін түсіртуге кірісетін. Егер тілші көшеде кетіп бара жатқан көлденең адаммен сөйлесуге тырысса әлгі «белсенділер» бірден оны қоршауға алатын, қысым көрсететін. Олардың бір міндеті "жасыл адамдарды" журналистер сұрағынан қорғау болды. Тіпті тілшілерді 20 шақты адам қоршауға алып, шулап, ештеңе естіртпей тастайтын.  

Ресей телеарналарына деген қатынас мүлде басқа, оларға - құрмет, ал басқаларға жоғарыда сипатталған әрекеттер жасалды.  

Көшеде қаптап кеткен "сыпайы жасыл адамдарға" жұрт әуестене қарайтын, тіпті кейбіреулері олармен суретке түсетін. Ал ресейлік "жасыл адамдар" ләм-мим деп жақ ашпайтын.  

Сол күндері кей көшелерді жауып, көлік жүргізбей тастаған еді. 

Украина белгісінен жол полициясының көліктері ғана қалды. Наурыздың басында Украина полицейлері көрінбей кетті. Қырым көшелерінің билігі «өзін-өзі қорғау» жасақтарына өтті. Ал «сыпайы жасыл адамдар» автоматтары, пулеметтері мен гранатометтерін асынып, ештеңеге араласпай, үнсіз тұратын.