"Шабуылға күдіктілерді жасырған" ақтөбелік тұрғын екі айға қамалды

«Қарулы шабуылға күдіктілер» жасырынған бесқабатты тұрғын үй. Ақтөбе, 12 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ақтөбе қаласының 2-соты маусымдағы шабуылға байланысты іздеуде болған үш адамды жасырған деген күдікке ілінген жергілікті тұрғын Мирлан Ердауовты қыркүйектің 20-сына дейін қамауға алуға санкция берген. Бұл туралы «Интерфакс-Казахстан» хабарлады.

Сот материалдары бойынша, 22 жастағы Ердауов Ақтөбеде 5 маусымдағы қарулы шабуылдарға байланысты іздеу жарияланған Дмитрий Таңатаров, Арман Айтуған және Нұрлан Сейіловтер жасырынған пәтерді оларға тауып берген деген күдікке ілініп отыр.

2016 жылы маусымның 5-і күні Ақтөбеде белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкеніне және ұлттық гвардияның әскери бөліміне шабуылдаған. Ресми мәлімет бойынша, шабуыл мен атыстан 7 адам (үшеуі - әскери) қаза тапқан. Бірнеше күнге жалғасқан арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, тағы бірнеше адамның ұсталғаны хабарланған.