1916 жылғы көтеріліс қаһармандарының көркем бейнесі

Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы директорының орынбасары Еркін Нұразханның (ортада) айтуынша, көрмеге 31 туынды қойылған.

Көрмедегі туындылардың көбінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі жетекшілерінің бірі Амангелді Иманов бейнеленген. Суретші Әбілхан Қастеев суретін салуды 1930-жылдардың соңынан бастап Амангелдінің суретін салуды бастаған. Бұл үшін суретші бірнеше рет Торғайға барып, Амангелді Имановтың достары және серіктерімен кездескен. Суретші сол сапарлары кезінде Амангелдінің бейнесін салу үшін көптеген кескіндер салған. Мына сурет 1939 жылы салынған.

Амангелді Имановтың ешбір фотосы жоқ. Кейін суретшілер, ең алдымен Әбілхан Қастеев Амангелдіні көзі тірісінде көрген адамдардың суреттеуімен оның бейнесін салған. Суретші Қастеев жазған Амангелдінің портретін 1940 жылы үкімет комиссиясы қабылдаған. Сол шараға Амангелдіні көрген адамдар да шақырылған, бірақ сурет жайлы бейхабар болған олардың портретті көрген кезде «Мынау біздің Амангелді ғой» деген таңданысқа толы сөздерін кейін суретші естелігінде айтқан. Ол сурет бұл көрмеде жоқ. Амангелдінің мына бейнесін суретші 1944 жылы салған.

Әбілхан Қастеевтің көпшілікке кеңінен танымал тағы бір шығармасы – Амангелді Имановтың 1950 жылы салынған портреті де бұл көрмеде жоқ. Әйткенмен Амангелдінің әскери жорықтарын суреттейтін бірнеше жұмыс қойылған. Солардың бірі – «Амангелді шабуылы» атты картина.

Музыка саласында композиторлар Мұқан Төлебаев пен Евгений Брусиловскийдің Ғабит Мүсіреповтің либреттосына жазған «Амангелді» операсы Амангелді Имановтың образын толық берген шығарма деп саналады. Қазақ ССР-нің құрылғанына 25 жыл толуына арнап жазылған операның декорациясын Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының суретшісі Анатолий Ненашев жасаған. Көрмеге осы операға жасалған декорация сызбалары да қойылған.

Мүсінші Хәкімжан Наурызбаев 1952 жылы салған, өнертанушылар жоғары баға берген Амангелді Имановтың бейнесі де бұл көрмеде жоқ. Бірақ соған ұқсас етіп 1972 жылы мыстан жасалған Амангелдінің мүсіні қойылған.

Суретші Нағымбек Нұрмұхамедовтың қызы Мара Алматыдағы Александр Селезнев атындағы хореографиялық училище оқушыларымен Қанапия Телжановтың «Амангелді Иманов» атты картинасын тамашалап тұр. Суретші 1953 жылы салған бұл шығармаға өнертанушылар жоғары баға берген.

Көрмеде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан өзге де белгілі тұлғалардың суреттері бар. Мысалы, Юрий Зайцевтің 1934 жылы жазған картинасында қызыл комиссар Әліби Жангелдин бейнеленген.

1916 жылы Жетісуда қазақтардың патша саясатына қарсы көтерілісіне жетекшілік еткен Тоқаш Бокиннің бұл портретін суретші Әбілхан Қастеев 1967 жылы жазған.

Қазақстандық белгілі суретші Әбдірашит Сыдыхановтың қаламынан шыққан «1916 жыл. Көтеріліс» триптихының бір бөлігі де осы көрмеге қойылған. Триптих 1969 жылы салынған.