Чуваш жазушысы Путинге тіл саясатында абай болуды ескертті

Чуваш жазушысы Анатолий Кибеч.

Башқұртстан мен Чувашияның белгілі жазушылары Ресей президенті Владимир Путинге тұрғындарының ауқымды бөлігін этникалық азшылықтар құрайтын ел аймақтарында байырғы халықтың тілін міндетті түрде оқыту ісіне кедергі қоймауға шақырған. Жазушылар әлгіндей саясат Ресейді әлсіретіп, алауыздық туғызуы ықтимал деп ескерткен.

Путинге ашық хатында чуваш жазушысы Анатолий Кибеч Чувашия мектептерінде чуваш тілін ішінара ғана оқыту "жастар арасындағы достық, жолдастықтың әлсіреуіне" апаруы мүмкін деп жазған.

Шілде айында Ресей құрамындағы Марий Эл республикасында болған кезде Владимир Путин адамды ана тіліне жатпайтын басқа тілді оқып-үйренуге міндеттемеу керек деп мәлімдеген. Путиннің бұл сөзі Ресей құрамындағы Чувашия мен Башқұрстандағы зиялы қауым өкілдерінің алаңдаушылығына себеп болған.

Ресей және Башқұртсан жазушылар одақтарының мүшесі, башқұрттың танымал жазушысы Флюр Галимов Владимир Путинге ашық хатында президентті Ресейдегі ұлттық азшылықтар арасына наразылық тудырмауға шақырған. Өткен сенбіде Уфа қаласында башқұрт тілін қорғауға арналған рұқсат етілмеген шеруге екі мыңға жуық адам шыққан.