Киев соты Надежда Савченконы тұтқындауға үкім етті

Надежда Савченко сот залында. Киев, 23 наурыз 2018 жыл

Киев соты "мемлекеттік төңкеріске дайындық" және "терроризм" айыптары тағылған Украина халық депутаты Надежда Савченконы кепілге шығу құқығынан айырып, мамырдың 20-сына дейін қамауда ұстауды сұраған прокуратураның өтінішін қанағаттандырды. Егер Савченконың кінәі дәлелденсе, сот оған 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмірлік түрме жазасын тағайындауы мүмкін.

Савченко өзіне саяси астары бар айыптар тағылып отыр деп санайды. Сот отырысы кезінде Украина президенті Петр Порошенко мен парламентті жек көретінін айтқан Савченко наразылық белгісі ретінде аштық жариялайтынын мәлімдеген.

Наурыздың 22-і күні Украина Жоғарғы Радасы Надежда Савченконы депутаттық имунитеттен айырғаннан кейін құқық органдары оны ұстаған. Украина бас прокуроры Юрий Луценконың сөзінше, Савченко қазіргі кезде "Украина президентіне қастандық жасамақ болған" деген айыппен қамауда отырған, Донбастағы соғыс тұтқындарын босату жөніндегі мәмілегер Владимир Рубанмен және өзін-өзі жариялап алған "Донецк халық республикасы" (ДХР) Александр Захарченкомен бірге астыртын сөз байласқан.

Рубанды тұтқындаған наурыздың 9-ы күні сотта прокурорлардың бірі Савченко Украина армиясының "Березень" деген лақап аты бар офицерімен кездесіп, оған "сөмкесінде сегіз Ф-1 гранаты барын" және "тірідей қолға түспей, өз-өзін жарып жіберуге дайын" екенін хабарлаған деп мәлімдеген.

Бас прокурор Луценко Савченконың "парламентті жару жоспарына айғақ" ретінде әлдебір видеоны көрсеткен. Савченко парламентті жару туралы айтқанын растаған, бірақ ол шын ниеті емес, бар болғаны "өршіту мақсатымен айтылған сөз" деген.