Бішкек соты Мұратбек Тұңғышбаевты қамауда қалдырды

Қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаев

Мамырдың 28-і күні Бішкек қалалық соты қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты екі айға қамау туралы Первомай аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Нұрбек Тоқтақунов хабарлады.

Адвокаттың пікірінше, "сот қорғау тарабы келтірген дәйектердің ешқайсысын ескермей, біржақты шешім шығарған".

- Сот келтірген дәйектеріміздің ешқайсысын ескерген жоқ. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 266-баптың (Қазақстанда Тұңғышбаевтың үстінен осы бап бойынша қылмыстық іс қозғалған - ред.) Қырғызстан заңында баламасы жоқ. Кишинев конвенциясы, өзге де халықаралық келісімдерге сәйкес, мұндай кезде азаматтарды өзге елге бермейді. Ал егер берілмесе, онда қамауға да алуға болмайды. Осы сияқты дәлелдердің ешқайсысы сотта ескерілмеді. Сот тек бұларды айналып өтті, - дейді Нұрбек Тоқтақунов Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, Қырғызстан қол қойған халықаралық келісімдер әділетсіз сот немесе азаптау фактілері кездесетін елдерге азаматтарды беруге немесе экстрадициялауға тыйым салады. "Бұл тұрғыда келтірілген дәйектер де ескерілмеді" дейді адвокат.

Соттан қазақстандық құқық қорғаушы Ғалым Агелеуов тікелей эфирде хабар таратты. Сот барысында темір тор ішінде отырған Мұратбек Тұңғышбаев тікелей эфирді көріп отырғандарға "өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істің саяси астары барын" айтты.

24 мамырда Қырғызстан бас прокуратурасы қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстан билігіне тапсыру туралы шешім шығарған.

Бас прокуратура қаулысында Қазақстанда белсендінің үстінен "қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру" (Қазақстан Қылмыстық кодексінің 266-бабы 1-бөлімі) және "экстремистік ұйым құру және оның қызметіне қатысу" (Қазақстан Қылмыстық кодексінің 405-бабы, 1-бөлімі) бойынша айыптар тағылып отырғаны жазылған. Қаулыда сонымен бірге оның ұсталуында "саяси астары жоқ" екені және оның азаптауға ұшырамайтыны туралы да айтылған.

Адвокат Нұрбек Тоқтақунов Қырғызстан бас прокуратурасының бұл шешіміне байланысты аппеляциялық шағымды осы аптада сотқа түсіретінін айтты.

Қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты Қырғызстанның арнайы қызмет өкілдері мамырдың 10-ы күні Бішкекте тұрып жатқан жерінде ұстаған. Келесі күні Бішкектің Первомай аудандық соты оны екі айға қамау туралы шешім шығарған.

Туыстарының пікірінше, Қазақстан билігі оны елде заңмен тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысын қолдағаны үшін қуғындап отыр.