Алматы соты "митинг кезінде" ұсталған зейнеткер арызын қарай бастады

Полиция ұстап жатқан зейнеткер Ибадулла Бәйтерек. Алматы, 23 маусым, 2018 жыл.

Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты биыл маусымның 23-інде "полиция мәжбүрлеп ұстап, конституциялық құқықтарымды таптады" деп Алмалы аудандық ішкі істер басқармасының үстінен шағымданған 77 жастағы зейнеткер Ибадулла Бәйтеректің арызын қарай бастады.

Шағымданушы зейнеткердің айтуынша, ол 23 маусым күні арнаулы жасақ пен полиция адамдарды жаппай ұстап жатқан жерге жақын маңда өтіп бара жатып, жағдайды сырттай бақылап тұрған.

- Ешбір жанжал болмайтын бейбіт шеру ғой деп ойладым. Тағы бір ойыма түскені – менің де оқуға түскен немелерім бар. Стипендия, жатақхана жетпейді деп ойлап тұр едім, сарт еткізді де, екі жағымнан екі полиция ұстап, "жүр" деді. Мен "жүрмеймін, 2-топтағы мүгедекпін" дедім. Тыңдаған жоқ. Аяқ-қолымды жерге тигізбей, қолымды қайырды да, машинаға лақтырып жіберді. Базарға апаратын қой сияқты, - дейді ол.

Видео: Полицияның зейнеткер Ибадулла Бәйтеректі ұстамақ болған сәті (1:16-1:20 минуттарда).

Your browser doesn’t support HTML5

Митинг өтпеген күнгі жаппай ұстаулар

Сот отырысы қыркүйектің 11-інде сағат 10.30-ға белгіленген еді. Бірақ алдын ала адвокат жалдамаған зейнеткер сот уақытынан бұрын судьяға кіріп, мемлекеттен қорғаушы беруін сұрап, өтініш жазған. Түске таяу Ибадулла Бәйтерек судьямен жеке кездесіп, "адвокаттың іске дайындалуы керек екен" деп, істің кейінге қалдырылғанын жеткізді. Сот отырысының нақты қашан болатыны белгісіз.

Қарияның өкілі, құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің айтуынша, Ибадулла Бәйтеректің құқығы бірнеше рет бұзылған.

- Полиция өздерін таныстырмай, ұстау себебін айтпай, мәжбүрлеп бөлімшеге алып кеткен. Заңда күдіктіні үш сағат қана ұстауға болады делінеді. Зейнеткерді бес сағаттан артық ұстаған. Саусақ таңбаларын заңсыз алып, суретке түсірген, - дейді ол.

Құқық қорғаушының айтуынша, зейнеткер - жаппай ұстаудан кейін "полиция заңсыз әрекет етті" деп арыз жазған алғашқы азамат.

Маусымның 23-і күні Астана, Алматы және Шымкентте полиция көшеге шыққан ондаған адамды ұстаған. Ұсталғандар ешқандай талап қоймаған, олардың қолында плакат я басқа да заттар болмаған. Полиция Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы митингілер өтеді деп белгілеген орындарда ұсталған адамдарды көлікке күштеп салып, алып кеткен. Ұсталғандардың кейбіріне әкімшілік хаттама толтырып, сол күні кешке сотқа тартылған.