Денсаулық сақтау министрлігі 7 сәуірде таңертең Қызылорда облысында 4 адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған. Coronavirus2020.kz сайтының Телеграм арнасындағы мәлімет бойынша, үш науқас - Қызылорда қаласында, бір науқас Сырдария ауданында тұрады.
Қызылордадағы үш адам коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғандар ретінде карантиндік стационарда жатқан. Ал Нұр-Сұлтанда болған Сырдария ауданының тұрғынынан жедел респираторлық вирус инфекциясы белгілері байқалғандықтан провизорлық стационарға жатқызылып, бақылауға алынған.
"Қазіргі кезде науқастардың жағдайы - бірқалыпты. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынады" делінген хабарламада.
Соңғы мәлімет бойынша, Қызылорда облысында коронавирус жұққан 54 науқас анықталған: Қызылорда қаласында – 9, Жаңақорған ауданында – 16, Қармақшы ауданында – 4, Шиелі ауданында – 24, Сырдария ауданында - 1 адамнан коронавирус табылған.
Сәуір айының басында Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданы карантинге жабылып, қала мен аудан аумағында қозғалыс шектелген.
7 сәуір таңертеңгі мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 670 адамға жеткен.
Қарай отырыңыз: Қазақстан аймақтарында коронавирустың тарау динамикасы