"Субботаж" үшін жазаланған үш адамның шағымын апелляция соты қанағаттандырмады

Көрнекі сурет.

Алматы қалалық соты 9 шілдеде 65 жастағы зейнеткер әрі үшінші топтағы мүгедек Сағидолла Ақаевқа 13 маусымда қала орталығында "субботаж" шеруіне шыққаны үшін 21 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (АЕК) айыппұл салу туралы әкімшілік соттың шешімін күшінде қалдырды. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады.

Адвокаттың сөзінше, бұған дейін әкімшілік сот Ақаевқа "құқық бұзғаны" үшін 30 АЕК көлемінде (1 АЕК = 2778 теңге) айыппұл салмақ болған, бірақ зейнеткердің жасы мен мүгедектігін ескеріп, айыппұл мөлшерін 30 пайызға – 53 338 мың теңгеге (шамамен 130 доллар) дейін азайтқан. Сот шешіміне сай, зейнеткер айыппұлды 8 тамыздан кешіктірмей төлеуі тиіс.

Бейсенбі күні Алматы соты тағы екі адамның – бес тәулікке әкімшілік қамау жазасын алған 44 жастағы Абайбек Сұлтанов пен 15 тәулікке қамалған 55 жастағы Ноян Рақымжановтың да апелляция шағымдарын қарап, қанағаттандырмады. Бұл екеуіне осыған дейін сот әкімшілік қамау жазасын кескен. Бірінші жолы (әрқайсысы 15 күннен) 13 маусымдағы "субботаж" үшін, ал екінші жолы 6 маусымда Алматыдағы Ганди саябағында өткен наразылық акциясына қатысқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Соттың екінші шешімі белсенділер қамауда отырған кезде шыққандықтан, Рақымжановтың жиынтық жаза мерзімі 28 тәулікке, Сұлтановтыкі – 19 тәулікке жетті.

13 маусымдағы "субботаж" акциясынан кейін Алматыда билік кемінде 13 адамды әкімшілік жауапқа тартып, 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алған. Кейінірек, 2 шілде күні қамаудағылардың кейбіріне 6 маусымда саябақта өткен наразылық акциясына қатысқаны үшін қосымша жаза белгілеген. Белсенділер мен жақтастары апелляция шағымын қараған және жаңадан әкімшілік жаза қосқан сот отырыстарының кейінге қалдырылуын 6 шілде – Астана күні мейрамының жақын қалуымен байланыстырған. Бұл күн Қазақстанды 30 жылға жуық басқарып, былтыр наурызда орнына көп жылғы саяси серігі Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырып, президенттіктен кеткен, алайда билікке әлі де ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен сәйкес келеді (биыл ол 80 жасқа толды).

Назарбаев президенттіктен кеткеннен кейін де наразылық акциялары кезінде азаматтар оның мемлекеттік билікке араласпауын талап етіп келеді. Әлеуметтік желі қолданушылары билік қамаудағы белсенділерге қосымша жаңа жаза мерзімін тағайындап, мереке алдында Алматыны олардан "тазартып алғысы келді" деп санайды.