Германия СІМ Навальныйдың улануы жөнінде Ресейге көрсетілген қысымды күшейте түсті

Германия сыртқы істер министрі Хайко Маас.

Германия Ресейден Кремль сыншысы Алексей Навальныйдың улануын түсіндіруді талап етіп етіп отырғанына бірнеше күн болды. Елдің сыртқы істер министрі Хайко Маас қысымды күшейте түсіп, егер Ресей орынды тергеу жүргізбесе, Германия мен оның одақтасы бірлесіп шара қолданатынын мәлімдеді.

Маастың бұл мәлімдемесі 6 қыркүйек күні Bild am Sonntag газетінде жарияланған сұхбатында айтылды. Онда Германия сыртқы істер министрі Навальныйдың улануына қатыстылығын жоққа шығарып отырған Ресейге қатаң ескерту жасады.

Министрдің сөзінше, уланудың артында Ресейдің тұрғанын көрсететін "бірнеше белгі" бар.

"Егер Ресей не болғанын түсіндіруге көмектеспесе, біздің одақтастарымызбен ортақ шараны талқылаудан басқа амалымыз болмайды" деп министрдің сөзін келтіреді Bild am Sonntag газеті.

Маас сондай-ақ Германияның Балтық теңізінен өтетін құрылысы аяқталуға жақын Норд Стрим 2 газ құбыры жөніндегі саясатын өзгертетінін ескертті.

Мұның алдында Германия канцлері Навальныйдың жағдайын Норд Стрим 2 жобасымен байланыстырудан бас тартқан. Құбыр арқылы Ресей Германияға газ жеткізбек.

Маас құбыр жұмысын тоқтату көптеген германиялық және еуропалық компанияға нұқсан келтіретінін атап өтті.

"Норд Стрим 2 жобасына Еуропаның 12 елінен 100-ден астам компания қатысып отыр" деді ол.

Бірақ ол егер санкция салу қарастырылса, құбырдың нысанаға алынуы мүмкін екенін айтты.

Германия үкіметі 2 қыркүйек күні Навальныйдың "Новичок" деп аталатын улағыш затпен уланғанын мәлімдеді.

Министрдің сөзінше, "Новичок" уы әскери қару ретінде санаулы адамның қолында бар. Жүйке жүйесін жарақаттайын бұл у Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызын улауда қолданылды. Скрипальдар 2018 жылы Британияда уланған болатын.

Ресей Навальныйға қарсы қылмысты ашуға қатыспаса, бұл улауға мемлекеттің қатысы барын көрсететін тағы бір белгі болмақ, деді Маас.

Германия таққан айыпты жоққа шығарып отырған Ресей билігі ешқандай негіз жоқ деп қылмыстық тергеуден бас тартты.

44 жастағы Навальный 20 тамыз күні Томскіден Мәскеуге бағыт алған ұшақта өзін кенет жайсыз сезінген. Ұшақ саясаткер денсаулығының нашарлауына байланысты Омбы қаласына қонуға мәжбүр болған. Саясаткер Омбы ауруханасында екі күн болып, одан Германияға эвакуацияланды.

Ол қазір Берлиндегі "Шарите" клиникасында медициналық комада жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

НАТО Навальныйдың улануын талқылайдыАҚШ Навальныйға у беруді айыптады, Песков "Кремльге шүйлігуге негіз жоқ" дейдіНавальныйдың "Новичоктан" улануы: Германия Ресейден түсініктеме талап еттіГермания билігі Навальныйдың ағзасынан "Новичок" уы табылғанын хабарлады"Шарите" клиникасы Навальныйға диагноз қоюда у бойынша маманданған әскерилерден көмек сұрады