Құқық қорғаушы Семенованы сотқа берген Тараздағы тергеу изоляторының шағымы бойынша өндіріс тоқтатылды

Павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова.

Павлодар қалалық азаматтық істер жөніндегі сот 15 қыркүйекте Тараз қаласының ЖД-158/1 қауіпсіздігі аралас мекемесінің танымал құқық қорғаушы Елена Семенова мен 25 жастағы Кәрім Бабаевтың үстінен түсірген шағымы бойынша істе сот өндірісін тоқтату туралы анықтама шығарды. Істі қараған судья мұндай шешім шығаруға шағым берушінің арызын толықтыру үшін қайтып алуы себеп болған. Яғни, алдағы уақытта тергеу изоляторы құқық қорғаушының үстінен қайта шағым түсіруі мүмкін. Алайда ондай жағдайда істі басқа судья қарайды.

Бұл іс бойынша алдын ала тыңдау 18 тамызда өткен. Тергеу изоляторы тұтқындардың құқығын қорғаумен танымал болған Елена Семенованың 13 мамырда Facebook-та жариялаған жазбасын "шындыққа сәйкес келмейді" деп танып, жазба "шағым түсірушінің ар-намысы мен беделіне нұқсан келтірді" деп тануды және жоққа шығаруды талап еткен еді.

Елена Семенованың Facebook жазбасында Тараздағы тергеу изоляторы қызметкерлерінің ақша берсе, тұтқындарға ерекше жағдай жасайтыны жөнінде айтылған. Жазбаға видео да тіркелген. Онда 25 жастағы тұтқын Бабаев екі сотталушының көзінше смартфонды өзіне мекеме басшысы бергенін айтады. Ізінше жемқорлық фактісі бойынша қылмыстық іс ашылып, Бабаев тергеу органдарына берген жауабында Жамбыл облысының қылмыстық атқару жүйесі департаменті қызметкерлері ақшалай сыйақыға телефон берді деп айтқан.

Тергеу изоляторының өкілдері сотқа түсірген шағымда "жемқорлық фактісі расталмады, қылмыстық іс жабылды" деп жазған. Олар Семенова жариялаған "ақпарат жалған" дейді. Бұған қоса, жазбадағы ақпарат "қоғамда изолятор жайлы теріс пікір қалыптастырды" деп санайтынын да жеткізген.

Бұған дейін шағым беруші жақ процеске тұтқын Бабаевты әкеле алмағандықтан сот отырысы екі рет кейінге шегерілген еді.

Биыл елдегі бірнеше колония әкімшілігі құқық қорғаушы Семенованың үстінен дәл осыған ұқсас шағым түсірген. Кейбір шағымдар бойынша сотта судья жазалау мекемелерінің өтінішін қанағаттандырған.

Былтыр қаңтарда Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Семеноваға шүйлігуді тоқтатуға, оның сотталғандардың құқығын қорғау ісіне кедергі келтірмеуге шақырған.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің әлемдегі адам құқықтары мәселелері жөніндегі биыл жарияланған есебінде Қазақстанда қамаудағылардың құқықтары шектелетіні оларға қатыгездікпен қарайтыны айтылған.