Бір апаның балалары. 8 қызды асырап алған Райхан апа мен билік өкілдерінің балаларға таласы

Райхан Шынтасова қыздарымен.

Балалар үйінде өсіп, үш жыл бұрын бір отбасының қамқорлығына өткен сегіз қыз таяуда мекемеге қайтуы мүмкін. Бауырына басқан адам олардан бас тартқан жоқ. Қыздарды асырап алған Райхан апа Шынтасовадан қамқоршы мәртебесін тартып алуға Қазақстан билігі күш салып жатыр. Екі қаладағы соттың бірі мемлекет пайдасына шешім шығарып қойды. Қыздар балалар үйіне қайтқысы келмейтінін айтады.

"КЕЛЕ БЕРЕДІ, ТЕКСЕРЕ БЕРЕДІ"

Райхан апаның сегіз қызы — София, Наталья, Анастасия, Марина, Алина, Алена, Антонина, Валентинамен видео арқылы сөйлесіп отырмыз. Кішкентайлар бір-біріне барынша жақын отырса да, телефон экранына сыймайды. Апа әрбірінің атын айтып, бірінен соң бірін таныстырып отыр. Аттарын да, жасын да жаттап үлгермедім.

Қыздар өзі туралы, қызығушылығы жайлы кезек-кезек әңгімелейді. Тек Валентина үндемейді. Дәрігерлер оған ақыл-ой кемтарлығы диагнозын қойған. Валерадан бір күні қалай өтетінін сұрадым.

— Оянамыз, жуынамыз, жаттығу істейміз. Сосын сабаққа отырамыз. Ойнаймыз. Мультфильм көреміз. Сосын бәріміз бірге үй жинаймыз.

— Үйді өздерің біліп жинайсыңдар ма, әлде апа айта ма?

— Өзіміз біліп жинаймыз, — деп күледі.

Қыздардың бәрі іс тігеді. Тіккендерін көрсетуін сұрағанымда бөлме ішінде жүгіріп, кезек-кезек мақтана көрсете бастады. Бірі — үлкен үй, басқасы гүлді бейнелей тігіп шыққан.

— Cуретті де жақсы салады, — деп Райхан апа телефонды қабырғаға қарай бұрды. Балалар салған суреттерді қабырғаға скотчпен жапсырып тастапты.

Қыздардың үлкені — 12 жасар София. Талдықорғандағы балалар үйінде өскен. Қазақшаны сонда жүріп үйренген. Тәтті пісіріп, Райхан апаның келіні Ұлтусынға көмектеседі. Кішкентай болса да, барлық сіңлісінің диагнозын біледі.

— Апашкаға келгенде ештеңе білмедік. Қазір көп нәрсе білеміз. Сіңлімнің биті бар еді. Кейбір қыздарда қышыма болған. Апашка ұзақ емдеді. Қыздарда ЗТР (психикалық дамудың тежелуі — ред.) деген диагноз болды. Менде астма, бронхит болды. Апамен курортқа барып, жаттығу істеп, емделіп келдік. Осы қыста ауырған жоқпыз, — дейді София.

Олар кейінгі бір жылдан бері Бішкекте тұрады. Райхан апаның ұлы Төрехан сонда оқып, жұмыс бабымен Қырғызстанда қалып қойған. Әйелі Ұлтусын екеуі қыздарға қарасады. Апа Қордайда жалғыз қалып қойған соң қыздарды алып, сонда уақытша көшіп барған.

— Балалар үйіндегі жағдай есіңде ме? — деп Софиядан сұрадым.

— Иә, жағдайымыз қиын еді. "Старшактар" кекетіп, мазақтайды. Есіме алғым келмейді. Өзіңмен өзің лағып жүресің. Мұнда тәртіп бар. Когда сюда пришли, "Құдайға шүкір" дедік, — дейді екі тілде араластырып.

Райхан апа мен Қазақстандағы білім және ғылым министрлігі арасындағы даудан соң кейінгі екі айда олардың үйіне Қазақстанның Қырғызстандағы консулдығы қызметкерлері де, жергілікті милиция да, Бішкектегі қамқоршылық органдары да келген. Бәрі қыздардың қалай тұрып жатқанын көріп, тексеру жүргізген.

— Танымайтын адамдардың келіп-кетуі шаршатып жіберген жоқ па?

— Иә, мезі етті, қатты шаршатты. Келе береді, тексере береді. Бәрін суретке түсіреді. Жүйкемізді тоздырды әбден, — дейді ол.

КРИСТИНАНЫҢ КЕТУІ

Райхан апа тоғыз қызды 2018 жылы қамқорлығына алған. Әуелі шілдеде Кристина, София, Наталья, Анастасия мен Маринаны Талдықорғандағы балалар үйіненен шығарып алады. Тамызда Шымкенттегі балалар үйінен бір үйдің төрт қызы — Валентина және үшем Алина, Алена, Антонинаны Қордайға әкеледі. Үш қабатты зәулім үйді апа 2005 жылы жетім балаларға жәрдемдесіп, қосымша білім беру үшін салдырған.

Райхан Шынтасованың асырап алған қыздары. Сол жақта тұрғаны - Алена. Ал оның көлеңкесіне тығылған - Алина. Одан кейін жүзі жадырап отырған қыз - Валентина. Ортада Джуайрия Шарафияны алдына алып отыр. Джуайрияның артында - Анастасия, оң жағында - Наталья. Алдыңғы қатардағылар - Марина (сол жақта) мен Антонина.

Қамқоршының сөзінше, қыздардың бәрі отбасына келгеніне қуанған. Бірақ Органовалардың үлкені — 14 жастағы Кристинаның "түбінде әке-шешеммен бірге тұрып, соларды тәрбиелеп, өзгертемін" деген арманы бар еді. Апалы-сіңлілілердің әкесі Александр ұрлық жасағаны, есірткі пайдаланғаны үшін түрмеге кесілген. Шешесі Ирина ішімдікке салынған соң ата-ана құқығынан айырылған. Райхан апа қыздарды қамқорлығына алған соң Иринаны шақырғанын айтады.

— "Қордайда үлкен үйім бар. Кел, үш қызыңмен осы жерде тұрасың. Наубайханадан жұмыс беремін" дедім. Ол бас тартты, — дейді апа.

2020 жылы ақпанда құжаттарды реттеу үшін Бішкектен Қазақстанға балаларды әкелгенде Кристина таксиге отырып, Алматыға қашып кетеді. Райхан апа компьютерден Кристинаның таяуда түрмеден босап шыққан әкесі Александр Федорянмен әңгімесін тауып алады.

— Әкесі оған "Сен таксиге отыр, мен сені Алматыдан күтіп аламын" деп жазыпты. Әкесінің нөмірін тауып алып, "Кристина қайда?" дедім. Айтқан жоқ. Ол 14 жасар қызды бейтаныс адамдармен жолға шығарып, өміріне үлкен қатер төндірді. Мен полицияға "бала жоғалды" деп хабарлаған соң оны кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына апарыпты. Мен де сонда бардым. Кристина, мен және психолог үшеуміз отырдық. "Кристина, арамызда ештеңе болмап еді ғой. Неге кеттің?" деп едім, жылап жіберді. "Апашка, я хочу жить с родителями" ("Апа, мен ата-анаммен тұрғым келеді") деді.

Бұл жағдайдан соң Райхан апаға білім министрлігінен хабарласып, "екі сіңлісін әкеліңіз" деген. Бірақ Настя мен Наталья "оларға бармаймыз" деп жылайды.

Райхан апа екі қызды екі түрлі психологқа апарған. Мамандар екеуі де "қамқоршыға қатты бауыр басып қалған" деген шешім шығарып берген. Олардың тұжырымдамасын Талдықорған әкімдігіне қарасты қамқоршылық органына жібереді. Апа өзін Кристинаға қамқоршы міндетінен босатуды, ал екі сіңлісін өзінде қалдыруды сұрап, былтыр ақпанда хат жазады. Қамқоршылық органы өтінішке алты айдан соң, 2020 жылы тамызда жауап беріп, арызды мақұлдаған.

Райхан Шынтасованың асырап алған қыздары. Оңнан солға қарай: Наталья, Марина, Шарафия (Шынтасованың туған немересі) және Валентина.

Бірақ іс мұнымен аяқталмаған еді.

— Әкесі Кристинаны қолына алған соң Кристина өзгеріп, мені жамандай бастады. "Апа мені ұрды, намаз оқымасам тамақ бермейтін" деп неше түрлі өтірікті айтты. Кристина маған келгенде мұсылман болып келген. Намаз оқып жатсам, өзі қасыма келіп тұрып алып, оқи бастады. Таңқалдым. Өзі орыс, балалар үйінде өскен. "Қайдан білесің?" десем, "[балалар үйіне түскенге дейін] медреседе жүргенде үйрендім" деді. Басқа ересек қыздар Кристинаны жақсы көріп, еліктеп жүретін. Олар "Біз де оқимыз" деп шықты. Дінде зорлық жоғын мен жақсы білемін, — дейді Райхан апа.

Органовалардың әкесі Александр Федорян қазір Райхан апаның қолындағы екі қызын өзіне алғысы жүр. Федорянның өкілі, заңгер Анна Игнатенко қыздардың әке-шешесіне "өмірін қалыпқа келтіруге мүмкіндік беру керегін" айтады.

— Әкесінен де, шешесінен де кінә бар. Александр сотталғанда Ирина күйзелістен ішкілікке салынып кеткен. Қыздар психикалық дамудың тежелуі диагнозымен туады. Ата-анасының ішімдік ішуі қыздардың физикалық жетілуіне әсер еткен. Әкесі жасаған қылмысы үшін жазасын өтеді. Қазір ол қалыпты өмірге оралып, қыздарын тәрбиелегісі келеді, — дейді.

— Екі қыз "апамен қаламыз" деп жатыр — деп едім заңгер:

— Балалар не естісе соны айтады. Видео арқылы сөйлескенде де көрініп тұр ғой. Қыздар бірдеңе демес бұрын Райхан апаға қарайды. Апалы-сіңлілер бірге тұруы керек. Заң бойынша, оларды ажыратуға болмайды. Біреуі қашып кетті ме, бәрін қайтаруы керек, — дейді Игнатенко.

Заңгердің сөзінше, Кристина әкесін іздеп, өзі бірінші жазған. "Бала өзіне жайлы ортаны іздейді ғой" дейді ол.

— Райхан апа 66 жаста. Жиырмада не қырықта емес, 66-да! Дөрекі естілер, бірақ қазір оған алда білім алып, бой жетуі тиіс қыздарды асыраудан гөрі өзін көбірек ойлауы керек. Құдай сақтасын, бірақ ертең Райхан апаға бірдеңе болса, оларға кім қамқоршы болады? Иринаның ата-ана құқығын қалпына келтіруге тырысып жатырмыз. Райхан ападан екі қызды бәрібір аламыз, — дейді заңгер.

Игнатенконың сөзінше, Ирина мен Александр қазір ішпейді.

Райхан Шынтасова мен оның асырап алған қыздары.

"ҚЫРҒЫЗДАР ЖҰМЫС ІСТЕЙ АЛМАЙДЫ" ДЕДІ"

Биыл 11 қаңтарда Райхан апаның телефонына Талдықорған әкімдігінен хат келеді. Олар апаны Софияға, Наталья, Анастасия мен Маринаға қамқоршы мәртебесінен айыру туралы қаулыны суретке түсіріп жібереді.

Тап осындай мәтіндегі қаулы бір аптадан соң Шымкент әкімдігінен де келген. Онда апаның бұдан былай қалған төрт қызға — Алина, Антонина, Алена, Валентинаға қамқоршы емесі айтылады.

— Екі қаладағы әкімдіктер қаулыда білім және ғылым министрлігінің 11 қаңтарда өздеріне жіберген хатына сілтейді. Әкімдіктерге қарайтын қамқоршылық органдары мән-жайды анықтамастан, балалардың пікірін білместен тап сол күні, 11 қаңтарда мені қамқоршы болу құқығынан айыра салған, — дейді Райхан апа.

Білім министрлігінің он бес шақты өкілі осы қаулыны ұстап, 2 ақпанда Бішкектегі Райхан апаның үйіне келеді. Көздегендері — сегіз қызды Қазақстанға әкету. Бірақ олар апаның екі әкімдік қаулысының үстінен 26-27 қаңтарда сотқа шағым түсіргенін, құжат уақытша күшін тоқтатқанынан хабарсыз еді.

— Қолдарындағы жалғыз құжат жарамсыз болып шықты. Кейін олар Бішкек милициясын, қамқоршылық органдарын шақырды. 15 адамы бар комиссия келді. Олар да құжат сұрағанымен, қолдарында басқа ештеңе болған жоқ. "Кешіріңіздер, біз балаларды алып бере алмаймыз" деді.

Қамқоршының сөзінше, Қазақстаннан келгендер "шарасыздығынан ашуға мінген".

— "Қырғыздар жұмыс істей алмайды екен. Қазақстанда болсақ быт-шытын шығарып, бір сағаттың ішінде алып кететін едік" деп мақтанды. Бішкек милициясының бір қызметкері "Әрине, сіздерде диктатура ғой, ал бізде — демократия" деді. Қатты ұялдым. Кімнің сөзін сөйлерімді білмедім, — дейді Райхан апа.

Министрлік өкілдері балаларды ала алмай, Қазақстанға қайтады.

Райхан Шынтасова қыздарына кесте тігуді үйретіп отыр.

МИНИСТРЛІКТІҢ "БЕС СЕБЕБІ"

Райхан апа білім министрлігі өзінен Органоваларды ғана емес, неге қалған алты баланы да тартып алуға тырысып жатқанын түсінбей дал.

Алты қыздың әкесі не шешесі бар, бірақ олар ата-ана құқығынан айырылған. Сот министрлік қаулысының күшін жоймаса, бәрі балалар үйіне қайтарылады.

Балаларды Райхан ападан қайтарып алуға Қазақстанның білім және ғылым министрлігі "бірнеше себеп барын" айтады. Ведомствоға қарасты балалар құқығын қорғау комитеті директорының орынбасары Дулат Жекебаев Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлесіп, ападан қамқоршы мәртебесін қайтарып алу себебін түсіндірді.

— 2018 жылы апа 10 баланы қамқорлығына алған. Бір жыл ішінде "бір баламен тіл табыса алмадым, бала мені тыңдамайды, менен қашып кетеді" деп, өзі қайтарып әкеп берді. Бұл — бірінші сигнал. Екінші жағдай — қамқоршы Қырғызстаннан Қордайға келеді. Сол кезде бір қыз бала Қазақстанға мүмкіндікті пайдаланып, Алматыға қашып кетеді. Ана кісіден екінші бала қашады. Бала неге қашты? Бұл ойланатын сұрақ. Бұл — екі, — дейді Жекебаев.

Үшінші себеп ретінде министрлік өкілі екі қыздың биологиялық әкесі барын, ол ата-ана құқығын сот арқылы қайтаруға тырысып жүргенін айтады.

— Неке және отбасы кодексінің 129-бабы бар. Онда қамқоршы міндетінен қандай жағдайда босайтыны жазылған. Соның бірінші пунктінде "кәмелетке толмаған баланың ата-анасына қайтарылған жағдайда" деп көрсетіледі. Баланың заңды түрде әкесі бар: жақсы ма, жаман ба — басқа әңгіме. Әкесі бар ма, бала қайтарылуы керек, — дейді ол.

Райхан Шынтасова мен оның асырап алған қыздары.

Жекебаев сөзінше, былтыр қамқоршының қолындағы екі қыздың анасы қайтыс болған.

— Мұндай жағдайда қамқоршы асыраушынан айырылу бойынша берілетін мемлекеттік жәрдемақыны екі балаға рәсімдеу бойынша жұмыс істеуі керек. Бұл жәрдемақы — баланың болашағына керек ақша, шотына түсіп отыруы керек. Мұның барлығы — қамқоршының міндеті. Істемегендіктен екі баланың құқығы бұзылып отыр. "Өз міндетін тиісінше атқармай отыр" дегенге тағы бір дерек айтайын. Қамқоршының қолындағы екі баланың әжесінен қалған үйде үлесі бар екен. Мұрагерлікке қалады ғой. Соны рәсімдемеген, — деді Жекебаев.

— Жәрдемақыға қатысты бұл жағдайлар қалған балаларды қайтарып алуға негіз бола ала ма? — деп сұрадым.

— Мен айтқан әр себептің өзінің үлкен салмағы бар. Кез келген жағдайда әрқашан баланың мүддесін қорғау жөнінде жұмыс істейміз. Бұл жағдайда баланың құқығы бұзылып отыр, — деп жауап берді министрлік өкілі.

Жекебаев "баланың пікірі міндетті түрде ескеріледі" дегенімен, "алты баланың ойын тыңдадыңыздар ма?" деген сұраққа нақты жауап бере алмады.

Құқықтық консультант, Райхан Шынтасованың өкілі Данияр Букановтың сөзінше, жәрдемақыға қатысты айыптар қамқоршы емес, сот орындаушыларына тағылуы керек.

— "Райхан Шынтасова жәрдемақы тағайындаумен айналыспаған" дейді. Бұл сот орындаушыларының міндеті емес пе? Олар, яғни мемлекеттік органдар өз жұмысын орындамайды. Кінәсін де мойнына алмайды. Олардың жұмысын енді Райхан апа қадағалауы керек пе? — дейді ол.

Апаның қамқоршы статусын жойған әкімдіктердің екі қаулысы білім министрлігінің хатына сілтейді.

— Ол хатта қып-қызыл өтірік жазылған. "Балалар өз бетінше шекарадан өткен. Осылайша олардың өміріне қауіп төнген" дейді. Кәмелетке толмаған бала шекарадан өзі өте алмайды ғой, — дейді Данияр Буканов.

Райхан Шынтасованың қыздары. Солдан оңға қарай: Антонина, Наталя және Джуайрия (немересі).

СТАСТЫ ҚАЙТАРУ

Министрлік "Райхан апа қайта өткізді" деген бала — 16 жастағы Cтанислав. Қамқоршы оны балалар үйінен қыздармен бірге кездейсоқ әкеткенін айтады.

— Мен қыздарды әкетуге барғанда оны балалар үйінің әкімшілігі беріп жіберді. "Мына баланы алыңызшы, үй іздеп жүрген бала" деді. Өзі жетім деген соң аяп алдым. Олар Стастан құтылғысы келгенін кейін түсіндім, — дейді ол.

Екі аптадан соң Стас Райхан апаның үйінен “қашып кетеді". Оны полиция көмегімен тауып алып, үйге қайтарады. "Кешірім сұрап, кетпеймін" дейді. Бірақ отбасы Бішкекке көшіп барғанда онда тағы қашады.

— Қашан келеді, қашан кетеді өзі білгіcі келеді. Менен қашпайды. Ол өз еркі өзінде болғанын қалайды. Полицияға арыз бердім. Полиция тапты. Бішкектегі қамқоршылық бөліміне барып, "мына балаға не істеймін, қашқанын қоймай жатыр" дедім. "Қазақстанға біз қайтарайық. Бізге тапсырыңыз, бейімдеу орталығына орналастырамыз да, консулдық арқылы Қазақстанға жібереміз" деді.

Бішкектегі Қазақстан елшілігі Талдықорған мен Қордай әкімдіктеріне "баланы тасымалдауға қатысты шара қабылдаңыздар" деп хат жазғанымен, Қазақстан тарабы жауап бермеген. Стас ол кезде Бішкектегі бейімдеу орталығында отырады. Ол жақтан да қашады. Мектепке барғанда Стасты қадағалайтын арнайы қарауыл да қойған. Апа орталыққа барып, Стасқа тамақ пен тәттілер жеткізіп жүреді. Бір жолы Стас ападан өзін үйге әкетуді жалына сұрап, енді қашпауға уәде еткен соң Райхан апа баланы қайта алады.

Райхан Шынтасованың қыздары. Алдыңғы қатарда солдан оңға қарай: Антонина, Джуайрия (немересі), ортадағы екі қыздың атын Шынтасова атай алмады, ал одан кейінгілері Алина мен Алена.

Бірақ Cлава 2019 жылы қыркүйекте тағы қашады. Мұнан соң Райхан апа 26 қыркүйекте оны Талдықорғанға апарып, сондағы балалар үйіне өткізеді. "Апа, мен білмеймін неге қашатынымды. Бір дауыс естимін. Сосын басым істемей қалады" деді. Оған арнаулы маман көмегі керек екенін түсіндім" дейді апа.

— Кристинаның қашып кетуі, Стасты өткізуім балаларды алып қоюға негіз болса, неге сол кезде бірден шара қолданбады? Неге ешкім айып тағып, балаларды алып қоймады? [Білім министрлігі] саусақтан сорып айып тағып отыр, — дейді.

Балалардың жәрдемақысын рәсімдемегені туралы министрлік айыбына Райхан апа "уақыт болған жоқ" деп жауап берді.

— Қыздардың түрлі ауруы болды. Үй іші айқай-шу еді. Әуелі олардың психикасымен жұмыс істедік. Денелерінде бөртпе болды. Әуелі аллергия деп еді, соны емдедік. Жарты жылдан кейін бір профессор "бұл — қышыма" деді. Ақыры кетірдік, Құдайға шүкір. Қыздардың ангинасы қатты ауыратын. Бір жөтелсе, екі-үш ай жөтеледі. Ақыры шипажайға барып, емделдік. Биыл қыста, шүкір, ауырмады. Менде олардың денсаулығы мен тәрбиесінен басқа нәрсеге жүгіретін уақыт болмады.

Райхан апа қамқоршылық органдарынан ешқандай көмек болмағанын айтады. Ол Стас қашқанда да, қыздар ауырғанда да жәрдемдесуді сұраған.

— Ештеңе істеген жоқ. "Басыңызбен жауап бересіз, басыңызбен жауап бересіз" деп тұрып алады. Заң бойынша, қамқорлығыма алған балаларға жәрдемақы алуым керек. Қордайда тұрмайсың деп оны да берген жоқ. "Құрсыншы, жәрдемақыларыңа рақмет" дедім. Кедергі келтірмесе болды, — дейді.

Апа қыздарды Қордайдағы жеке кәсібінен түсетін ақшамен, ұлдарының қаржылай көмегімен асырап отыр.

"ҚҰРБАН — БАЛАЛАР"

Райхан апа биыл қаңтар соңында барлық қызды психолог бақылауынан өткізген. Психолог Омурова "балалардың бәрі қамқоршымен еркін сөйлеседі, оған, ұлы мен келініне, олардың немерелеріне және басқа да туыстарына бауыр басып қалған" деп жазады. Психолог маманға қыздардың ешқайсы қамқоршы не туыстары жағынан нашар қарым-қатынас не жазалау туралы шағым айтпаған.

Екінші бір психолог Настя туралы "Бала қамқоршысына қатты бауыр басып қалған. Райхан Шынтасованың үйіндегі өміріне толықтай риза. Әңгіме кезінде қамқоршысы туралы қуана әңгімелейді. Жаңа үйі туралы да рахаттана айтады" деп жазады. Алена жайлы "Жүргізілген әдістер мен тәсілдер арқылы Аленаның қамқоршымен эмоционалдық жақындығы барын анықталды. Байқау кезіндерінде қамқоршының атын жиі айтады. Отбасының барлық мүшесіне бауыр басып қалған. Анасын мүлде көрмеген. Жаман күндері балалар үйінде өткен. Онда таяқ жегендерін айтады" деп сипаттайды.

Райхан Шынтасованың асырап алған қызы Алена.

Бірақ Талдықорған соты психологтардың тұжырымын іс материалына қосудан бас тартқан.

Апа балаларға әуелі не болып жатқанын айтпағанымен, кейіннен өздері де сезіп, сұрай бастаған.

— Бізді қайтарып жібере ме деп уайымдаймыз. Мы не хотим уходить. Здесь нам лучше. Только апамен, — дейді Наташа.

Балалармен 18 наурызда, Талдықорғандағы сот отырысы алдында сөйлесіп отырмыз. Сот білім министрлігі қаулысын заңсыз деп тану бойынша Райхан апаның арызын қарамақ. Апа оңаша шығып:

— Бір-бірімізге туғандай болып кеттік қой. Бұл жағдайда құрбан — балалар. Мен олар үшін соңына дейін күресемін, — деді.

19 наурызда Талдықорған соты Райхан Шынтасованың арызын қанағаттандырмай, білім министрлігінің қаулысын заңды деп тапты. Сот Шынтасова мен адвокатының сотта балалардың пікірін тыңдау жайлы өтінішін мақұлдаған жоқ. Журналистердің қатысуына да рұқсат етпеді. Райхан апа сот шешімі үстінен апелляциялық шағым түсірмек. Оның бір ай уақыты бар. Шымкентте ағайынды төрт қызды қайтару бойынша сот процесі әлі жүріп жатыр.