Techno Trading жұмысшылары ереуілінің жалғасып жатқанына 15 күн болды

Techno trading компаниясының жұмысшылары жалақыны өсіруді талап етіп, ереуілдеп тұр. Жетібай кенті, Маңғыстау облысы. 2 қыркүйек, 2021 жыл.

Маңғыстау облысы Жетібай кентіндегі Techno Trading LTD жұмысшыларының ереуілі жалғасып жатыр. Жұмыс беруші ереуілді заңсыз деп тануды сұрап, сотқа арызданған.

Techno Trading LTD компаниясының 200-ге тарта жұмысшысының бірде құмды дауыл, бірде жаңбырдың астында жатқанына екі апта болды. Олар жұмыс берушімен келісімге келе алмағандарын, президентке де, үкіметке де, жаңа әкімге де жолдаған видео үндеулерінің далаға кетіп жатқанын айтады.

– Далада жаңбыр, күн райы бұзылды. Бірақ біз тапжылмай отырмыз. Жұмыс беруші түрлі ұсыныс жасайды. Біресе сәуір айынан бері беріп келе жатқан 15% сыйақыны заңдастырып берейік, біресе келер жылы 15% қосамыз, ал тағы 5% жалақыға индексация жаңа жылдан жасаймыз дейді. Бірақ біз келіспей отырмыз, жалақыны 35% пайызға көтерсін, Наурыз, Тәуелсіздік күні мен Мұнайшылар күні мерекелерінде 20 айлық есептік көрсеткішке тең сыйақы (шамамен 58 мың теңге) берсін деген нақты талап айтамыз, - дейді оператор Серік Оразалиев.

Наразы жұмысшылар Techno Trading LTD мекемесінің "ереуіл басталғалы бері шығынға баттық" деген мәлімдемелеріне күмәнмен қарайды.

– Жұмыс беруші күніне 6 миллион теңге шығынға батып жатырмыз дейді. Демек, соншама пайда көреді деген сөз. Олай болса жұмысы талабын орындауға не кедергі? – дейді Серік Оразалиев.

Жұмысшылар мекемедегі жұмыс беруші ұсынған кәсіподақ басшылығының ереуіл орнына бір де бір рет келмегенін алға тартып, талапқа қол жеткізгеннен кейін айналысатын алғашқы шаруа тәуелсіз кәсіподақ болады деп отыр.

Азаттық тілшісі Techno Trading LTD компаниясының өкілі Нұрсәуле Борановаға қоңырау шалғанмен телефон тұтқасын көтермеді. Бұған дейін компания өкілі өзінің тапсырыс берушісі "Маңғыстаумұнайгаздың" 2008 жылдан бері тарифті көтермей келе жатқанын алға тартқан. Оның сөзінше, компания басшылығы Techno Trading’ті әлеуметтік маңызы бар компаниялар тізіміне қосуды сұрап, "Қазмұнайгазға" да, "Маңғыстаумұнайгазға" да, "Самұрық Қазына" әл-ауқат қорына да хат жолдаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жұмысшылар "қудаландық" деп шағымданады

Тechno Trading мекемесі "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының Жетібай, Қаламқас мұнай кен орындарындағы жабдықтарын жөндеумен айналысады. Мұндағы жалақыға қатысты дау 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Ең ірі жұмысшылар наразылығы 2016 жылы наурыз-сәуір айларында өткен. 2016 жылғы қазанда Маңғыстау облысы әкімдігі жұмыс беруші мен кәсіподақ қатысқан үшжақты келісім комиссиясын өткізіп, жұмысшылар талабын орындауға келіскен. Кейін бұл талап орындалмады деп наразылық білдірген жұмысшылар 2017 жылғы қаңтар айында аштық жариялаған еді. Компания ондаған жұмысшыны жұмыстан шығарған болатын.

Бір күн бұрын Жетібайда жарты айдан астам уақытқа созылған West Oil Software компаниясы жұмысшыларының ереуілі тоқтаған. Жұмысшылар талаптары ішінара орындалғанын, кәсіподақ мәселесі бойынша сотқа жүгінетінін айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жетібайда West Oil Software жұмысшыларының ереуілі  тоқтады