Қытай компартиясы Си Цзиньпинді Мао Цзэдун және Дэн Сяопинмен қатар қоятын резолюция қабылдады

Қытай коммунистік партиясы орталық комитетінің жиыны үлкен экраннан көрсетіліп жатыр. 11 қараша 2021 жыл.

Қытай коммунистік партиясының орталық комитеті партияның жүз жылдағы жетістіктері мен даму бағыты жөнінде резолюция қабылдады. Британдық BBC сайты "Құжат қазіргі басшы Си Цзиньпиннің Қытай тарихындағы рөлін бекітуге бағытталған" деп жазды.

Қарарда қазіргі басшы Си Цзиньпиннің рөлі мен "қытай ұлтын жаңғыртудағы" шешуші үлесі ашық көрсетілген, деп жазды The New York Times басылымы. Резолюция партия, армия мен халықты Қытай компартиясы төңірігенде жұмыла бірігуге үндейді.

Қытайдың қазіргі заманғы тарихында мұндай құжат бұған дейін екі-ақ рет таныстырылған: алғашқысын 1945 жылы – Мао Цзэдун, екіншісін 1981 жылы Дэн Сяопин жасаған. Батыс басылымдарының жазуынша, құжат іс жүзінде Си Цзиньпиннің өкілетін ұзартуға негіз береді және оны партия негізін қалаушылары Мао Цзэдун және Дэн Сяопинмен қатар қояды.

Си Цзиньпин 2013 жылы наурыз айында ҚХР төрағасы болып сайланған. 2018 жылы наурызда екінші бесжылдыққа басшы ретінде бекітілді.

2018 жылы ақпанда Қытай компартиясының орталық комитеті Конституциядан президент пен вице-президент үшін өкілеттік мерзім бойынша шектеуді алып тастауды ұсынған. Бір айдан соң шешім Жалпықытайлық жиында мақұлданды.

Бұл реформа іс жүзінде Си Цзиньпинге билікте шексіз қалуына мүмкіндік береді. Сарапшылар Қытайдың қазіргі жетекшісі кемі 2027 жылға дейін Қытайды басқара береді деп санайды.

Си Цзиньпин билігі жемқорлыққа қарсы жаппай күресімен, Шыңжаңдағы, Тибет пен Гонконгтағы қуғын-сүргін саясатымен, халықаралық мәселелерде тым бірбеткейлігімен танылған. Ол өзіне айтылған сыни ой-пікірді басып тастау, бәсекелестерін түрлі тәсілдермен ығыстыру жолдарын қолдана отырып, жеке басының билігін күшейте түскен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қытай компартиясы Си Цзиньпин билігін нығайта түсетін төрт күндік пленумын бастады "Пекин бізге демократия бере алмайды". Қытай мен Тайвань арасында не болып жатыр?"Жұмсақ күш" пе, әлде "өріс кеңейту" ме? Қытайдың бас газетінің сайты қазақ тілінде шыға бастадыҚытай мектеп пен университет бағдарламасына "Си Цзиньпиннің ойлары" пәнін енгіздіКомпартияның жүз жылдық тойында Пекин өзгеге ықпалы артқанын айтып мақтанды