Тоқаев: 540 мың адамның кемі 90 күн төленбеген несиесі бар, банкке 354 млрд теңге қарыз

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда 540 мың адамның кемінде 90 күн төленбеген несиесі бар, олар банкке 354 млрд теңге қарыз. 16 қарашада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді.

Ол қыркүйек айында бес адамның өмірін қиған "қоғамды дүр сілкіндірген" Ақбұлақтағы атыс туралы пікірін айтып, "барлық даулы мәселелер заң аясында шешілуі тиіс" деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әрине, ол – қылмыскер, бірақ..." Алматылық "атқышты" жақтаушылардың уәжі не?

"Ешнәрсе де бұл қылмысты ақтай алмайды. Біз құқықтық мемлекетте тұрып жатырмыз. Даулы мәселелердің барлығы қатаң түрде заң аясында шешілуі тиіс. Адамдарды өз бетінше сотқа тартуға ешкімнің құқығы жоқ. Бұл қайғылы оқиға қарыз алушының несие міндеттемелерін орындай алмау мәселесін, баспананы тәркілеу, банктердің кепілдікке алынған жылжымайтын мүлікті дұрыс бағаламауы сияқты мәселелерді жүйелі түрде шешу қажеттігін айқындап берді" деді Тоқаев.

Оның айтуынша, "қаржы секторына зиян келмейтіндей қарыз алушыларды қолдау мақсатында салмақты шаралар қабылдау керек".

"Екінші деңгейлі банктердің кепілге алу саясатын жұмсарту қажет, бағалау қызметін реттеуді күшейту керек. Қарыз алушының күштеу шаралары қолданылмай тұрып үш ай ішінде кепілге алынған мүлікті өз бетінше сату құқығы болуы керек. Одан бөлек, атқару өндірісі аясында оған қосымша үш ай берілуі тиіс. Егер кешіктірілген қарыз көлемі бағалау құнының 15 пайызынан аспаса және кешіктіру мерзімі алты айға жетпесе, кепілге алынған мүлікке салынатын айыппұлды шектеу керек" деді Тоқаев.

Оның айтуынша, егер кепілге алынған мүлікті сату кезінде оның құны негізгі қарызды өтемесе, онда қалған қарыз кешірілуі тиіс. Бұл кірісі ең төменгі жалақыдан екі есе аспайтын, басқа мүлкі жоқ азаматтарға қатысты.

"Аукциондардың да ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету керек. Аукционға шығарылған кепілге алынған жылжымайтын мүлік оның бағалау құнынан 75 пайыздан арзанға сатылмауы тиіс" деді Тоқаев. Ол мұндай саудаға тараптар мен оларға қатысы бар азаматтарды жібермеу қажеттігін де атап өтті.

Тоқаев сонымен бірге бағалау компаниялары мен қызметкерлеріне де талапты күшейту қажеттігін алға тартты. Атап айтқанда, олардың кемінде үш жыл тәжірибесі болуы керек және үш жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтуі тиіс. Президент сонымен бірге бағалаушыларды есеп беруге міндеттеу қажеттігін, сенімсіз бағалаушылар реестрін құруды ұсынды.

20 қыркүйекте Алматы түбіндегі Ақбұлақ ықшамауданында Игорь Дужнов есімді ер адам үйден шығару туралы сот шешімін орындатуға келген сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторлары мен төтенше жағдай департаменті қызметкерлеріне оқ атқан. Атыстан бес адам - екі полиция қызметкері, бір сот орындаушы және үйдің жаңа иесі мен оның досы қаза болған. Оқиғаға байланысты "Адам өлтіру" және "Билік өкіліне күш қолдану" бабы бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.

Бұл оқиғадан соң елде екінші деңгейдегі банктердің жоғары пайыздық мөлшерлемесі, азаматтарды жалғыз баспанадан айыру, әділетсіз сот шешімдері сияқты мәселелер қайта көтерілді.

Қарай отырыңыз: Бес адам қаза болған атыстың анық-қанығы(21 қыркүйек 2021 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

Бес адам қаза болған атыстың анық-қанығы