10 желтоқсанда Алматыда Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросында Жаңаөзен оқиғасы туралы деректі фильм көрсетілді. Биыл бұл оқиғаға он жыл толады. Фильм авторы – белсенді Жанболат Мамай. Фильмде оқиға куәгерлері 2011 жылы Жаңаөзенде болған қантөгісті еске алады.
– Жаңаөзен оқиғасына қатысқан барлық азаматтардан сұхбат алуға тырыстық. Ұзын саны 20-дан астам адамнан сұхбат алдық. Олардың барлығы фильмге кірді деп айта алмаймыз. Бірақ негізінен жараланғандар, оқ тигендер, сотталғандар қалай болды, не болды, соның бәрін айтып берді, – деді фильмді таныстырған Жанболат Мамай.
Оның айтуынша, аталған туынды 11 желтоқсаннан бастап Youtube және өзге әлеуметтік желілерге жүктеліп, көрерменге жол тартады.
Жанболат Мамайдың сөзіне қарағанда, бұған дейін екі қонақ үйі мен бір мейрамхана фильмді көрсетуден бас тартқан. Солардың бірі "Астана" қонақ үйі 9 желтоқсанда ұйымдастырушыларға хабарлама жіберіп, шараны өткізе алмайтынын айтқан. Қонақ үй әкімшілігінің түсіндіруінше, Ресейде "Омикрон" штамының таралуына байланысты Алматыда науқастарға қосымша орындар әзірлене бастаған, соның салдарынан қонақ үй стационарға айналуы мүмкін.
Бюрода өткен жиынға шамамен 25 адам қатысты.
2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, Жаңаөзен оқиғасы кезінде 17 адам көз жұмған. Ондаған адам жараланған.
Бірнеше жыл бұрын ереуілшілерге заңсыз оқ атқаны үшін полицияның бес офицері бес жылдан жеті жылға дейін түрме жазасына кесілген. Ал ереуіл бойынша "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылған 37 адамның 13-і үш пен жеті жыл аралығында сотталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.
Жаңаөзен қырғынына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша сотталғандардың барлығы кейін бостандыққа шықты. Кейбір қоғамдық белсенділер мен Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмады деп санайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Назарбаев Жаңаөзен оқиғасына Әблязовты кінәлады"Полицейлерге мұнайшыларды атуға мен бұйрық бердім бе?" Әблязов Назарбаевтың айыптауына жауап берді"Өзге жағымды жаңалықтар бар". Маңғыстау әкімі Жаңаөзен оқиғасын қайта-қайта еске түсірмеуді меңзедіЖаңаөзен жайлы 7 хикая, 1986 жаңғырығы, елден көшкен жастар және Ресей "сыйлығы"Рысбек Сәрсенбай: «Жаңаөзен оқиғасы үшін билік жауапты»