10 желтоқсанда әлемде Адам құқығы күні аталып өткен шақта Атыраудағы Исатай-Махамбет атындағы орталық алаңда азаматтық белсенді Макс Боқаев саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізді.
Оны қолдауға жергілікті белсенділер Оққиза Махамбетова, Балсұлу Құсайынова және бірнеше адам келген. Ал Серік Өтепқалиев пен тағы бірнеше белсендіні полиция үйінен шығармаған.
Пикет шамамен бір сағатқа созылды.
Макс Боқаевтың өзі пикет туралы ешқайда ескерту жасамағанын, себебі рұқсат бермейтінін білетінін айтты. Ол өзінің де «саяси тұтқындар» қатарында болғанын еске салды.
– Адам құқығы өте маңызды, ол Қазақстанда сақталмайды. Осыдан сегіз жыл бұрын елде 5-8 саяси тұтқын болып еді, қазір елу шақты (жергілікті құқық қорғаушылардың есебінше қазір 12 саяси тұтқын бар, белсенді бұл жерде бұған дейін босатылған адамдарды да айтып отыр - ред.) саналады. Бұрын саясатқа қатысы барларды қудаласа, қазір сапалы медициналық көмек сұрап шықса да, баспана мәселесін қозғаса да қудалайды. Сол себепті пикетке шығып, қамаудағы саяси тұтқындарды босатуды талап еттім, - деді ол Азаттыққа.
Боқаевтың айтуынша, құқық қорғау өкілдері оған ешқандай ескерту айтпаған, тек алыстан бірнеше полиция қызметкері бақылап тұрған. Ол Атырау облысында биыл бірнеше азаматтық белсенді пикетке шығуға, митинг өткізуге рұқсат сұрап ала алмағанын айтты.
2016 жылы Жер митингілерінен кейін бес жылға сотталып, биыл ақпанда жазасын өтеп шыққан Боқаевқа полиция алаңға барып, қоғамдық мәселелерді талқылауға; кешкі оннан таңғы алтыға дейін үйінен шығуға; полицияның рұқсатынсыз қаладан шығуға тыйым салған еді. Бұған қоса үш жыл әкімшілік қадағалау тағайындалып, БАҚ құралдарына сұхбат беруге де тыйым салынған. Белсенді бұл шектеуге апелляциялық шағым түсіргенімен, Атырау облыстық соты қанағаттандырмаған.
Макс Боқаев үйден кешке шықпау, тұрақты мекен жайын айту тәрізді талаптарға бағынатынын, бірақ алаңға шығып, пикет, митинг өткізуден, қатысудан бас тарта алмайтынын айтты.
– Менімен сөйлесуге офицерлер келіп тұрады. Олардың заңдық білімі бар. Мен шерулер, пикет, митингінің заңмен рұқсат етілгені, оған қатысуға құқым бар екенін айттым. Ары қарай қандай шара қолданады, өзі біледі, - дейді ол.
Қазақстанда құқық қорғаушылардың есебінше соңғы бірнеше жылда 500-ден астам адам саяси себеппен қудаланған. Тамыз бен қараша айы аралығында ғана олардың саны 22 болған.
Белсенділердің басым бөлігі 405-бап ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу немесе қатысу") бойынша айыпталған. Бұл айыптар Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйымдар" деп таныған, бірақ Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше қозғалысымен" байланысты. Қазір белсенділердің кейбірі түрмеде, кейбірінің бостандығы шектелген. Оларға саяси-қоғамдық жұмыспен айналысуына тыйым салынған.
Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін адам құқығын шектемеуге, белсенділерді қудаламауға шақырып келеді. Осы аптада Еуропарламент Қазақстан үкіметінің адам құқығының жай-күйін жақсарту уәдесі сөз күйінде қалып қойды деп сынаған. Еуропарламенттің шағын комитеті өткізген тыңдауда еуропалық саясаткерлер мен құқық қорғаушылар Қазақстанда саяси тұтқын деп танылғандар тізімі үнемі толығатынын, Нұр-Сұлтанға сөзден іске көшетін уақыт жеткенін айтқан.
Нұр-Сұлтан елде саяси қудалау барын мойындамайды және халықаралық ұйымдар мен өкілдіктерінің сынына реакция білдірмеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Құрғақ уәде емес, нақты іс керек". Еуропарламентте Қазақстанды тағы да сынады